Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметі мен қалалық прокуратура 10 күндік бірлескен рейдті бастады.
Облыста мұндай шара жыл сайын өткізіліп тұрады. Осы шаралар нәтижесінде жалпы қылмыстар саны 17% төмендеген. Акция аясында түсіндірме жұмыстары арқылы көлік тізгіндегендерге жауапкершілікті сезіндіре отырып, мәдениетін арттырады. Бұл әлеуметке қоғамдық қолдау көрсету болып табылады.
Жол қозғалысы ережесін бұзу, көлік құралын масаң күйде басқару, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлікке қосымша жылдамдықты арттыратын турбо құрылғы, тағы басқа зауыттық үлгіден өзге қосалқы орнатпалар қою табиғаттан бөлек адам өміріне орасан қауіп екені белгілі. Осыған орай, рейдің алғашқы күнінде Қызылорда ЖПҚ және прокуратура қызметкерлерімен жол қозғалысы және қоғамдық қауіпсіздік ереже талаптарын бұзудың 100-ден аса дерегі анықталды. Оның ішінде, көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды пайдалану, белгіленген жүру жылдамдығын арттыру, масаң күйде басқару, қауіпсіздік белдігін тақпау деректері бар. Орын алған барлық құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар көрілді.
Атап айтқанда, кешкі уақытта қала орталығында «Mercedes-Benz G-Class» маркалы автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Оған қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны, алдыңғы терезеге қараңғыланған пленка жабыстырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айып алаңына жіберілді. Сонымен қатар, қымбат спорттық көлікті тоқтатып, қозғалтқыш моторынан турбо құрылғы орнатылмағанын анықтады. Жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін сақтап жүру керектігі жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал, масаң күйде басқарған «Мазда» көлігінің жүргізушісі облыстық наркологиялық орталыққа тексерілуге жіберіліп, тиісті жаза тағайындалды. Бұдан өзге ұсақ бұзақылық, келіспеушіліктер салдарынан туындаған істер бойынша тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қызылорда облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Азамат Оспанов: – Мұндай рейдтік шаралар қылмыстылықты азайтуға септігін тигізеді, – дейді.
– Облыстық жергілікті полиция қызметінен 121 бағытқа 267 полиция қызметкері жұмылдырылды. Бір күнде жеті автокөлік айып алаңына қамалып, әкімшілік шаралар көріліп, жүзден аса хаттама толтырылды. Он күндік рейдтің нәтижесі аяқталған соң жария етіледі, – деді полиция майоры.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<