Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

429

0

Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі. Яғни бүгін халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы кәсіби мерекесін атап өтеді.

Журналистика – БАҚ құралдарының (интернет, баспа, радио, телевидение, сайт) көмегімен ақпаратты жинау, өңдеу және тарату жұмысы. Журналистиканың ғылыми тәртібі баспаның дүниеге келуімен тікелей жолға қойылған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында фото мен киножурналистика өмірге келіп, салаға тың тыныс әкелді. Ізінше 1920-1940 жылдары радио мен тележурналистиканың дәуірі басталды.

Ал біздің тарихшылар жалпы қазақ даласында журналистиканың негізі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қаланғанын айтады. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті… Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымның барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. «Қазақ журналистикасының атасы» атанған Мұхаметжан Сералиндер де сол тұста еңбек еткенін атап өту керек.

ХХ ғасырдың басындағы басылымдардың ішінде Алаш зиялылары шығарған ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы атанған «Қазақ» газетінің шоқтығы биік. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) – «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3 мың дана болса, кейіннен ол 8 мың данаға жетіп, ұлттық миссияны орындауға өлшеусіз еңбек сіңірді.

2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды. Оның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын.

Атап айтқанда, биыл 27 маусым күні Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар тапсырды.

«Өздеріңізге мәлім, осыған дейін менің Жарлығыммен бұл мейрам Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Отандық медиа жаңа кезеңге қадам басты. Қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатыр.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп хакім Абай айтпақшы, журналистің осы өзгерістерге бейімделуі өте маңызды. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді.

Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет екенін айтты.

«Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды. Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиамамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет. Қазір отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аталған міндетті іске асыру үшін жаңа медиа менеджмент, шетелден ақпарат тарататын білікті журналистер, тың технология және сапалы инфрақұрылым қажет екенін алға тартты.

«Бұл – уақыт талабы. Оны орындауымыз шарт. Осы ретте әлемдік медиа корпорациялардың оң тәжірибесін ескерген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<