Бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

206

0

ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркү­йек­тегі Қазақстан халқына Жолдауында Мем­ле­кет басшысы «Азаматтардың барлық сын­дарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап бе­ретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын іске асыру» міндетін қойды. Содан бері билік пен қоғам арасындағы байланыс ме­ханизмдері жетілдіріліп, азаматтардың сұраныс­тарына ден қойғыш нысанына көшу мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсатқа айналды.

Мемлекет тарапынан азаматтардың құқық­тары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық беріледі.

Осы ретте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті қыз­мет алушылардың бұзылған құқықтарын қал­пына келтіру бойынша тиісті жұмыстарды жү­йелі түрде жүргізіп келеді.

Департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты қызмет алушы­лардан келіп түскен шағымдар заң шеңберінде қаралып, тиісті шаралар қолданылуда. Ағым­да­ғы жылдың І жартыжылдығының қорытын­ды­сымен департаментке қызмет алушылардың тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызмет­тер­дің сапасы мәселесіне қатысты 80-ге жуық өтініш келіп түскен.

Оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша 26 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 6 қызмет алушының, қашықтықтан мониторинг нәтижесінде 8 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Мәселен, осы ІІІ тоқсанның өзінде департа­ментке қызмет алушылардан мемлекеттік көр­сетілетін қызметтер сапасына қатысты 20-ға жуық өтініш түсті. Оның ішінде, қала тұрғыны, жеке кәсіпкер С.К.-ден «Эскизді (эскиздік жо­баны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсе­тілетін қызметіне қатысты шағым түскен болатын. Атап айтқанда, қызмет алушы С.К. өз шағымында «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметін алу үшін өтінішіне Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген бас тартуға келіспейтінін мәлімдеген. Осыған орай, қыз­мет алушы С.К.-нің шағымын жан-жақты, объек­тивті және толық қарау мақсатында бөлімге жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қызмет алушы С.К.-нің өтінішіне бөлім тарапынан негізсіз бас тартылғандығы анықталды.

Жүргізілген тексеру нәтижелерінің қоры­тындысы бойынша анықталған бұзушылық­тар­ды жою туралы бөлімге берілген ұсынудың нәтижесінде, қызмет алушы С.К.-ге «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша оң қорытынды беріліп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, департамент қызметкері та­рапынан бөлімнің мемлекеттік қызметтер көр­сететін мамандарына тиісті түсіндірме жұ­мыстары жүргізіліп, семинар өткізілді.

Қазіргі уақытта бөлім тарапынан бұзушы­лықтарға жол берген маманды тәртіптік жауап­кершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.

Бұдан бөлек, департамент азаматтардың тек өтініштерінің негізінде ғана бұзылған құқық­тарын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүргізумен шектелмей, департаментке қолже­тімділік берілген ақпараттық жүйелер арқылы жүргізілген қашықтықтан мониторинг жұмыс­тарының нәтижесінде де азаматтардың құқық­тарын қорғап келеді.

Мәселен, биылғы жылдың наурыз айында Арал ауданының тұрғыны Р.Т. «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу (1-кезең)» мемлекеттік қызметін алу үшін Арал ауданы Бекбауыл ауылдық округінің әкімдігіне өтініш білдірген. Тұрғынның өтініші бойынша мемлекеттік қызмет нәтижесі заңнамада бел­гі­ленген мерзімдерде ұсынылмағаны қашық­тық­тан жүргізілген бақылау жұмыстарының нәти­жесінде анықталды.

Осы орайда департамент тарапынан шұғыл ден қою шаралары қабылданды. Нәтижесінде биыл­ғы жылдың 17 наурызында Бекбауыл ауыл­дық округі әкімдігімен мемлекеттік қызметтің оң нәтижесі ұсынылып, қызмет алушының бұ­зылған құқықтары қалпына келтірілді.

Бұзушылықтарға жол бергені үшін лауа­зымды тұлғаға Қазақстан Республикасының заң­намасында көзделген әкімшілік айыппұл салынып, Әкімдік қызметкеріне тиісті тәртіптік шара қолданылды.

Сондықтан, егер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде Заңнама талаптарының сақталмағанына куә болсаңыз, яғни мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бұзылса, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап ету дерегі орын алса немесе мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бұзылса, Сіз құқығыңызды де­партаментке шағымдану арқылы қорғай аласыз.

Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қала­сы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1. Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70 56 36, 8 (7242) 70-00-40.

З.АРЫНОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері генттігінің

Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы