Чернобыль апаты құрбандарын еске алды

1050

0

Бүгін облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Чернобыль қаласындағы радиациялық апаттан қаза тапқан боздақтарды еске алу шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты – апат салдарынан қаза тапқан, ауыр жараланған ерлерге құрмет көрсетіп, ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау.

Осыдан 36 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, радиациясы көрші мемлекеттерге жетіп, апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды.

Чернобыль апатының алдын алуға қатысқан мыңдаған отандасымыз ерлігі мен жігерінің арқасында радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Олар Отан үшін өмірлерін қиып, өзге де адамдарды қорғап, өз борыштарын орындады.

Жиында қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Парасат Жаңабергенов сөз алып, мыңдаған отандастарымыздың ерліктеріне тоқталды. Сондай-ақ, Чернобыль қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Жақанов естелік айтты.

Шараға жиналған қауым Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтардың рухына бас иіп, боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Соңында құрбандардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<