Целиноградқа барып, Астанаға тұрақтаған

1216

0

Астана өнер, білім және мәдениеттің, ғылымның ордасына айналды. Кезінде үлкен қалаға еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып, білім алу үшін барғандардың көбі бүгінде орта жастан асқан елорданың тұрғынына айналған. Жастық шағының, өмірінің ұмытылмас дәуірінің куәсі болған Астана олардың көз алдында күн сайын қарыштап дамып, өркендеп келеді.

Осыдан 30 жыл бұрын Қазалының қызы Бекзат Көшкінбаева білім қуып Целиноград мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Алты айдан кейін оқу орны Ақмола мединституты атанды. Өзі армандаған дәрігерлік мамандықты 1998 жылы аяқтап, сол уақытта атауы Астана медицина академиясы болып өзгергенде бітіріп, елордада біржола тұрақтап қалды.

– 1998 жылы біз оқуды бітірген кезде ағайымыз: «Сендер бірінші болып Астана қаласы деген жазумен диплом алып тұрсыңдар. Жаңа Астананың болашағы сендердің қолдарыңда. Еліміздің медицина саласының дамуына үлестеріңді қоса беріңдер» деген болатын. Содан бері қанша жыл өтсе де ағайымыздың сөздері санамда жатталып қалыпты. Арман жетелеп, білім қуып, Ақмолаға келіп едім, осы үлкен шаһарда тұрақтап қаламын деп ойламадым. Кейін отбасын құрып, балаларымды дүниеге әкелдім.

Біз оқып жүргенде көшелер тар болатын. Ол уақытта Есілдің тек оң жағалауы бар-тұғын. Жатақханадан теміржол вокзалына дейін жаяу баратынбыз. Жас кезімізде қаланы жаяу шарлап жүре беретін едік. Ал қазір мүлде басқаша. Астана біздің көз алдымызда тез гүлденіп, көркейе бастады. Қазір көкпен таласқан биік ғимараттар, жаңа теміржол вокзалы, Астана опера және балет театры, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ғимараты өзге де көз қызығатындай нысандар өте көп. Алайда жастық шағымыз, қызықты студенттік өміріміз оң жағалаумен байланысты болғандықтан бізге ыстық көрінеді. Ол жақта да әсем ғимараттар бар. Жасыл желек көп. Сонымен өзінше әдемі, қаланың көркін келтіріп тұрады, – дейді дәрігер.

Бекзат әсем шаһарда Тахир Оразбаев есімді жігітке тұрмысқа шығып, бүгінде екеуі бір салада қызмет етуде. ҚР Ішкі істер министрлігінің орталық госпиталінде жолдасы анестизиолог-реаниматолог, өзі сәулелік диагностика бөлімінде УЗИ дәрігері болып жұмыс істейді. Екі қыз, бір ұлы бар. Барлығы да Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған.

Астана – армандар орындалатын, ірі жобалар жүзеге асатын, тың идеялар тоғысатын жер.  Алып шаһар өзінің сұлулығымен тамсандырып қоймай, әр адамның қабілетін арттыруға мүмкіндік туғызып, жарқын болашаққа қадам бастайтын киелі өлке деуге де болады. Бір ғана Оразбаевтар отбасы – осы сөзіміздің дәлелі. Олардың өмірінің әрбір сәті, қуанышы мен естен кетпес оқиғалары Астананың тарихымен астасып, біте қайнасып жатқандай. Дәрігерлер отбасына үлкен өзгеріс әкелген шаһар жастар үшін мол мүмкіндіктер мен биік белестердің бастауы боларына сенеміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<