Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні жыл сайын 15 наурызда атап өтіледі. Биыл аталмыш күнге орай «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен өткізу туралы шешім қабылданды.
Жалпы жыл басталғалы екі айдың ішінде тұтынушылардан 82 өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің басым көпшілігі бөлшек сауда саласына қатысты болып отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов хабарлады.
– Өздеріңіз білетіндей, тұтынушылардың құқығын қорғау басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы мақсатта біздің департамент күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізіп, азаматтардан келіп түскен өтініштерді саралайды. Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні жыл сайын түрлі тақырыптарда өтеді. Осыған сәйкес, биыл «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен өткізу туралы ұсыныс берілді. Соңғы жылдары жасанды интеллект цифрлық әлемнің ажырамас бөлігіне айналды. Осының әсерінен экономикалық көрсеткіш те айтарлықтай артып келеді. Жалпы, 2023 жылы біздің департаментке 368 өтініш келіп түссе, оның 264-і қанағаттандырылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде, тұтынушыларға жалпы құны 8,1 млн теңге қаржы қайтарылып берілді. Ал, жыл басынан бері тұтынушылардан 82 өтініш келді. Қазіргі таңда департаментке түскен өтініштер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Ерқасым Жайбергенұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<