Болашақта есепші мамандығы болмайды – Еңбек министрлігі

736

0

Елімізде электронды еңбек биржасына сараптама жүргізіліп тұрады. Әр мамандық әртүрлі уақытта сұранысқа ие болады. Мысалы, жыл басында құрылысшыларға, қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс көп болса, қазір маусымдық кезең болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласында жұмысшылар тапшылығы байқалады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында дәрігерлер, онлайн форматта жұмыс істейтін ІТ-мамандар аз. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, еңбек нарығындағы сұранысқа байланысты оқыту курстары ұйымдастырылатын болады.

«Қажетті мамандықтар атласы жасалды. Бүгінде елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де өзгерістер болып жатыр. Себебі, еңбек нарығы өте жылжымалы, жаһандану бар, көп жерлерде шекара жоқ, отандастарымыз шетелге барып жұмыс істеуде, бізге де шетелден келіп жатыр, пандемия кезінде шекара жабылғандықтан олардың саны азайды. Бірақ болашақта мұндай процестер болады. Болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайды, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, осының бәріне сараптама жүргізілді», – деді Е.Біржанов.

Оның айтуынша, қазір цифрлық технология бойынша жаңа мамандықтар шығып жатыр. Ал есепшілер, еңбекақы санайтындар жойылып бара жатқан мамандыққа жатады. Өйткені, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, бұл жұмыс орындары қысқарып, бәрі автоматтандырылады. Бұл ведомство өкілі қазір жастарға сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуға кеңес берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<