Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – мемлекет пен жеке меншіктің бірлесіп жұмыс істеуі, екі тараптың өзара тиімді ынтымақтастығы. Мұндай әріптестік жобаларын іске асыру тек жергілікті бюджеттің ауыртпалығын төмендетіп, жеке инвестицияларды тартып қана қоймайды, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарта түседі.
2017 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру тетіктері жеңілдетілді. Қазір бұл реттегі жобаларды дайындау үдерісі 5 тен 3 кезеңге азайды, соған сәйкес жобаны дайындау мерзімі 7 айдан 3 айға дейін кеміді. Бұл, әрине, үлкен жеңілдік. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген балабақша, емдеу-диагностикалық орталықтары, спортзалдар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Ал Қызылорда облысы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша еліміздегі үздік бес аймақтың бірі. Жүзеге асырылатын жобалар экономиканың барлық салаларын қамтып отыр.
2018 жылы облыс бойынша экономиканың барлық салаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 34 млрд теңгені құрайтын 84 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында – 29, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында – 20, дене шынықтыру және спорт саласында – 12, білім саласында – 7, цифрландыруда – 6, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында – 5, мәдениет саласында – 2, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салалары бойынша бір-бір жобаның жұмыстары атқарылды.
Олардың ішінде 32 жоба бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына қол қойылды (қабылданған мемлекеттік міндеттеменің құны 10,5 млрд теңге). Оның басым бөлігін денсаулық сақтау саласы құрап отыр. Бұлардың жүзеге асырылуымен облыс көлемінде 12 дәрігерлік амбулатория, 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және бір ауысымда 400 келушіге арналған емхана халыққа қызмет көрсетуді бастайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы №101 мектептің бу қазандығы қайта жаңғыртылса, Шиелі кентіндегі іске қосылған цемент зауыты орналасқан индустриялық аймаққа газ желілері тартылады, сонымен қатар осы аудандағы әлеуметтік нысандар газдандырылады.
Осылайша әріптестікті дамыту мемлекеттік пен жеке ынтымақтастықтың тиімділік процестерін жеделдетуге ықпал ететін Қазақстанның экономикалық саясатының өзекті бағытына айналып отыр. Міне, 2019 жылдың екінші айына аяқ басып отырмыз. Соңғы мәліметтерге қарағанда, облыста осы бағыттағы жобалар саны 118-ге жетіп отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<