«Бұл балалар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет»

581

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «SANA» оқушылар сарайын аралап көрді.

Бес қабатты заманауи ғимаратта 5-17 жас аралығындағы жеткіншіктерге арналған 60-тан астам үйірме мен спорт секциялары жұмыс істейді. Олар техникалық шығармашылық, сәндік-қолданбалы өнер, әлеуметтік ғылымдар, музыка және хореография, спорт секілді бірнеше бағытқа бөлінген. Орталық бір мезгілде 700 баланы қабылдай алады. Аумағы 7500 шаршы метр ғимаратта соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, жүзу бассейні, акт залы, подкаст және фото студиялары бар.

Мемлекет басшысы Lego құрастыру, роботты техника, 3D-модельдеу және қыш өнері, ұрмалы аспаптар, домбыра үйірмесі кабинеттері мен жүзу бассейнін аралап көрді. Сондай-ақ Президент орталықтың оқытушыларымен, балалармен және ата-аналармен әңгімелесті.

– Әрбір қалада, ауданда осындай орталықтар ашылуы керек. Мен жақында бизнес өкілдерімен кездесу өткіздім. Бұл балалар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет. Сондықтан біз бұл мәселеге баса мән береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«SANA» жаңа ұрпақ орталығын «Damu Development Group» консорциумы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салған. Компания құрылтайшысы Абзал Сағымбаев алдағы уақытта бірнеше дамыту орталықтарын, әлеуметтік, денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2029 жылға дейін елордада осындай 15 оқушылар сарайы бой көтереді. Оның ішінде 5 орталықтың құрылысы жуық арада басталады.

Президент «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі станциясының және үшінші ЖЭО-ның құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының және жалпы қуаты сағатына 700 гигакалорий болатын «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің құрылыстары аяқталғаны туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, «Оңтүстік-Шығыс» станциясы Мынжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын алабы сияқты құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан аудандарды, ал «Тұран» станциясы қаланың сол жағалауында жаңадан салынып жатқан аумақты тұрақты жылумен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысына аталған газ жылу станциялары биылғы жылу маусымының басынан бастап іске қосылатыны жөнінде баяндалды. Жыл аяғына дейін үшінші ЖЭО-ның құрылысы аяқталады. Үш жаңа нысан қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етеді. Оның қуаты – сағатына 1140 гигакалорий. «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу станциясы қуаты сағатына 850 гигакалорий болатын қосымша жылу береді.

Құрылыс компаниясының өкілдері Қазақстанда газ жылу станцияларының өндірістегі отандық үлесін арттыру үшін газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорынмен арада уағдаластықтар бар екенін жеткізді.

Президент газ жылу станцияларын кезең-кезеңмен пайдалануға беруді тапсырды.

– Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қалада үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жарық және су. Тұрғындар бұл қажеттіліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда туралы болып отыр. Ешқандай кідіріс болмауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Сондықтан аталған мәселені бәріміз жұмылып, міндетті түрде толық шешуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Жеңіс Қасымбек Президентке Астана су қоймасынан тартылатын су құбырының және сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы жөнінде айтты. Оның мәліметі бойынша биылғы қарашада Нұра жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуатын күніне 160 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобалау жұмыстары аяқталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда халқының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанына байланысты қосымша су көздерімен қамтамасыз ету жолдарын іздеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қаладағы жаңа жылу нысандарының құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды.

Президент елорданың индустриалды нысандарын аралау барысында бронды дөңгелекті техника өндіруге және жаңғыртуға маманданған Kazakhstan Paramount Engineering зауытына да барды.

Бұл компания 2013 жылы құрылған. Ол – Қазақстан мен Орталық Азияда дөңгелекті бронды техника шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Қазақстан аумағында өз өндірісін ашу және бәсекеге қабілетті заманауи бронды техникаға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ түрлі міндеттерді орындауға арналған бронды дөңгелекті машина өндірісін өркендету аталған компанияның артықшылығы саналады.

Мемлекет басшысы осы саланы ілгерілетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтіп, компанияны қорғаныс өнеркәсібіне маманданған отандық кәсіпорындарды дамытуға жан-жақты атсалысуға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<