Қызылорда жылу электр орталығы 1964 жылы целлюлоза-картон комбинатын жылумен қамтамасыз ететін цех ретінде пайдалануға берілген. Кейін Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты ЖЭО салуға шешім қабылданды. Осылайша нысан 1967-1975-1989 жылдары бірнеше кезеңде кеңейтіліп, өте қуатты жылу-электр орталығына айналды. Алғашында ЖЭО жұмысына Өзбек КСР-нан келетін Ангрен қоңыр көмірі пайдаланылды.
Уақыт өте нысан ескіріп, 1991-2001 жылдар аралығында 8 қазандық және 4 турбиналық қондырғы технологиялық циклдан шығарылды. 1998 жылдың қаңтарында қазандық цехының шатыры құлады. Екі қазандық үйінді астында қалып, қалған қазандықтар қатты зақымданған. Салдарынан 1998 жылы Қызылорда қаласы толығымен жылусыз қалды. 1990 жылдардың ортасында экономикалық байланыстардың үзілуіне орай мазутқа арналған қалған қазандық қондырғылары қайта жаңғыртудан өтті. Ал, 2008-2009 жылдар аралығында газ-мазут жағудың аралас түрі пайда болды.
2005 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік кәсіпорны құрылып, оның жалғыз құрылтайшысы қала әкімдігі болды. Осы кезеңдегі күрделі техникалық жаңартулардың ішінде 2005 жылы электр қуаты 46 МВт және жылу қуаты 90 Гкал болатын газтурбиналық электр станциясының (КОГТЭС) құрылысын ғана атап өтуге болады. Сонымен қатар, 2005-2016 жылдар аралығында қаланың әр жерінде жалпы жылу қуаты 167 Гкал/сағат болатын 17 автономды блок-модульдік қазандық пайдалануға берілді.
Өңірдегі электр энергиясын жеткізу және таратумен тікелей айналысатын «Қызылорда электр тарату желілері» АҚ балансында облыс бойынша он мың шақырымнан астам электр желілері бар. Дегенмен, олардың 70 проценттен астамының тозығы жеткен. Ал, ЖЭО-ның өзінде де қондырғылар әбден ескірген.
Сондықтан, 2013 жылдан бері өңірде жаңа ЖЭО салу қажеттігі туралы айтылып келеді. Тіпті сол уақытта инвесторлар табылып, ресейлік «Балтық Ресей энергетикалық компаниясы» басшылығымен, ал сәл кейінірек қытайлық «ТВЕЛ» ААҚ компаниясымен келіссөздер жүргізілгені туралы айтылды.
Алайда, бұл бастамалардың барлығы келіссөздерден әрі аса алмады. 2014 жылы Қазақстанның Даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қатысуымен ЖЭО жаңғыртудан өтетін болды. Жаңғырту және кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме де әзірленді. Тіпті, ІІІ инвестициялық форум аясында Қазақстанның Даму банкімен аталған жобаны жүзеге асыруға 8,6 млрд теңге сомасында несие бөлу туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінетіні хабарланды.
Осы қаржыға тозығы жеткен жабдық заманауи бу-газ технологияларына ауыстырылуы керек болатын. Сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкімен Қызылорда қаласын жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуды қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қойылғаны, жобаны жүзеге асыруға ЕҚДБ 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлетіні хабарланған.
Осыдан кейін араға жыл салып, 2015 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті 2020 жылға дейін жылу-электр орталығын жаңғыртуға 16,2 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.
Департамент бекіткен бағдарлама ЖЭО-ның қолданыстағы активтерін жаңғырту, қолдау және реконструкциялауды көздейтін. Оған Еуропалық қайта құру және даму банкінің 6,5 млрд теңге қарыз қаражаты, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 8,8 млрд теңге және 165,16 млн теңге бюджет қаражаты бөлінген.
Нәтижесінде бірқатар жаңғырту жұмыстары жүргізілді де. Дегенмен, бастапқы көлемінен аз қаражат бөлінгендіктен, жоспарланған қарқынмен жүрген жоқ. Салдарынан жаңғыртудың соңы 2017 жылдың мамыр айында қайғылы оқиғаға ұласты. ЖЭО-ның мұржасы бөлшектеп бұзу кезінде опырылып құлап, үйінді астынан мердігер «Алтын ЛТД» ЖШС-ның екі жұмысшысы табылды.
Төтенше жағдайға қатысты сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеме жасап, оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатқанын, қорытындысы шыққан соң жергілікті атқарушы органдар комиссиямен бірге есеп беретінін айтты. Ал, комиссия жұмыстың қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүргізгенін, тіпті, лицензиясы да жоқ серіктестік жасағанын анықтады. Тіпті, ЖЭО басшылығының өзі мердігер жалдаған жұмысшылардың мұндай жұмысқа тәжірибесі жеткіліксіз екенін растады.
ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қаржы іздеу осы оқиғадан кейін де жалғасып, 2018 жылы Еуропа қайта құру және даму банкімен қайтадан келіссөздер жүргізілді. Сол кездегі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин журналистерге несиелік келісімге қол қойылғанын, жұмыс 2019 жылы басталатынын айтқан еді.
Содан бері атқарылған жұмыстар бойынша ешқандай есеп берілген жоқ. Тек 2019 жылдың мамыр айында аймақты жылумен қамту мәселесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. Мемлекет басшысы Қызылорда қаласының жылу- электр орталығын жаңғырту, сондай-ақ өңірді жылумен қамту мәселелерін шешуді тапсырды.
Президент тапсырмасынан кейін облыс әкімдігінің сайтында «Инвестицияларды қажет ететін жобалар» айдарында «Қызылорда қаласында қуаттылығы 200 МВт жылу-электр стансасының құрылысы» деген инвестициялық өтінім жарияланды. Жобаның сметалық құны 200 миллион АҚШ долларына бағаланған болатын.
2020 жылы антимонополистер «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнынан тариф саясатындағы бұзушылықтарды анықтап, 53 миллион теңгеден астам қаржыны өндіріп алды. Содан кейін айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Есесіне қала тұрғындары жұмыс істеп тұрған нысанның апатты жағдайына байланысты мезгіл-мезгіл жарықсыз қалған жағдайлар жиіледі. Айталық, өткен жылдың қараша айының басында Қызылорда қаласының жартысына жуығы жарықсыз қалды. Күн сайын кешкілік жарық бірнеше сағат өшіріліп тұрды. Үзілістерге «KEGOC» АҚ енгізген шектеулер себеп болды, бұл өз кезегінде жергілікті ЖЭО-да электр энергиясын өндірудің төмендеуіне әкелді.
Ал, өткен айда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі құны 215 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі жаңа электр станциясын салу жұмыстары туралы хабарлады. Нысан құрылысын инвестор түрік компаниясы «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» жүргізетін болды. Мердігер мекеме бу-газ қондырғысын жыл аяғында бастап, 2025 жылы ел игілігіне пайдалануға беруі тиіс.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»





