Цифрлық телевизия кезеңі

652

0

Аймақта телерадио хабарларын таратуда жаңа өзгеріс болды. Республика бойынша Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Қызылорда облыстарында аналогты телевизияны өшіре отырып, цифрлық эфирлік телевизияға көшу жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Артур Раушанбекұлы, «Қазтелерадио» АҚ облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының директоры Тасболат Құлбаев пен дирекцияның сату орталығының басшысы Ұлықбек Құтышевтың қатысуымен көшпелі брифинг өтті.

Цифрлық телевизия кезеңі

– ЦЭТВ – әлеуметтік жоба. Алғаш рет Қызылорда қаласы және оған жақын орналасқан 36 елді мекенді қамтыған цифрлық эфирлік телевизия жүйесі Қызылорда радиотелевизиялық стансасында 2013 жылы іске қосылды. Ал, облыс көлемінде 16 РТС 2020 жылы пайдалануға берілді. Нәтижесінде облысты цифрлық теледидармен қамтуға 17 РТС қызмет көрсетуде. Бүгінде өңірдің 174 елді мекенінің 550 мыңнан астам тұрғыны, яғни, 80%-ы аталған қызметпен қамтылды. Облыста барлығы 30 РТС салу жоспарланған. Келесі жылы оның 13-нің құрылысы басталмақ, – деді Тасболат Әбдікәрімұлы.

Иә, енді облыс тұрғындарына кескіні мен дыбысының сапасы жоғары 15-ке жуық отандық телеарна қолжетімді. Ал облыс орталығының тұрғындары 30 шақты арнаны көре алады.

Сала мамандарының айтуынша, аналогты телевизиялық хабар таратудың кемшілігі көп. Өйткені аналогты электр сигналы өте алыс қашыққа берілсе, оның сапасы жоғалады. Мәселен, көкжәшіктегі кескіннің шағылыса жарқырауы, экранда қар жауып жатқандай суреттің бұрмалануы және басқа да кемшіліктер болуы мүмкін. Қазір көптеген фильмдер мен телешоулар цифрлық форматта түсірілуде. Демек, бұл форматтағы телевизия керекті эффектіні толық жеткізе алмайды. Ал жаңа жоба көптеген мүмкіндік пен қызметтерді ұсынады дейді мамандар.

–  Қазір  әлем цифрландыруға көшуде. Ал ЦЭТВ арқылы заман көшіне ілесіп, көп арнаны сапалы көруге мүмкіндік бар. Мұнда сурет пен дыбыстың үздік сапасы, электрондық пошта, мультимедиялық қосымшалар, радио, батырманы бір басу арқылы экранға шығатын электрондық хабарлар бағдарламасы мен субтитр тілін таңдау сияқты артықшылықтар бар. Цифрлық сигнал кедергіге төзімді және телекөрермендерге, тіпті, ең алыс елді мекендерге өзінің бастапқы түрінде, шуылсыз, бұрмаланусыз жетеді, – деді  Ұлықбек Иманбердіұлы.

Расында, ел игілігі жолында жасалған жұмыстың аяқалысы көңіл қуантарлықтай. Айтпақшы, аналогты телевизияны өшіре отырып, ЦЭТВ-ға толық көшу процесі нақты алынған өңірдің дайындығына байланысты және халықты алдын ала хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде 2025 жылға дейін жүзеге асырылады.

Осы тұста айта кетейік, жоба бойынша 827 цифрлық станциядан халықтың 98%-дан астамын қамту жоспарланып отыр. Бәрі ойдағыдай болса, бірнеше жылда елдің түгелге жуығы цифрлық эфирлік хабар таратуға қосылу мүмкіндігіне ие болып, отандық ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізбек.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<