Облыстық Жастар ресурстық орталығында жас өрендер шахматтан Әлем чемпиондары Әсел Серікбай және Назерке Нұрғалимен кездесті. Жиын «Чемпиондармен кездесу» деген атаумен өтті. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.
̶ Алдымен балғын балаларды бүгінгі төл мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара әрбір жас жеткіншек үшін пайдалы боларына сенемін. Мемлекет басшысы айтқандай, биылғы жыл «Балалар жылы» болғандықтан, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау ̶ біздің міндетіміз. Сіздердің араларыңыздан да Әсел мен Назерке сынды Әлем чемпионы шығатынына сенім мол. Оқуда озат болып, биік шыңдарды бағындыруларыңызға тілектеспін, ̶ деді Мира Қазбекова.
Кездесуде жеңіске жетудің сырлары, жасөспірімдерді шахматқа баулу төңірегінде ой қозғалды. Қос чемпион өздерінің өмір жолы мен спорттағы табыстары туралы кеңінен әңгімеледі.
̶ Өзім сияқты шахматқа қызығатын жастармен кездесу, өз тәжірибемді бөлісу, шыны керек, ерекше күйге бөледі. Кішкентай балалардың қызығушылығын, шахматты үйренуге деген ұмтылысын байқадым. Дегенмен бұл спорт шыдамдылықты, жауапкершілікті, бастысы логиканы талап етеді. Сол себепті кішкентай жеткіншектерге, ең алдымен оқуға көңіл бөліп, ойлау қабілетін дамыту керектігін айтқым келеді, ̶ деді Әсел Серікбай.
Сондай-ақ, балалар шахматқа қатысты сұрақ қойып, тың деректерге қанық болды. Тіпті кейбірі чемпиондардың шәкірті болғысы келетінін жеткізді. Кездесуде Әсел мен Назерке жас шахматшылармен бір сеанстық ойын өткізді.
̶ Чемпион болу үлкен еңбекті қажет етеді. Әріптесім айтқандай, ең алдымен жауапкершілікті сезіну керек, онсыз ешнәрсеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан шахматшы боламын десеңіздер, осы бастан білім шыңдап, жақсы нәтижелерге қол жеткізгендеріңіз жөн, ̶ деді Назерке Нұрғали.
Жиын соңында Мира Жомартқызы чемпиондарды Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Бүгінде жасөспірімдердің логикалық қабілетін арттыру үшін білім ордаларында шахмат үйірмелері ұйымдастырылуда. Тәжірибелі жаттықтырушылар жастарға шахматтың қыр-сырын үйретіп, жас өрендер облыстық, аудандық, мектепішілік жарыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанып келеді. Мұндай іс-шаралар баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<