«Брендке бір қадам» – бірегей жоба

199

0

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Анаға тағзым» орталығында «Brendke bir qadam» тақырыбында республикалық форум өтті. Форумда Сыр өңіріндегі креативті индустрия саласының дамуы мен жұмыс бағыты, креативті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар, алдағы жоспарлар талқыланды.

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева,  «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов,  «Атамекен» ҰКП Қызылорда облысы кәсіпкерлік палатасының директоры Пірмұхамед Сыздықов, сонымен қатар, Түркістан, Тараз, Алматы қалаларынан делегаттар қатысты.

Форум жұмысын ашып, креативті индустрия саласындағы жаңашылдықтарды көпшілікке түсіндірген Гүлісхан Сайфулинқызы осы бағытта жүзеге асырылған жаңа жобалардың заман талабына сай сұранысқа ие болып отырғанын, сол себепті көзін тапса, креативті индустрияның елімізге экономикалық тұрғыда тиімді екенін  атап өтті. Бұл бағытта Сыр өңірінде біршама  жаңа бастамалар жүзеге асырылып жатқанын, оларды әрі қарай дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты.

 Креативті индустрия бағытында қолға алынған игі жобалардың бірі – ақпан айынан бастау алып, кәсіпкер мен тұтынушы арасында алтын көпір болған «Brendke bir qadam» сауда көрмесі. Жиында «Qazaq brand» өнімдерінің авторы, дизайнер Айман Абди, ұлттық нақыштағы жол сөмкелерін дайындайтын кәсіпкер Мира Исабаева сөз алып, аталған жоба нәтижесіндегі жетістіктерін айтып, тәжірибелерін бөлісті. Олардың айтуынша, қазір туристердің ғана емес, жастардың, тіпті қарапайым жұртшылықтың да креативті бұйымдарға қызығушылығы жоғары. Өйткені жеке кәсіп иелерінің қолөнер бұйымдарына онлайн байланыс арқылы шетелдерден де сұраныс түсіп тұрады.

Форумда, сондай-ақ «Анаға тағзым» орталығының креативті бренд өнімі «Өмір иірімдері» тұмары мен «Brendke bir qadam» смарт-күнделігінің презентациясы болды. «Creative ideas» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Конкурс нәтижесі бойынша үздік деп танылған 7 жоба бойынша кәсіпкерлердің тың идеясын іске асыруға инвесторлар қолдау көрсететіні айқындалып, арнайы сертификаттар табысталды.

Форум аясында өткен пленарлық сессия жұмысы «The one system» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Жасанды интеллект» институтының директоры Нұрлан Құлмырзаевтың дәрістерімен жалғасты. Форумға Алматы қаласынан арнайы қатысқан Аслан Нұрланұлы қызылордалық кәсіпкерлерге бизнесті жүйелеудің тиімді тұстары жөнінде әңгімелесе, Нұрлан Серікұлы жасанды интеллекттің көмегімен кәсіп көкжиегін кеңейтудің қарапайым әдіс-тәсілдерін кеңірек түсіндірді.

«Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанованың айтуынша, жалпы жұмысының бір бағытын креативті индустрияға бейімдеген орталық 9 айдың ішінде қызылордалық кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерін қолдайтын ашық алаңға айналған.

Айталық, бүгінге дейін орталық бастамасымен креативті индустрия бағытында 8000-ға жуық адамды қамтыған 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде «Этно Fashion» облыстық сән үлгісі фестивалінің орны бөлек. Фестивальда жергілікті дизайнер-тігіншілер ұлттық құндылықтарды айшықтап, 17 кәсіп иесінің 150-ден аса креативті киім үлгісі көпшілік назарына ұсынылды. Кәсіпкерлердің қаржы-экономикалық, құқықтық сауаттылығын арттырып, өнімдерін жарнамалау бағытындағы «Brendke bir qadam» сауда көрмесінде 20-дан астам кәсіпкердің өнімдері тұтынушыларға ұсынылды. Жалпы осы жоба нәтижесінде  өңір кәсіпкерлері 9 айда 30 млн теңге қаржы тапқан.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<