Болашақтың кілті – білімдінің қолында

872

0

Ақпараттандыру технологиясы дамыған уақытта жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді. Осы бағытта Жаңақорған ауданындағы тірек мектепке айналған №286 орта мектеп цифрлық білім беру жүйесіне толықтай қосылды. Өткен апта соңында мұнда «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбында облыстық әдістемелік-тәжірибелік семинар өтті.

Фойеде осы мектептің ғылымға, технологияға, заманауи техникаға қызыққан, талантты оқушылары алғашқы туындыларын таныстырды. «Пәндерге кіріктіру арқылы сыни ойлау мен цифрлық сауаттылықты қалыптастыруға арналған қауіпсіз STEAM жобасы» шеберлік сағатында робототехника үйірмесінің қатысушылары, химия-биология пәнінің үздіктері, бастауыш сынып оқушыларының қоршаған орта және табиғат тақырыбындағы зерттеу жұмысы көрермендерді таңғалдырды. «Ұлттық құндылық шаңырағы» ұстаздар бұрышын таныстырған Гүлзада Искакованың жанашырлығын көрген көпшілік тәнті болды. Мектептің күнделікті өмірінен сыр шертіп, білім көкжиегіндегі тынымсыз тіршілікті көрсететін «Тірек мектеп тынысы» журналының тұсаукесері өтті. «Жас маман» мектебінің ашылу салтанатында осы мектептегі 25 жас маманнан құралған би тобы өнер көрсетті.

Семинардың екінші кезеңінде география пәнінің мұғалімі Сабира Зейдалиеваның «Қолайсыз атмасфералық құбылыстар» тақырыбындағы сабағы, Мәдина Сәндібектің ағылшын тіліндегі эксперименттік сабағы, Анар Рүстемованың «Ақша бар жерде білімнің қажеті жоқ деп есептеймін» тақырыбын тарқатқан дебаты, Дулат Батыровтың «Жапырақтар құрылысы және қызметі» үлгілі сабағы, физика кабинетіндегі Айгүл Садырқызының қызықты сабағынан заманауи білім берудің озық үлгісі туралы толымды ой түйген қонақтар жоғары бағасын берді.

Ал семинардың үшінші кезеңінде Есжан Сейдеметовтің үйірме сабағы, «Геометриялық интерпретация» үйірмесінің жетекшісі Мадияр Әбенұлының топтық жұмысы, Салтанат Шерімованың «Бабалар аманатына адалдық – ұрпақ парызы» атты қойылымы қызықты болды. Қорытынды кезеңде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Сәкен Кәрбозұлы жылы лебізін білдірді.

– Қазіргі қоғамда табысты ұлт идеясы мектеп қабырғасынан бастау алуда, яғни әр бала келешекте өз жолын, өз ұстанымын қалыптастыруды мектепте бастайды. Осындай жауапкершілік жүгін көтеріп, заманауи білім берудің озық іс-тәжірибесін бөліскен мектептің алға қойған ірі ісін, үлкен мақсатын, бағындырған белесін көріп тұрмыз. Әрі жас мамандардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуына жол ашып, арнайы мектеп ұйымдастыруы – ұтымды шешім. Мамандардың ең сапалысын іріктеп, олардың мүмкіндіктерін қолдана отырып, тәрбиеленуші ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп отырған мектеп директоры Ләззат Машбекқызының жұмысына ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев бұл мектептің потенциалына тоқталып, өз ісінің үздіктері топтасқанын ерекше атап өтті. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мәдина Бақытбекқызы мен математика пәнінің мұғалімі Мадияр Әбенұлының халықаралық дәрежедегі деңгейін атап өтті. Бірнеше жас маманды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Аймақ ұстаздарының басын қосып, табысты білім берудің заманауи моделін насихаттауға ұйытқы болған тірек мектептің директоры Ләззат Нәлібаева:

– Жалпы білім саласындағы менеджерлер үшін IQ мен EQ өте қажет. Меніңше, әр адамда кәсіпкерлік дағдылар қалыптасуы керек. Оқушыға қандай қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыру керектігін мектеп директоры сараптап отырса, әр баланың жұлдызы жарқырары сөзсіз. Мен осы тұрғыда, өз ұжымымда ең алдымен ұстаздың кәсіби әлеуетіне аса мән беремін. Біздің басты мақсатымыз оқу мен оқытуды қолдау арқылы мектеп әлеуетін қадамды жұмыстармен табысты ету, сол арқылы үздіксіз даму баспалдағымен табысты мектеп моделін құруға бағытталып отыр, – деді.

Жас ұрпақ бойынан интеллектуалды, жан-жақты ойлай алатын ізденімпаздықты танып, тәрбиелеу аса маңызды. Ол үшін ұстаздарға артылар жүк те, жауапкершілік те еселеніп келеді. Осындай семинарлар, тірек мектептердің толық тәжірибесін талдап, ұстаздар ортақ мүдде жолында тоғысса құба-құп болар еді. Ең бастысы, ұстаздардың жаңашылдықты игеріп, техника тілін шәкіртке дұрыс үйрете алса игі. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Ерлан АБДРАСИЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<