Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі әлі күнге дейін нық емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы шараларды күшейтуді, полицейлерге, оның ішінде учаскелік инспекторларға тұрғындармен етене жұмыс жүргізуді тапсырды. Оған қоса қазір ведомстволық мекемелер үкіметтік емес ұйым өкілдерімен тығыз байланыс орнатты. Бірлескен істе береке бар. Мәселенің жолға қойылғандығы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де өткен кезекті семинар-тренингте анық байқалды.
«Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы» тақырыбында өткен тренингке облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев, «Qorgau» жобасының үйлестірушісі Бағлан Сағынбай, «Бітім» медиация орталығының» директоры Ләззат Бақтыбаева мен «Ұмай» сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің директоры Анар Ізден қатысты. Спикерлер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне қатысты пікірімен бөлісіп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
– Әрбір адам өз құқығын білгені, жалпы заң саласынан хабардар болғаны дұрыс. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы маңызды. Бұл орайда республикалық деңгейде түрлі шаралар қолға алынуда. Соның бірі – «Qorgau» жобасы. Оның аясында білікті заңгерлер тегін құқықтық кеңес бере отырып, тұрғындарға тығырықтан шығуға көмектеседі. Қазір еліміз бойынша осындай 210 орталық жұмыс жүргізуде. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда. Жоба аясында заң факультетінің студенттеріне тәжірибелік тағылымдама ұйымдастыру, әлеуметтік заңгерлердің қауымдастығын құру қарастырылған, – деді Б.Сағынбай.
Басқосуда «Бітім» медиация орталығының» директоры Ләззат Бақтыбаева аталған жоба аясында облыста бірқатар шара атқарылғанын баяндады. Қала және аудандардағы «Жастар ресурстық орталығы» базасында заңгерлік кеңес беру жолға қойылғанын, бұдан бөлек 52 студенттің тиісті тағылымдамадан өткенін айтты. Қатысушылар тиімді жобаның тек белгілі бір мерзімде емес, толыққанды жұмыс жүргізгені екі тарапқа пайдалы екенін де жеткізді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<