Бұл баптар әркімнің де жанына жақын

592

0

«Қазақстан Республикасы тіл туралы» заңына өзгерістер енгізілу жөнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 29 желтоқсанда Жарлыққа қол қойған еді. Осыған орай, Заңға өзгерістер енгізіліп, кейбір баптардағы бұрынғы орыс тілін міндеттеген ережелер қайта жазылды.

Мысалы, 19-баптағы өзгерісте: «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады», – деп көрсетілді.Бұрынғы бапта бұл қазақ және орыс тілдерінде міндеттелген еді.

Осыған бір мысал, өзіміздің дарияның жағасында «Озера Сырдария» деген тақтайша тұратын еді. «Осылай жазылмаса, оның Сырдария өзені екенін басқа біреу біле алмай қала ма?» деп тоңтеріс өте беретінбіз. Заңның айтып отырғаны мұнан былай алдыңнан мұндай жазу шықпайды деген сөз.

Ал, 21-бапта мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде немесе басқа тілдерде де жазылатыны айтылған. «Қажет болған кезде», бұрынғыдай, «мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады» деген міндеттеме жоқ.

Сондай-ақ, Заңда мемлекеттік емес ұйымдарға қатысты олардың іші, тысындағы хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері, ас мәзірі, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуы керектігі айтылады. Осы өзгерісте «ас мәзірі» деген сөзді көріп отырмыз.

Жасыратыны жоқ, өз қаламыздағы кейбір дәмханаларға бара қалсаңыз алдыңызға «меню» әкеледі. «Маған меню емес, ас мәзірін әкеліңіз», – деп айта алмаймыз. Өйткені, ол заңға томпақ емес. Мұнан былайғы жерде сіз заңды құқыңызды талап ете аласыз.

1 наурыз күні Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы, тілдерді оқыту орталығы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдері мен тіл жанашырларынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ Қызылорда қаласының орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралады. Олар кәсіпкерлерге заң баптарының өзгерістерін түсіндірді. Түсіндіру жұмысы барысында нысандардың маңдайшаларындағы хабарландырулардың орфографиялық нормаларға сай емес, түсініксіз түрде жазылғаны көрінді. Ал, нысан атауларының көбі ағылшынша, орысша жазылған, арасында иероглифтар да жүр. Кәсіп иелері мекеменің заңды атауы әділет органдарында солай бекітілгенін айтады. Бұл – өзгерте алмаймын дегені. Насихаттық топ сол атаудың жанына қазақшалап тағы бір ат жазып қою сіздің тілге деген жанашырлығыңыз болмақ, ол және заңға қайшы емес деп үгіт жүргізді. Алайда, ең дұрысы нысан атауын қайта рәсімдеу болмақ. Бірақ, ондай шашетек шаруаға бара қоятындар жоқ сияқты. Сондықтан, әділет орындары жергілікті халық түсіне алмайтын атауларды о бастан қабылдамаса, ол енді басқа әңгіме. Бұл – біздің ойымыз.

«Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген еді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев, 2019 жылдың сәуір айындағы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Демек, біздің ойлағандарымыздың іске асатыны анық. Ол ойымыз – мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтату, «ұлттың жаны» болып саналатын қазақ тілінің салтанат құруы.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»