А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық өнер фестивалі аясында «Тұран – түркі есігі, Қорқыт – жырдың бесігі» атты концерт өтті.
Өнер – халықтар арасындағы рухани елші. Ал, түркі жұртының болмысымен қатар, өнері де бір-біріне ұқсас. Сондықтан сахнада түркі халықтарына ортақ дәстүрлі музыка өнері салтанат құрды.
Концерт Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметімен» ашылды. Бұдан соң бірнеше елдің өнерпаздары ұлттық әуендерін орындап, өзіндік мәдениетінен хабардар етті. Грузиядан келген «Мдзлевари» ансамблі, сондай-ақ Сербия елінен келген Тлаим Эди, татар халқының «Нұр» ансамблі өнерін ортаға салды. Көрермендер бір сәтте грузиялықтардың рухты қарқынға толы өнерін тыңдап шабыттанса, бірде татарлардың мөлдір лирикаға толы туындысына қол соқты. Өнер кеші туыстас халықтарды біріктіріп, елдің рухани қажетін қамтамасыз ететіні анық. Айталық, татар ұлтының өкілі Расим Илиясов фестиваль түркі халықтары өнерінің қанат жаюына әсер ететін ауқымды жиын екенін айтса, Найм Сагдиев фестиваль шын мәнінде ғалымдар мен айтулы өнерпаздардың басын қосқан нағыз халықаралық жиын болғанын, мұндай шараны басқа елдерде де эстафета түрінде өткізу керегін жеткізді.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<