БЖЗҚ қажетсіз құрылым ба?

478

0

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоғамдық кеңесі салымшылардың зейнетақы жинағындағы активтерін басқарушы компаниялардың жарғылық және меншікті капиталына жоғары талаптар қоймауды ұсынды. Қордың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, қоғамдық кеңес Ұлттық банктің зейнетақы активтерін жеке компанияларға инвестициялық басқаруға беру идеясын қолдап отыр. Нақтырақ айтсақ, басқарушы компаниялардың жарғылық және меншікті капиталына жоғары талаптар қоймау ұсынысын жеткізді.

Жалпы кейінгі кезде БЖЗҚ-ға қатысты түрлі қоғамдық пікірлер жиі айтылуда. Бұдан бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысы, Ұлттық Банк пен Жоғары аудиторлық палата басшыларына депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша Ұлттық Банктің басқаруында 14 трлн теңгеден асатын БЖЗҚ активтері бар. Әрі зейнетақы активтерін басқару нәтижелері мардымсыз.

– Менің депутаттық сауалымнан кейін БЖЗҚ «2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 115,2%, инфляция кезінде 119,5%-ды құрады» деген баспасөз релизін жариялады. Бұл жетістік және табыс ретінде ұсынылып отыр. Мұның абсурд екенін түсіну үшін 2014 жылдан бері доллардың теңгеге қатысты бағамы 3 есе өскенін естеріңізге салайын. Қарапайым тілмен айтқанда, жай ғана валютаға ақша салу арқылы БЖЗҚ-ға қарағанда 2 есе көп ақша табуға болар еді, – деді ол.

Сондай-ақ депутат кейінгі 12 айдағы қор кірісін есептеп, кірістілігі 6%-дан аспайтынын айтты. Бұл ретте, Президент атап өткендей, сол кезеңдегі азық-түлік инфляциясы 24%-дан асып кетті. Бүгінде азаматтар БЖЗҚ-дан пайда тапқаннан гөрі ақшасынан айырылады. Депутат оның өрескел тиімсіздігі мен жабықтығы жекелеген парламенттік тыңдау өткізуді талап ететінін айтты. Бірақ бұл үшін жаңа аудиторлық палата БЖЗҚ шығыстарына шұғыл түрде тәуелсіз аудит, сондай-ақ активтері мен инвестициялық портфеліне ревизия жүргізуі қажет. Қор азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын пайдалануына барынша қарсылық көрсетеді.

Өткен жылы қор зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектерін орташа есеппен 64-тен 83%-ға дейін көтеруді мүдделі түрде қолдаған. Ал, биыл 29 қарашада 2023 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялады. Ол бұрынғы деңгейден 4-8%-ға жоғары, яғни, бұл шешім кейінгі жылдары ең танымал экономикалық реформаны толығымен жоққа шығарды.

– Қазірдің өзінде БЖЗҚ біздің проблемаларымызды шешеді деп күтпеуіміз керек, бұл – біздің басты проблемамыз. Мемлекет басшысы халықтың шамадан тыс кредиттелу проблемасына да назар аударды. Қаржылық реттеу агенттігінің деректері бойынша 1,5 миллионға жуық қазақстандық өз кредиттерін төлей алмайды. Сонымен бірге, зейнетақы жинақтары құнсызданып, пайдаланылмай жатыр. Әлеуметтік шара ретінде азаматтарға кез келген кредиттерін өтеуге, емделу ақысын төлеуге, коммуналдық қызметтер бойынша қарыздарын төлеуге, балаларын оқытуға және басқа да өмірлік маңызды қажеттіліктерге зейнетақы жинақтарының 30%-на дейін, бірақ 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде пайдалану құқығын беруге болады деп есептеймін, – дейді Аманжан Жамалов.

Мәжілісмен бұл ақша салымдары инфляцияға болмашы әсер ететінін айтады. Өйткені, олар нысаналы болады. Мысалы, кредиттерді өтеу туралы айтатын болсақ, бұл ақша әлдеқашан жұмсалып қойған. Мұндай шешім халыққа қолдау болады. Алдын ала бағалау бойынша, бұған шамамен 3,5 трлн теңге кетеді.

Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент БЖЗҚ салымшыларының өз зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін жеке басқаруға беру құқығын кеңейтуді тапсырды. Бұл – көптен күткен шешім. Дәл осы адал бәсекелестіктің жоқтығы БЖЗҚ-ның пайда болуына алып келді. Бірақ бұл жағдайда өте сақ болу керек. Зейнетақы ақшасы – бұл өзіндік ерекше ақша. Олардың негізгі мақсаты – қарт кісілерді әлеуметтік қорғау. Бәсекелестік олардың мақсатына зиян келтірмеуі үшін қатаң түрде белгіленген қағидалар шегінде жүзеге асырылуға тиіс.

Дегенмен, зейнетақы жинағы арқылы кредиттеу мәселесі толық шешіледі деуге келмейді. Мәжіліс депутаты Анатолий Бойчин БЖЗҚ салымшыларының 68 пайызының шотындағы қаржы бір миллион теңгеден аспайтынын айтқан еді. Жүйенің енгізілгеніне 20 жылдан астам уақыт өтсе де, азаматтар тарапынан оған тиісті түрде қатысу байқалмайды. Қоғам БЖЗҚ-ны қажетсіз құрылым және оған зейнетақы жинаудың мәні жоқ деп санайды.

Бұған қатысты мәселе бар екенін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов та растады. Айтуынша, жинақтардың орташа сомасымен қатар, олардың орташа ұзақтығы қанша екеніне де мән берген дұрыс. Жалпы алғанда салымшылардың жартысының үш жылдан аспайтын жинақтаушы стажы бар. Қор басшысы мәселе зейнетақы жинақтарының әлі де жеткілікті көлемде еместігінде екенін айтты.

Сонда жеткілікті шекке жалақысы жоғары, қазірдің өзінде баспана алуға мүмкіндігі бар азаматтар жетсе, зейнетақы жинақтарын алудың әлеуметтік мәні неде? Бұл сұраққа Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жауап берген болатын. Министр қазақстандықтар жинақтарынан 3,5 триллион теңге алғанын, оны ипотекалық несиесін жабуға және баспана сатып алуға бағыттағанын айтты.

– Сондықтан оны тек табысы жоғары адамдар алды деп айта алмаймын, – деді ол.

Дегенмен, қоғамда қордың тиімді инвестициялық стратегиясы жоқтығы, «бюджеттің мойнына мініп отырғаны» жиі айтылуда. БЖЗҚ активтерінің жартысына жуығы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және негізгі табыстылығы  қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етілген. Басқа құралдарда табыс жоқ. Базалық және ынтымақты зейнетақыны арттыруға бюджеттен  қосымша 421  миллиард теңге бөлінген. Бірақ БЖЗҚ-дан жинақталатын зейнетақы мөлшері өзгерген жоқ. Осы ретте, 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ басқаруында 14 трлн теңге бар екенін айта кеткен жөн. Бұл сома – шамамен Қазақстанның жылдық бюджетіне тең.

Жалпы, БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола тұра, жабық құрылым күйінде қалып отыр. Іс жүзінде қордың миллиардтаған кірісі мен шығысы Есеп комитетінің бюджеттік рәсімдері мен бақылауында жоқ, әкімшілік шығыстары 13 млрд теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздегі барлық әлеуметтік саясатқа жауапты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тұтастай бір жылдық әкімшілік шығындары 10 млрд теңгеден аспайды. Ал БЖЗҚ қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге 7,9 млрд теңге жұмсалды. Бүгінде қорда мыңдаған  адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, әрбір салымшыдан инвестициялық кіріс сомасы мен зейнетақы активтері бойынша комиссия алады. Өткен жылы бұл комиссия 15 млрд теңгеден асқан. Бағалы қағаздармен операциялардан да кіріс алады. Былтыр жалпы кірісі 35 миллиард теңгеге жуықтаса, таза табысы 23,4 миллиард теңгені құрады, яғни, қор салымшылардың ақшасынан гөрі өз ақшасын әлдеқайда тиімді басқарады. Бұл ретте акционерге, яғни Үкіметке дивидендтер төленбейді.

БЖЗҚ құрылғалы қазақстандықтардың зейнетақы жарналарынан алынатын осы комиссиялардың арқасында 211 миллиард теңге бөлінбеген кіріс жинақтады. Ал, бұл пайданың барлығы – енді салымшылардың емес, қордың өз қаражаты.

Сондықтан, БЖЗҚ-ға қатысты мәселе басы ашық күйінде қалып отыр.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<