Болмысы бөлек тұлға

433

0

Фото: автордан

Ол өте сабырлы  жан болатын. Мамандығы да мал дәрігері. Былайша қарасаң әдебиетке еш қатысы жоқ мамандық. Бірақ ол адам жанына үңілуді, оның психологиясына тереңнен зерттегенді қалайтын. Адамға байыппен шарасы кең ойлы көзімен қарайтын Сәкең – Сейтхан аға мен жұмыс істейтін «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясына жиі болмаса да, оқта-текте соғып кететін. Аман-саулық сұрасып болып редакторға жолығуға кіретін. Өйткені оның жергілікті баспасөзбен байланысы бақандай жарты ғасырға созылады Бұл келісінде де, енді шамалы уақытта оның тағы бір  өзіндік мазмұнға толы мақаласы жарық көретіндігін пайымдайтынбыз.

Оның көзімізден тасаланғанып бақилық болғанына да бес жылдың жүзі болыпты.  Оның  жанары жарқырап, саған   саспастан салмақты күйінде баппен сөйлейтін мейірімге толы қоңыр  дауысы әлі құлағымда тұрғандай.  Соңғы рет 2019 жылдың көктемінде бір ағайын асында кездестік. Бейтаптау көрінді. Амандасып аман-саулық сұрастық. Шымкент кентіне көшіп кеткеніне  5-6 жылдың жүзі болған ағай ас соңында өзіне жолығуым керектігін ескертті. Кездестік.

Әңгіме барысында осыдан 7-8 жыл бұрын айтылған, қарт Қаратаудың қойнауындағы Ынтымақ ауылынан шыққан, бұл күндері арамызда жоқ мемлекет және қоғам қайраткері Ідая Мұстафаев, сазгер-күйші, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Тұрлыбеков, шығыстанушы ғалым, Филология ғылымдарының докторы Әбжан Құрышжанов, жазушы Дүкенбай Досжан туралы зерттеу-естелік мақалалар жариялау туралы қайта еске алды. Сөз аяғында өзі шыққан Үсенбаевтар әулетінен шығып бұл күні марқұм болып кеткен медицина ғылымдарының кандидаты Мәмет Исамбайұлы, биология ғылымдарының докторы Әшім Исамбайұлы мен атақты желаяқ КСРО спорт шебері Совет Исамбайұлы, өнертапқыш-байланысшы ұстаз-ғалым, Қазақстан Республикасы «Қазтелеком» ААҚ конструкторлық бөлімінің жетекші маманы  болған Айту Ағатаев туралы жазу керектігін атап өтті.

Сондай – ақ, қазіргі таңда ортамызда жүрген ғалым педагогика ғылымдарының докторы Шәркүл  Таубаева, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлсара Алтынбекқызы, жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов пен Дүниежүзілік дизайнерлер қоғамының мүшесі Ұлбосын Архабаева туралы мақала жазуды тапсырды. Бірақ газет жұмысы, қала берді жеке бас мәселелермен жүріп ойдан шығарып та аласың. Өкінішті-ақ. Жазатын жанға Сол Қаратаудың қойнауынан шығып облыс, аудан басқармаса да ірілі-уақ колхоз басқарған, партия-совет жұмыстарына жегілген ағайынды Исамбай мен Исабай Үсенбаевты, Сақпай Садықбеков, Қожантай Көкпарбаев, Нұртаза Мырзахметов, Сәрсен Сариев, Әбіш Шоқыбаев. Қалдыбек Кеншімбаев, Үсен Сопиев, Нұртай Палымбетов, Еңбек ерлері Сапарбай Сұлтанмұратов, Кәдір Тағаев пен Сердалы Құрымбеков, «Еңбек даңқы» ордендерінің толық иегері Әлиасқар Сұлтанов, 20 жылдай бір бөлімшені басқарған Алтынбек Нұржігітов, мектеп директоры болған Тойлыбай Тұрсынов пен Өтежан Жанпейісов  ұстаздары Сүлеймен Мұстафаев, Мамаш Бакіров пен Мамырай Үсенов секілді аты аталмай ескерусіз қалып жатқан асылдарымыз қаншама. Олардың біразы туралы атүсті мақалалар болмаса толық зерттелгені шамалы –ақ. Осыншама құнды пікір қалдырған ағаның да қайтпастың кемесіне мініп кеткеніне  де бес жылдың жүзіне айналыпты. Енді сол үлкендер туралы жазылар естеліктің бірін оның өзінен – Сейтхан Исабайұлымен жалғастырып отырмын.

Біздің бала кезімізде ауылдан шыққан оқымысты жандар онша көп болған жоқ. Айналасы 10-15 отбасының ғана балалары орта білімнен кейін білімін жетілдіріп жоғарғы оқу орнына түсіп оқыды. Қалғандарының көбісі 7-8 сыныптардан соң тұрмыс тауқыметімен, оқуды одан әрі жалғастырмай, еңбекке араласып кетті.  Орта білім алғандарының көбі кеңшарда  бригадир, бөлімшеде есепші немесе аға жұмысшы  қызметтерін атқарды. Біздің жақсы оқып жоғары білім алуымызға осы Исамбай мен Исабайдың ұрпақтары туралы әкем Қалдыбек пен анам Перузаның айтқан мақтаулары себеп болды деп атасам шындықтан ұзап кете қоймағаным. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұл-қыздарының дерлігі жоғарғы білім алып ғылым жолына түскен отбасылар саусақпен санарлық. Солардың арасында ағайынды Исамбайдың  Мәмет, Әшім, Совет, Исабайдың Сейілхан, Сейтхан мен Медалхан деген балалары ерекше бөлек аталатын. Мәмет пен Әшім сол кезде ақ ғылым саласында аттары шыққан азаматтар еді. Міне соларды бізге ата-анамыз үлгі-өнеге етіп алға тартты. Соданда болар біздің де  отбасымыздағы 4 ұл 3 қыздың алтауы жоғары білім алсақ, үлкен әпкем Несіпкүл ғана арнаулы орта оқу орнын бітірді. Иә, біздің ата-аналарымыз  ұрпағына қалай жол көрсетуді білген. 

Бірді айтып отырып басқа арнаға түсіп кете береміз. Өзіміздің негізгі мақаламызға оралайын. Сейітхан аға соғыстың қайнап тұрған кезінде 1944 жылдың 12 ақпанында қарт Қаратаудың қойнауының жазыққа ұласар тұсында орналасқан «Қосүйеңкі»  колхозының басқармасы Исабайдың отбасында бесінші перзенті болып дүниеге келді. 1952 жылы алғаш майда колхоздар біріккен кезде «Ынтымақ», «Қосүйеңкі», «Талдысу» колхоздары бірігіп «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы совхоз құрылады. Осы кезде әкесі Исабай Қауықтағы ірі қара бөлімшесінің басқарушысы  қызметіне ауысады да бастауышты Ынтымақта бастаған  Сейтхан енді оқуын Аққұм бастауыш мектебінде жалғастырады. Мұнда оған сол кездегі мықты ұстаздар қатарынан орын алған білікті ұстаз Досыман Ахметов сабақ беріп, оның қолынан білім нәріне одан әрі сусындайды. Кейін мектепті Қосүйеңкідегі сегізжылдықта  жалғастырып, 9, 10, 11 сыныпты аудан орталығы Жаңақорғандағы №51 орта мектептен орта білім алып шығады. «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» дегендей алдыңғы толқын ағаларының ізін қуған Сейтхан да құжатын арқалап Алматыға тартыпты. Талапкер бозбала мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тапсырып 1961 жылдың қыркүйегін Алматы зоветеринариялық инститының табалдырығын студент болып аттайды. Оның оқуға деген ынта жігерін ару астана Алматының әсемдігі мен сұлу табиғаты, қызығы мен шыжығы көп студенттік  орта үйіріп кетті. 

Бұл кезең Кеңес Армиясындағы тоқырау кезеңіне тұспа тұс келді. 1941-1945 жылдар аралығында өткен Ұлы Отан соғысының зардабынан дұшпан окупациялап алған жерлерде бала туу деңгейі өте төменгі дәрежеде болды. Мұның өзі 18 жаста әскер қатарына шақырылатын контигенттерге кері әсерін тигізді. Елдің қауіпсіздігін сақтау мен қарулы күштерді үнемі даяр ұстау міндетіне байланысты әскер санын кемітуге болмайтын. Соның салдарынан  алпысыншы жылдардың басынан жоғарғы оқу орындарының студенттерін әскер қатарына алу қатаң жүргізілді. 1963 жылдың күзінде Сейтхан да әскер қатарына шақырылып, 1966 жылдың қара күзіне дейін Томск қаласы маңында әскери борышын өтейді.   Әскердегі өмірі туралы бір сөз қозғалғанда Сәкеңнің:

 – Ерубай, білесің бе, шынымды айтар болсам, мен әскерде болғаныма өкінбеймін. Ауылдық жерде өскен мен секілді орысшасы аз ауыл баласына институттағы сабақтарды оқып түсіну қиын болатын. Барлық сабақ орыс тілінде, көп сөздің қазақша- орысша баламасын білмей қиналатынмын. Мен осы әскер сапында жүріп, қасымдағы солдаттар мен офицерлерден орысшаны  көп үйрендім. Мұның үстіне әскери бөлімде қазақтар саусақпен санарлық қана. 1967 оқуымды қайта жалғастырғанда 1-2 курстағыдай емес, сабақ үлгерімім әлдеқайда жақсарып оқуым жеңіл болды. Оның үстіне әскери өмір де адамды шынықтырып, ширатып есейтеді, – дегені есімде. Шын мәнінде де солай. Әскер қатарында өзіміз де осы жолдан өттік.    

1970 жылдың басында Сейтхан Батыс Қазақстанның ару қызы болашақ ұстаз Хапиза Насырқызына үйленеді. Сол жылы екеуі де институтты бітіріп арнайы жолдамамен  Қостанай облысына Жетіқара ауданындағы негізінен қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысатын  «Покровка» кеңшарында  мал дәрігері болып Сейтхан еңбек жолын сонда бастайды. Ол мұнда мал тұқымын асылдандырумен айналысатын жетекші ғалым- селлекционер малдәрігерлерінен  көп нәрсе үйренеді.  Арада бірнеше ай өткесін кеңшар басшыларының келісімімен елге көшеді. Туған топырағына оралған Сейтхан 1971 жылдың басында «Төменарық» кеңшарына алғашқыда қатардағы мал дәрігері болып орналасады. Міне осы кезеңнен Сейтханның қиын да жауапты қызмет жолы басталып, осында маман ретінде қалыптасып, билік баспалдағына жол ашылды. Еңбекшіл де жаңалыққа жаны құмар жас маман қай кезде болмасын малшылардың қалаулы жандарының біріне айналды. Айналысқан шаруасын бір жақты етіп бітірмей жаны жай таппайтын Сәкең, кеңшар директоры Әбутәліп Алтыбаевтың да көңілінен шыға білді. «Жас келсе – іске» демекші оған жас маманның тиянақтылығы, баз бір мамандардай өзім білемінге салып өрекпімей мәселені оңынан шешетіндігі мен қарапайымдылығы ұнады.  Ол аға дәрігер болып қызмет еткен жылдары мал өлімі азайып,  өсірілуге қалдырылған төл саны артты. Бұған дейін мұндай жоғарғы көрсеткішке қол жетпей келген еді.  1973 жылы кеңшар мен аудан басшылығы жас маманның талпыныстары мен жеткен жетістіктерін    саралай келіп «Коммунизм» бөлімшесіне (қазіргі Қожамберді ауылдық округіне) меңгеруші етіп тағайындады. Осындағы өткізген бес жыл туралы,  сондағы өмір жолына қайта зердеге салған Сәкең:

 – Алғашқы еңбек жолымнан бастап міндетін адалдықпен атқаратын шаруалар мен еңбекшілердің арасына түстім. Адами қасиеттері жоғары, жандүниесі бай, еңбекке ынта жігерімен берілген жандарды, малшылар мен қарапайым жұмысшы-қызметкерлер арасынан көптеп кездестірдім. Сексеннен жасы асса да «тұғырынан түспеген» бүкіл саналы ғұмырында ат үстінен түспей қой баққан, шаруашылықтың қыр-сырын, «малдың қырық қайыруын»  түгел білетін  нар тұлғалы Ленин орденді Тұрлыбек Құлыбаев, тәжірибелі де өнегелі шопандар Еңбек Ері Орынбай Бидашев, Сәулебек Құдияров,Оспан Тормановты, Жартыбай Бекішев, бөлімше меңгерушісі Өскен Битабаров, бригадир Ақбай Жұрқабаевтың адал да ерен еңбектері кімге де болса үлгі боларлық еді. Әсіресе, білікті маман,Қазақстанға еңбегі сіңген малдәрігері, Ленин орденді, «Төменарық» совхозын ұзақ жылдар басқарған Әбутәліп  Алтыбаев пен бас малдәрігері  Әлаудин Үсейіновтің орыны бөлек, – деген аға қос әріптесін сағына еске алып, – олардан үйренгендерім көп болды. Мұның өзі кейін аудандық ветстанцияда, аумақтық басқармада басшылық қызметте  жұмыс істеген кездерімде көп көмектесті. Шынын айтуым керек мен  осы арада маман ретінде қалыптастым.     

 Болмысы бөлек ол, қай бір істе болмасын әлдебір мамандардай жалған көрсеткішке жұмыс істемейтін. Қайта кетіп жатқан кемшіліктер болса, соның түбірін тауып жөндеуді қоштайтын. Оның осындай өз мамандығына деген  адалдығы мен турашылдығы  сол кездегі аудандық ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылығының асқан білгірі, ауданның қалыптасуына еңбегі сіңген қайраткер Зұлпыхар Мұсахановтың көңілінен шығып, оны  аудандық ветеринариялық станцияның бас мал дәрігері әрі аудандық  ауылшаруашылық бөлімі бас малдәрігерінің  орынбасары етіп ауысуына ықпал етті. Ізденімпаз жас маман басшылық сенімін ақтады. Ол білмейтіндерін аға буын мал дәрігерлерінен ғылыми негізде мал ауруын анықтауды ал байырғы малшылардан қазақы емдеу тісілдерін үйреніп, осы үйренгендерінің оң-терісін зерделеп тиімдісін мал емдеуге қолданды. Нәтижесінде мал шығыны азайып, жыл сайын малбасы артты. Кеңестік дәуірдің соңғы жылдары  ауданда уақ малдың саны 256 мыңнан асса, ірі  қара  мен жылқы, түйе саны да артқанының куәсі болдық.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы аудандық агроөндірістік бірлестігінің бас малдәрігері  болып тағайындалған Сәкең, 1999 жылдың күзінен 2007 жылы зейнет демалысына шыққанша ветеринария саласының реформалануына орай Ауылшаруашылығы министрлігінің аудандық аумақтық басқармасының мемлекеттік бас ветинспекторы қызметін атқарып келді. Сәкеңен ұзақ жылдар үзеңгілес жұмыс істеген еңбек ардагері Құрбанай Майлыбаев сол кездер туралы былай дейді:            

– Мен ол кезде аудандық өсімдік қорғау мекемесін басқаратынмын. 1999 жылдың қазан айында аудандық ветеринариялық станция мен өсімдік қорғау мекемесі біріктіріліп аудандық аумақтық басқарма құрылды да оған Қажмұхан Сопыбеков басшы болып келді. Сәкең басқармада сол бұрынғы лауазымымен қызмет атқара берді. Жарты жыл өткенде  басқармаға орынбасарлық штат берілді. Сонда Сәкеңнің өзі маған келіп: – Құрбанай мына орынға сен лайықтысың, құжаттарыңды комиссияға ұсын деп ұсыныс  айтты. Сіздің жасыңыз үлкен ғой, тәжрибеңіз де жетерлік дегенімде, – Көп сөзді қой, мен енді 7 жылда зейнетке шығамын. Сен болсаң әлі 16-17 жыл еңбек етесің, – деп қоярда қоймай құжаттарымды апарып өзі өткізді. Сәкеңмен қызмет еткен осы бір жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды десем артық айтқандық емес. Одан көп үйрендім. Өз мамандығым агроном бола тұра арада 3-4 жыл өткенде мен де, малда болатын  ауру түрлері және оны қандай жолмен емдеу керектігі жөнінде тәп-тәуір мағлұматым болды. Сәкеңнің арқасында мемлекет тарапынан тегін вакцинация жасалатын 16 түрлі төрт түлікке аса қауіпті ауру түрін біліп, оған қанша мөлшерде дәрі керектігін Сәкеңнің айтуымен үйреніп алдым. Бірнеше рет осы дәрілерге байланысты жоғарғы орындардың алдына мәселе көтеріп оны қорғап шықтым. Мұның бәрі сол Сәкеңнің үйретуінің арқасы дер едім. Ол ветеринария туралы кітаптарды кітапханадан, біразын арнайы тапсырыспен ғылыми зерттеу институттарынан алдыратын. Оның өз мамандығына орай көп оқып ізденгенінің  нәтижесі сол жылдары айқын көрінді. Сейтхан аға тоқырау жылдарғы мал басының күрт кеміп кетуі мен төрт түлік мал ауруларының өршуін тоқтатуға байланысты жергілікті жерлерде мал дәрігерлерінің  ықпалын күшейтуге атсалысты.

Осы арада Сәкеңнің мына бір ерекше қасиетін  атап өткенді орынды деп есептеймін. Сәкеңде қызғаныш немесе көреалмаушылық деген жаман қасиет болған емес. Ол әрбір қызметкердің өз мамандығының білгірі болуына ықпал етті, бар білгенін қызғанбайтын, оларға үйретіп бақты, онысы нәтижесіз болған жоқ. Нәтижесінде сол мамандар өз тұрғылықты жерлерінде айтулы маман болды. Өкінішке орай олардың дерлігі  бұл күні  арамызда жоқ, барлары зейнеткер. Ал қазіргі мамандар мен басшыларда мұндай жақсы қасиет кемде кем,  жоқ деп айту артықтау болар, дегенмен оларда бес саусақтан аспайды. Не өздері білмейді, ал білгендері білмейтіндерге үйретпейді. Әйтпесе осы кентте тұратын Пернехан Раев деген зейнеткер мал дәрігері бар, қолынан малға ота жасау келеді. Биылғы жылы да ол бір қара малға ота жасап, аман алып қалды. Өкініштісі сол, қазіргі мамандар соны үйренуге енжар.

Ауылдық округ әкімдігіне мал дәрігері штаты берілгенде ол орынға кездейсоқ біреудің емес, нағыз маманның тағайындалуына ықпал етті және солай істетті де. Реті келіп тұрғанда айтқан орынды. Сәрсен Жүсіпбековті Төменарық, Ерсұлтан Әпетовты Қожакент, Әкім Әшірбековті  Келінтөбе, Тастемір Сазанбековті Өзгент, Жарылқасын Төлеуовті Кейден ауылдық округіне, Әбдрашит Жәуеновті Жаңақорған орталық базарына және өзге де ондаған маманды тәжірибесінің аздығына қарамастан оларды қызметке тағайындатты, өзі оларға үйретті, іс жүзінде істеп көрсетті. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген халық даналығы  бар. Сәкең аудан мал дәрігерлерінің шын мәнінде  ұстазы бола білді.  Сол жігіттердің 80 пайызынан астамы кейін білікті маман болып шықты. Солардың бірі Ерсұлтан Әпетов кейін аудандық, облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау басқармасының басшысы болса, 2021 жылдан бері көршілес Шиелі ауданы әкімінің орынбасары. Ауданымызда түрлі басшылықта жүрген және болған Нұрлан Беркімбаев, Марат Қазыбаев, Ақдәулет Нұртазаев секілді азаматтар Сәкеңнің тәрбиесін алған шәкірттері, – дейді біз кездескен оның бұрынғы әріптестері.

Сәкең жұмысқа келгенде өте принципшіл еді. Кейбір малдәрігерлерінің малдан қан алуда  көзбояушылыққа жол бергенін байқап қалып оларды дер кезінде тәртіпке шақыратын. Малдан алынған қанның тиісті арнаулы ыдысқа дұрыс сақталуын қатаң бақылайтынын айтады олар. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік Сейтхан ағаны біржақты алып кеткен жоқ. Ол берекелі де тату отбасының ұстыны бола білді. Жүрек қалауымен қосылған абзал жары Хапиза Насырқызы екеуі  2 ұл мен 2 қыз өсіріп тәрбиелеп, олардан 12 немере сүйді.  Ол балалары мен қыздарын тәрбиелі етіп өсіріп, олардың келешекте мамандық алуларына ықпал етті. Ұлдары мемлекеттік деңгейде қызметте болса, қыздары ана жолын қуып ұстаздық еткен қазақ тілі мен әдебиеті  мамандары, жоғарғы оқу орындарында  сабақ береді. Былайғы жұртқа өзгешелеу көрінетін Сәкең сол ірілігіне қарамастан өте балажан еді, – дейді оның туған інісі Батырхан Исабайұлы.

– Ағам тек өз балаларын ғана жақсы көріп қойған жоқ, барша бауырларының ұл-қыздарын бірінен-бірін ажыратпай түгел жақсы көрді. Күнделікті бәріміздің үйімізге телефон шалып балалардың хал-жағдайын сұрап отыратын. Егер біреуі ауырып қалса сол үйге барып, баланың жағдайын өзі көріп дәрігерлермен сөйлесіп, толық мән-жайға қанығатын. Ағам сонымен қатар әдеби және тарихи кітаптарды көп оқитын сол кітап туралы өз пікірін білдіріп отыратын.

Сәкең тек кітап оқумен шектелмей шығармашылықпен айналысатын жандармен де достық қарым-қатынаста болыпты, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге де өзіндік пайыммен қарап, бүкіл болмысымен зерделей білді.  Оның денесі қанша ірі болса жүрегі соншама нәзік болды. Ол қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді бар болмысымен қабылдайтын.   Оның жергілікті ақын Дінислам Доскелдіұлымен, атақты ақын Мұхтар Шахановпен, сатирик Көпен Әмірбекпен, жазушы жерлес-құрдасы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай  Нұрмағанбетовпен, дарынды ғалым, филология ғылымдарының докторы, тюрколог, Орхон–Енесей және қына жазуы мен шағатай тілдерін  зерттеуші Әбжан Құрышжановпен арадағы достық-шығармашылық байланысын  кімге де болса мақтана айтуға тұрарлық дүние. Әсіресе оның Әбжан Құрышжановтың 80 жасқа толуына орай ауданымызда өткен ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы  көпшілік көңілінен шыққандығын ерекше атап айту өзімнің азаматтық парызым да. Мұның үстіне заман ағымымен қоғамдағы қалыптасып отырған жағдайлар туралы оның қаламынан шыққан «Ұят деген немене?..», «Қандай музыка тыңдайсыз?..», «Біз су қадірін білеміз бе?..», «Дайындық қалай шаруа?»,  «Ғалымға құрмет», атты проблемалық мақалаларымен «Керек кәсіп қайда бар ?» атты ойтамызығы мен «Айтайын дегенім», «Нәрлі әңгіме туралы», «Қазақ тұтқыны», «Ауыл анасы атанған», тағы басқа да көңіл пернесін дір еткізіп еріксіз назарыңды аударатын шығармашылық дүниелерінің құндылығы жоғары.

Әттең енді Сәкеңдей-Сейтхан ағадай тек өз мамандығын сүйетін жан ғана емес шығармашылықпен айналысып, айналасына мейірім-шуағын  төгіп тұратын жанның арамызға қайта оралмайтыны өкінішті.

Иә, биыл көзі тірі болғанда Сейтхан аға 80 жасқа толар еді.                                                                                                               

Ерубай ҚАЛДЫБЕК

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жаңақорған ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<