Бүгінгі күннің батыры

814

0

Жаны қиналған жандарға қолынан келгенше аянбай көмектесіп, барымен бөлісіп, жанашырлық көрсетіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Олар өз еркімен қоғамның қалтарысындағы жандарға қол ұшын созып, жұртты жылы сөзімен емдеп келеді. Еңбегіне ақы сұрамайтын, қысылғанға алып-ұшып алдымен жететін еріктілердің еңбегі ерекше. Осындай жүрек жылуымен жабырқаған жандарға демеу болып жүрген жанның бірі – Болатбек Серікбайұлы.


Қазақта «Ардың ісі» деген әдемі сөз бар. Адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің жиынтығын ар деп алатын болсақ, әр адамның алдында ар алдындағы жауапкершілік болуы қажет. Ешкімнің нұсқауынсыз, біреудің бұйрығынсыз, ақы тілемей қоғам алдындағы, адам алдындағы міндетті ұмытпай айналаңа қамқор бола білу ішкі ұяттың түткісімен жүзеге асады. Бүгінгі еріктілердің игі істерін осылай сипаттасақ болатын шығар. «Ел басына күн туса, етігімен су кешкен» кешегі ерлердің толағай істерін бүгінгі еріктілер жалғастырып келеді десек жасырын емес.


Жаһанды әбігерге салған пандемия халықты біріктірді десек болғандай. Қазір қоғам ішінен белсенділер шығып, аурухана мен қарапайым халыққа көмек қолын созып келе жатыр. Бұл ретте алдымен дәрігерлерге алғыс айтқанымыз дұрыс болар. Бастарын бәйгеге тігіп, қауіптің ортасына еніп кеткен ақ халатты абзал жандардың ерлік ісіне қарап, оларды бүгінгі күннің батырлары деп бағалаймыз. Сонымен қатар көптің жанынан табылып жүрген Болатбек секілді азаматтардың еңбегі ерекше. Талай ізгі бастаманың жанынан табылып келе жатқан кейіпкеріміз, ел ішін індет жайлағанда да қл қусырып қарап қалған жоқ. Өзі секілді жылы жүрек жандардың қолдауымен көп шаруаны тындырды.
Ерікті болу еріккендік емес. Иә, ол үлкен жүректің иесі атанған азматтардың ісі. «Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Болатбек қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Ол жақында ғана облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған еріктілер фронт-офисінің жетекшісі болып тағайындалды. Жақсылықта жарыса білетін ол төтенше жағдай кезінде көп отбасыға қамқорлығын көрсетті.Жұмыссыз қалғандар ішінен кейіпкерімізден көмек сұрағандар да аз болған жоқ. Кім-кімнің де меселін қайтармай, қол ұшын созуға даяр тұратын жан өзінде болмаса, өзгелерге өтініш жасап, керек-жарағын түгендеп беріп жүргенін естіп жүрміз. Бұл нағыз азаматтық деп білемін.


Карантин кезінде көп нәрседен тапшылық сезілгенін білеміз. Соның ішінде медициналық маска мен дәрі-дәрмекке біразының қолы жетпей қалды. Міне, осы кезде бетперделерді қоғамдық көліктерде, көшелерде тұрғындарға таратып, сауапты іске мұрындық болды.


«Қайғыны бөліссең, азаяды, қуанышты бөліссең, көбейеді» дейді қазақ. Бүгінде жанды құлазытатын жаңалық көбейіп кетті. Әрине індет ешкімге де оңай соғып тұрған жоқ. Дегенмен, осындай қиындықта көпке қуаныш сыйлап жүрген жандардың азаматтық ісін ел алдына шығарып тұрсақ, ізгілікке ұмтылатындар көбейер. Болатбектің ісінен үлгі алсақ, аты жаман ауруды да оңай еңсереміз.


Елде карантин режимі енгізілгелі «Біз біргеміз!» деген ұранмен келеміз. Түрлі акция ұйымдастырылып, жақсы бастамаларға себепші болды. Алайда осы ұранның түбіне мән бермей, талаптарды сақтамай құр ұрандатып күн кешіп жүргендерді де кездестіреміз. Аузы айқайлағанымен, бірлік дәнін жүрегіне екпеген жандар жылтырақ әңгімемен күн жұбатып жүр. Алайда ерікті жастардың жалынды істері көпшілікке қуат беріп келеді. «Біз біргеміз» дегеніміз құр сөз болып қалмай, жұмыла жұмыс істесек індет те іргесін аулақ салады деп сенеміз.


Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<