Бюджет қаржысы бақылауда

323

0

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі әркез назарда. Сала салғырттықты көтермейді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген кезекті жиында айтылды.
Басқосуда мәлім болғандай, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету ке­зіндегі  проб­лемалық мә­селелер, оңалтудың жеке бағдар­ламасын толық қам­тамасыз ету айрықша назарға алынған. Сонымен қатар департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету барысындағы жем­қорлық тәуекелдеріне үнемі талдау жүргізілетінін айтты.
– Биыл 591 мүгедекті жеке көмекшілермен қамтамасыз ету қызметіне 172 млн теңге, ал 121 мүгедекті ымдау тілі қызметімен қамтамасыз етуге 21 млн теңге қаражат бөлінген. Бюджет қаржысынан шашау шықпай, оның мақсатты жұмсалуы қадағалауда. Ал, түйткілді мәселелер туындаса, оны мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп шешу көзделген, – деді Б.Ниязов.
Спикер жемқорлық тәуекел­дерін туғызатын факторлардың тізбегін үзу және оны болдырмау – жұмыстың басты бағыт екенін, бұл ретте үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып тиісті ұсынымдар әзірленетінін және оның уәкілетті органдарға жолданатынын мәлімдеді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<