Цифрландырудағы табысты трендтер

855

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Заман ағымы барлық саланы цифрландырып, дамудың жаңа сипат алғанына да аз болған жоқ. Иә, цифрландыру бұл – адамның әрекеті арқылы жасалатын жұмысты сандық форматқа ауыстыра отырып, уақытты үнемдеу. Цифрландыру халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған тың идеялар тоғысы.

Бағдарламалар бағдары

Негізінен, сандық трансформация Президент Жолдауында үшінші жаңғыртудың желілік бағыты ретінде белгіленген. Осы себепті де 5 жыл бұрын негізгі 5 бағытты құрайтын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген-ді.

Ол қандай бағыттар? Алғашқысы – экономика салаларын цифрландыру. Бұл экономиканың барлық салаларын жаңартуды көздесе, екіншісі – сандық мемлекетке көшу ісі де елдегі тұрғындардың тұрмыстық проблемаларын шешеді. Ал үшінші бағыт – «сандық Жібек жолын жүзеге асыру» бастамасы шалғай жатқан ауылдарға интернет жеткізу, сол арқылы байланыстың желісін дамыту міндетін мойнына алады. Мұнан бөлек, адами капиталды дамыту кезеңі де айрықша маңызға ие. Бұл бірінші кезекте білімді жетілдіру, өзін-өзі дамытуға жетелеуден басталады. Ал соңғысы – инновациялық экожүйені құру тетігі жаңа идеялардың іске асып, бизнес пен ғылымды байланыстыруға жол салмақ. Қарап отырсаңыз, бес міндеттің де басты түйісер жері – экономика. Ал экономика жаңа деңгейге көтерілсе, халықтың тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарады.

Айтпағымыз, цифрландыру ісінде талай жылғы тәжірибелер сарапқа салынды. Озық идеялар мен игі бастамалар назарға алынды. Бұл осы салаға бас қатырып жүрген мамандар сөзі. Рас, қазір ел ішінде цифрлы Қазақстан қоғамын құру бағытында әр аймақ сандық форматқа көшудің жоспарын түзіп, тіпті арнайы жобаларды бастап та кетті. Бұл жай айтылған сөз емес. Үкімет басшысының өзі де цифрландыру ісіне ең алдымен әкімдер жауапты деген-ді. Соның бір мысалы ретінде, Қызылорда облысын алайық. Сыр елі жаһанданудың толқынымен келген ІТ сала арқылы цифрландыру жолында әрі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Smart city» тұжырымдамасын әзірледі. «Ақылды қала» деп ат беріп, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын жоба ойлап тапқан болатын.

Негізінен, «Цифрлы Қазақстан» және «Еуразиялық одақтың негізгі бағыттарын 2025 жылға дейін цифрландыру» мемлекеттік бағдарламаларының берері көп. Оның «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сияқты бағыттары ел өмірін жеңілдетеді. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттің экономикалық дамуын жеделдету және цифрлы технологиялар есебінен халықтың өмірін жақсарту, цифрлы экономиканы құруға жағдай жасау.

Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда цифрлы жобаларға 200 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталған. Аталған қаржы ауыл шаруашылығын цифрландыруға, IT-жобаларға, цифрлы технологияны дамытуға және облыстардағы орталықтардың инфрақұрылымына, сондай-ақ телекоммуникация, аэроғарыш және электронды өнеркәсіп саласына инвестиция салуға жұмсалған. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында келесі жылы 33 іс-шараға республикалық бюджеттен 20,9 млрд теңге қаражат қарастырылған екен.

Айта кетейік, цифрлы экономика – бұл сандық ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалануға негізделген экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі. Бүгінгі күні цифрлы экономиканың қажеттілігі және оған деген сұраныс артуда. Себебі шұғыл өзгеретін нарықта инновация тез бейімделеді және әлемдік интеграцияға оңтайлана кіре алады. Сондықтан қазір ұлттық экономика салаларындағы кәсіпорындар Дүниежүзілік сауда ұйымының қатаң талаптарына сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті заманауи өнімді шығаруға талпынып келеді.

Көптеген елде цифрлы технологияларды тиімді пайдалануға және сенімді ақпаратпен алмасуға қажет инфрақұрылым қалыптасқан. Мәселен, COVID-19 індетімен күресуде 3D арқылы басып шығару, дезинфекциялық роботтар және интернет-дүкендер кеңінен өріс алған. Әлемдік экономикада цифрлы технологиялардың кең таралуының басты себебі әлеуметтік дамудың траекторияларымен байланысты. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Франция сынды дамыған елдерде базалық ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды құрудан бастап, цифрлы технологияларды кеңінен енгізуді қолдау бағдарламалары бар.

Цифрлық тұңғиық

Мойындау керек, Қазақстанда цифрландыру жүйесі біркелкі емес. Шағын және орта бизнес саласында да осы жағынан ала-құлалық бар. Бұл мәселе өсу деңгейін тежеп қана қоймайды, сонымен қатар жақын арада цифрлы алшақтыққа алып келуі мүмкін.

Жасырып-жабатыны жоқ, Қызылорда облысындағы цифрландырудың көлемі мен сапасы қандай екенін коронавирус дағдарысы кезінде анық байқатты. Елімізде электронды цифрлық қолтаңбаларды оңтайлы тіркеу және әлеуметтік төлемдерді беруді ұйымдастыруға мемлекеттік қызметтердің мүмкіндігі жеткілікті болды. Бірақ эпидемияға қарсы шараларды әзірлеу және тұрғындардың мәліметтерді пайдалануы жеткіліксіз болып шықты. Әсіресе, республикадағы білім саласында мектеп, колледж, университет деңгейінде білім алушылардың қашықтан оқу үрдісіне көшірілуі білім саласын цифрландыруда көптеген күрделі мәселе бар екенін көрсетті: көптеген елді мекен интернетпен қамтылмаған, байланыс нашар, желі дұрыс ұстамайды, компьютерлер жетіспейді, қысқасы, ел телекоммуникациялық инфрақұрылымын цифрландыруға дайын болмады.

Дегенмен де алға ілгерілеушілік жоқ емес. Айталық, еліміздегі екінші деңгейлі банктер төтенше жағдай кезінде және әлеуметке үздіксіз қызмет көрсетуге ұмтылып, операциялық ортаның өзгеруіне және ішкі процестердің өркендеуіне жедел ден қойды. Қысқа мерзім ішінде клиенттерге бірқатар жаңа қызметті ұсына алды, оның ішінде тауарлар мен қызметтерге қашықтан төлем жасау мүмкіндіктерін кеңейте отырып, көптеген қызметті онлайн жеткізуді іске қосты. Төлем арналарының кеңеюі өз кезегінде онлайн сақтандыруға жол ашты, бөлшек сауда тауарларының түрлерін көбейтті және бағалы қағаздар нарығында оң өзгерістерге әкелді. Тұтастай алғанда, қаржы секторы өзін жақсы серіктес ретінде тағы да дәлелдеді. Сондай-ақ, бұл жерде клиенттердің қашықтан қаржылық қызметтерге деген сұранысының өсуі технологиялық компаниялардың осы сегментке деген қызығушылығын арттырғанын атап өткен жөн. Тұрғындар үшін бұл – қолайлы жағдай. Өйткені бәсекелестіктің артуы қызметтердің сапасын арттырады, құнын төмендетеді. Бірақ банктер үшін бұл екі еселенген қосымша қаржы жұмсау болса да, олар қызмет көрсету сапасын жақсартуға ұмтыла беруге тиіс.

Жүргізілген зерттеулер облыстағы цифрлы экономиканы статистикалық өлшеудің болашақ бағыттарын анықтап берді.

ІТ-парк

Жоғарыдағы бағдарламалардың Сыр еліндегі басты жемісі – IT-парк. Оның құрамында ақпараттық-тіркеу бөлімі, жұмыс аймағы, презентациялау аймағы, бизнес-келісім аймағы, әңгімелесу-демалыс аймағы, оқыту аймағы, техно-лаборатория (мастерская), 3D студия, серверлік бөлме бар.

– ІТ-паркті құру талантты жастарды қолдап, олар жасаған инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, түрлі лабораториялық симулятор, 2D, 3D графикалық жобаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға, өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызады, – дейді мамандар.

2017 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «HаckDаy-2017» аймақтық фестивалі өңірдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында талантты жастардың көп екендігін дәлелдеп, алғашқы ІТ-паркті құру қажет екендігі айқын сезілген болатын. Сол кезден қазірге дейін қалада түрлі цифрлық байқаулар өткізіліп, жобалар ұсынылып, талантты жастар да таныла бастады.

ІТ-паркте республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері Сыр елі өнертапқыштарының жұмыстарымен танысып, презентацияланған ІТ жобалар бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіре алады.

Сырдағы серпін

2022 жылдан бастап 10 қараша ҚР «Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің» кәсіби мерекесі болып бекітілген еді. Биыл екінші жыл сала мамандары айтулы датаны атап өтті. Қызылорда облысы әкімі аппаратының Цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, жүйелі жоспарлармен бөліскен болатын.

– Қазір осы салаға бағытталған бірнеше жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – Astana Hub Халықаралық стартаптар технопаркінің тәжірибесін өңірлерде тарату қолға алынды. Осы ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және өңірлік IT-парк базасында Kyzylorda Hub өңірлік хабы жұмысын бастады. Бүгінде республикада хабтардың жұмысы бойынша І орында. Бұл – саланың қарқынды дамуының көрінісі, – дейді С.Ибадулла.

Жастардың инновациялық идеяларын, стартаптарды қолдау мақсатында жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен Pecha Kucha кездесулері, Hackathon IT жобалар байқауы және жыл қорытындысымен InnoFest Qyzylorda ауқымды инновациялық жобалар фестивалі тұрақты түрде өткізілуде. Осы уақытқа дейін аталған шараларға қатысушылар саны 8000-нан асыпты.

– Бір байқағаным, ІТ салада идеясы бар, интригадан алыс жақсы орта қалыптасып келеді. Бастапқыда сайт жасап, мобильді қосымшаны іске қосуға ынталы жігіттер қазір жасанды интеллект мүмкіндіктері бар жобаларға мойын бұра бастады. Себебі келешекте білім, медицина, сервис, туризм, бизнес секторының бәрі де нейрожүйедегі жаңа трендтерге, жасанды интеллект өнімдеріне тәуелді бола бастайды.

Қазір ІТ нарық ChatGPT, Runway, D-id, Heygen платформасымен еркін жұмыс істей алатын маманды қажет етеді. Ал қарқынға ілесу үшін ортақ идеялар алаңы керек. Аймақтағы мамандар бірнеше жылдан бері Pecha Kucha Kyzylorda шарасын осы үшін өткізіп келеді. Аз уақыттың ішінде жігіттер нағыз қажет тақырыптарды практик болған жастардың өздерімен бірге талқылайды. Мамандықтар атласы қайта жасалып, құндылықтар өзгере бастаған кезеңде ІТ саласына қажеттілік артпаса кемімейді. Ең бастысы, ынталы жастарға облыс әкімінің тұрақты қолдауы бар. Қолдау бар жерде даму бар, – дейді Абай Тағыберген.

Қызылорда цифрлық әлем тез арада шет елдердегідей дамып кетеді деу қиын. Бірақ, көшке ілесіп келеді. Түрлі технологиялар келіп, оны меңгеруде жастар қалыс қалып жатқан жоқ. Енді тек білім мен ғылым өзімізде технология өндіруге күш салса, қазақ елі де алдыңғы қатарлы дамыған мемлекет болар еді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<