БІРЫҢҒАЙ ОПЕРАТОРҒА БІРІГУ – ТИІМДІ БАСТАМА

509

0

Облыс елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз етуде топтық су құбырларының маңызы ерекше. «Қазсушар РМК «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы  филиалы Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарының 219 мыңнан аса халқы шоғырланған 96 елді мекенді «Арал – Сарыбұлақ», «Жиделі» және «Октябрь» топтық су құбырлары арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Осы топтық су құбырларына қосылған барлық елді мекендердің ішкі ауыз су жүйелері филиалдың пайдалануында.

«Қазсушар» РМК «Арал» СЖКБД филиалы директоры И.Оңғарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 96 елді мекеннің 70-ін ауызсумен жабдықтау мәселесі толықтай шешілген, яғни тәулік бойы үздіксіз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп келеді.  21 елді мекеннің ішкі су тарату жүйелері бар, бірақ сервистік су жүйелері болмағандықтан, қоғамдық колонкалар арқылы ауызсу беріліп отыр. 5 елді мекен – Сорбеткей, Аққұлақ,  Қарашалаң, Тастүбек және Шөміш автокөлік арқылы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, топтық су құбырлары арқылы елді мекендерді қамтамасыз ету бір жүйеге келтірілген.

Облыс аумағындағы үш топтық су құбырына қосылған 96 елді мекеннің ішкі су тарату жүйелері бойынша жүргізілген жұмыстар оң нәтижесін берді. Осыдан соң аймақ басшысының тапсырмасына сай, аудандардағы оқшау ауызсумен жабдықтау жүйелері бар 88 елді мекеннің ауызсумен жабдықтау жүйелері республикалық меншікке, «Арал» СЖКДБД филиал теңгеріміне қабылданып, филиал базасында облыс елді мекендерінде ауызсумен жабдықтау және сарқынды суларды бұру бойынша бірыңғай оператор құру жұмыстары басталып кеткен болатын.

Осыған байланысты Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары және Қызылорда қаласына қарасты 86 елді – мекеннің оқшау ауызсумен қамту жүйелері 2017 жылдың 1 маусымынан бастап филиал теңгеріміне қабылданды. Осы қабылданған елді мекендердің ішінде, кейбір жекелеген елді мекендердің, атап айтар болсақ, Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің және Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті мен Талдыарал ауылының сарқынды суларды бұру (канализациялық) жүйелері де республикалық меншікке өткізілді. Қармақшы ауданының Төретам және Ақай елді мекендерінің ішкі су тарату жүйелері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылданып, 135 мыңнан аса халықты ауызсумен қамтамасыз етіп келеді.

Бір операторға бірігу тиімділігін көрсетіп отыр. Біріншіден, магистральді құбырлар мен ішкі таратушы желілерді бақылау жүйеге түсті. Ол бойынша барлық пайдалану шығындары бір салаға тоғыстырылып, бірыңғай тариф бекітіліп, бірнеше басқару операторлары бір операторға оңтайландырылды. Ауызсу тарату қызметтеріне бірыңғай тариф бекітіліп, салаға инвестиция тартуға мүмкіндік туды. Авариялық жағдайларды уақытылы жоюға, материалдар мен техниканы керек болған жағдайда орталықтандырылған оператордан бөлуге қол жеткізілді.

Оқшау ауызсумен қамту жүйелерінің қаржы-шаруашылық жағдайларына сараптама жасау барысында  тарифтің 1 текше метр ауызсу үшін 169,9 – 262,24 теңге аралығында екені анықталды. Кейбір ауданда дифференциалды тариф қолданылған. Аудандардың бірі қалыпты жұмыс жасаса, кейбірі шығынмен жұмыс жасап келгендігі анықталды. Сондықтан облыс көлемінде оқшау ауызсумен қамту жүйелерінің жұмысын бір жүйеге түсіру, бір саясат жүргізу және барлық аудандағы тұтынушылар арасында біркелкілікке қол жеткізу міндеті тұрды. Ол үшін оқшау ауыз сумен қамту жүйелерінен су тарату және сарқынды суларды бұру қызметтері бойынша бірыңғай тариф бекітуге өтінім ұсынылып, ауызсу тарату қызметі бойынша 386,9 теңге, Төретам, Ақай елді мекендері үшін 353,84 теңге және сарқынды суларды бұру қызметіне тұрғындар үшін 93 теңге, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері үшін 230,5 теңге көлімінде бірыңғай тариф бекітілді. Халықтың пайдаланатын ауызсу көлемінің тариф айырмасына субсидия төленуде.

Филиал директоры И.Оңғарбаев бізбен әңгімесінде облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ететін бірыңғай оператор құру арқасында төмендегідей жетістіктер мен тиімділікке  қол жеткізілгенін айтып өтті.

Ауыз суды өндіргеннен ең соңғы тұтынушыға дейін бір оператор жеткізіп береді. Арадағы делдалдар жойылып, қаражат жинау, берілген су көлемі жөніндегі қайшылықтар келмеске кетті. Ал ескі жүйе бойынша магистральді құбырлар бір мекемеде, елді мекендер мен аудан орталықтарының ішкі су тарату желілері басқа коммуналдық кәсіпорындардың пайдалануында болған еді.

Авариялық жағдайларды уақытылы жоюға, материалдар мен техниканы қажет болған жағдайда орталықтандырылған оператордан бөлуге қол жеткізілді. Ауызсу жүйелерін бірқалыпты техникалық жағдайда ұстап тұру үшін қажетті шикізат материалдарымен, жанар-жағармаймен, химиялық реагенттермен қамтамасыз ету орталықтандырылып, бір жерден жүргізілетін болды.

Филиал директоры, сондай-ақ, бірыңғай оператор ретінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Қабылдаған уақытта жұмысшы қызметкер саны 449 болатын, қосымша 84 адам жұмысқа қабылданып, қазір 533 адамға жетті. Мамандармен қамтамасыз ету және жұмысшы қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру мақсатында 75 инженерлі-техникалық қызметкер және 9 инженер-энергетик оқытылды. Жастарды тәрбиелеу мақсатында 13 жас жұмысқа қабылданды. Алайда, әлі де болса тарифтік сметаны қорғайтын білікті мамандар жетіспейді. Бұл, әсіресе, аудандарда анық байқалуда.

Арнайы техникамен және авариялық көліктермен қамтамасыз ету мақсатында 2 дана экскаватор, 7 дана «Уаз Фермер» автокөліктері сатып алынған. Елді мекендерді 24 сағат ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында тереңінен су тартатын «ЭЦВ», «К» типті насостар сатып алынып, станцияларға орнатылды. Ауызсу жүйелерінде орын алған авариялық жағдайларды уақытылы қалпына келтіру мақсатында авариялық бригадалар, қажетті насостармен және құрал-жабдықтармен, жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Осы орайда бұрынғы сумен жабдықтаушы мекеме қарамағында болып, қазір бірыңғай оператор құрамына ауысқан жұмысшылардың ризашылығын айтпай кету мүмкін емес. Отыз жылдан аса мерзімде арнаулы жұмыс киімін көрмеген олар бүгінде бұл жөнінен проблеманы білмейді.

Филиал басшысының айтуынша ауызсу жүйелерін пайдалану нұсқаулықтарына сәйкес, бұрын-соңды болмаған жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде осы күнге дейін диаметрі 50мм-200мм болатын 239 дана ашып-жабу реттегіш арматуралары (задвижка), 40 дана қайтарма (обратный) клапандары жаңадан ауыстырылды. Қазіргі таңда, топтық су құбырларына қосылған абоненттер есептегіш құралымен 97,3 процент қамтылды. Ал оқшау су жүйелері бойынша барлық қажеттілігі 20 973 абонент болатын болса, оның 14 240 абоненті немесе 68 проценті өлшегіш құралымен қамтылған. Оқшау су жүйелерін қабылдағалы, 1606 дана су есептегіш құралдары филиалдың жұмысы нәтижесінде орнатылды.

Қабылданған техникалық шешімдердің арқасында оқшау ауызсу жүйелерімен қамтамасыз етілген 88 елді мекеннің 45 немесе 51 проценті, 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етуге көшірілді. Ауызсу сапасын үнемі бақылауда ұстау үшін барлық аудан бойынша Ұлттық сараптама орталығымен келісімшарт жасалған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<