– 2018 жылы облыс бюджетінің шығындар жоспары 99,6% орындалды, яғни жоспарланған 248,6 млрд теңгенің орындалғаны 247,7 млрд теңге. Бұл жақсы көрсеткіш, – деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жыл қорытындысына арналған брифингте.
Басқарма басшысы жақсы көрсеткіш деп айтуының себебін түсіндіріп өтті. Өйткені, игерілмей қалған 951,1 млн теңге қаржының 812,7 млн теңгесі үнемделген қаржы болып саналады. Жалпы 2018 жыл қорытындысымен бюджет түсімдері 100,4 процентке (болжам 246,2 млрд теңге, нақты түскені 247,3 млрд теңге) орындалса, оның ішінде бюджеттің өз кірістері 101,9 процент орындалды (болжам 53,9 млрд теңге, түскені 54,9 млрд теңге), артық түскені 1,1 млрд теңге.
Облыс бойынша жекешелендірудің кешенді жоспары аясында 15 нысанның тізбесі белгіленіп, оның сегізі 379,4 млн теңгеге жекешелендірілсе, оңтайландыру жұмыстары нәтижесінде алты нысан таратылған. Ал «Қорқыт ата» әуежайы» АҚ тізімнен алынып тасталды. Сонымен бірге, жекешелендіру жоспарына «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның бес нысаны жаңадан енгізілгені хабарланды.
Брифингте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы Жанзира Ерсейітова айтып өтті. Өткен жылы жалпы құны 77 млрд 668 млн теңгенің 2172 конкурсы мен аукционы өткізіліп, үнемделген қаржы 5 млрд 457 млн теңгені құраған. Басқарма басшысы тапсырыс берушілердің жылдық жоспарындағы 208 млн теңгені құрайтын 359 кемшілігі анықталып, заңдылыққа сәйкестендірілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ тауарлар мен жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің 72 техникалық ерекшелік үлгілері ресми сайтқа салынып, мамандар үшін қолжетімділікке айналды. Қазіргі күні Қаржы министрлігі бойынша 1 наурызда күшіне енетін облыс, қала және аудандық деңгейде өткізілетін мемлекеттік сатып алудың тізбесі жасақталуда. 2019 жылы облыста 45 млрд 415 млн теңгенің 2109 сатып алуы жоспарлануда.
Брифинг соңында басқарма басшылары журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<