Бұқаралық спортқа байыпты көзқарас қажет

525

0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын және бұқаралық спортты дамыту, сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды.

Министрлер аталған салалар бойынша баяндады. Сондай-ақ, бірқатар өңір әкімдері атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді.  Биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының машина жасау саласы кәсіпорындары 12,1 млрд теңгеге қызмет көрсеткен.

Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 12,9%-ды құрады.  Аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына аталған саланың даму қарқынын төмендетпеу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде облыс әкімі өңірде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

– Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен 7 айда 719 іс-шара өтіп, оларға 176 326  адам қатысты. Жыл сайын  «Президенттік тестілеу» айлығын тапсыру дәстүрге айналған. Тиісінше «Президенттік», «Ұлттық» және «Бастапқы» деңгейді орындаған қатысушыларға төсбелгі мен куәлік табысталды. Биыл «Жазғы президенттік сынама айлығына», 100-ге жуық норматив қабылдау шарасына 199 747 адам қатысса, оның 797-сі «Президенттік» деңгей, 3310 адам  «Ұлттық» және 4804 адам «Бастапқы» деңгей нормативін қорғады. Сол жағалаудан заманауи талаптарға сай  7000 орындық стадион, Үкімет басшысының қолдауымен құны 7 млрд теңге болатын әмбебап спорт сарайын салу мәселесі шешім тапты. Мұнан бөлек, ауылдарда 13 денешынықтыру-сауықтыру кешені биыл тапсырылады, – деді облыс басшысы.

Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жетілдіру үшін облыстық мәдениет және спорт басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерде салынатын спорт алаңдарында кешенді спорттық шараларды жыл бойы ұйымдастыру жүктелді. Аймақ басшысы «Президенттік сынама» айлығын өткізуді жандандыру, республикалық «Денсаулық фестивалі» аясында көпшілік шараларды ұйымдастыру және мүгедектігі бар азаматтарды спортқа бейімдеу жұмыстарын күшейту қажеттігін де атап өтті. Облыстық білім басқармасы жалпы білім беретін мектептер жанынан балалар мен жасөспірімдерге дене дайындығы клубтарын ашу туралы ұсыныс әзірлеуі тиіс. Сабақтан тыс уақытта мектептердің спорт залдарында тұрғындар спортпен шұғылдануы үшін мүмкіндік қарастыру қажеттігі тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<