«Цирк өзге әлемге жетеледі»

594

0

Көңіл көтеру мен таным кеңейту амалының тоғысар тұсы – цирк. Әсіресе, ерекше қимылдар, аңдардың қозғалысы көрерменді баурап, күйбең тірліктен бір сәт сергуге мүмкіндік сыйлайды. Ал сол ғажап өнердің өкілі болу қандай? Біздегі ахуал қай деңгейде? Аталған сауалдың жауабын Еуропа төрінде еңбек етіп жүрген қызылордалық, цирк өнерінің жас өкілі Махмуд Алмастан білген едік.

 Әңгімемізді алдымен цирк саласына келу жолыңыздан бастасақ. Ұзақ дайындық пен шеберлікті талап ететін бағытты таңдауыңызға не түрткі болды?
– Бала кезімнен әртіс болуды армандадым. Түрлі кино кейіпкерін ойша сомдап, атақты рөлдерді ойнауды қалағаным жасырын емес. Осы арман жетегімен Алматыға аттанып, оқуға тапсыруға мүмкіндік туды. Алайда сәл өзге бағыт, жанама салаға келдім. Ол – цирк. Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжіне актер мамандығына қабылдануға балл жетпей, ұстаздардың кеңесінің нәтижесінде мен үшін жаңа бағытқа жол ашылды.
Шынын айту керек, оқуға түскенше цирк өнерінен бейхабар едім. Алғашында бұл мамандықта да актерлік шеберлік үйретілетін болғасын қызыққанмын. Сол артықшылық үміт сыйлап, жаңылмайтынымды сездім. Дегенмен бастапқы кезең ауыр соқты. Сабақ мен күткендей жабық кабинет ішінде емес, цирк ішінде өтетін. Әуелгі 3 ай қиынға соқты. Арнайы жаттығулар, күшті талап ететін қимылдарды қйталау оңай емес.
Әлсін-әлсін қайталау арқылы барлық талапты орындап, игеру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік туды. Әр қойылымды орындаған сайын өзгесін жасап көруге құлшыныс артты.


– Алғашқы толыққанды цирктік қойылымыңыз есіңізде ме?
– Әрине, оқу орнында сабақпен қатар жеке қойылымдарға дайындалдық. Әр қойылымға кемінде 1 жылдай жаттығу қажет. Сондықтан бар ынтаны білім мен тәжірибеге салып, жетістікке қадам бастық дей аламын.
Бұл орайда жаттықтырушының да рөлі зор екенін атап өткім келеді. Алғаш жолбасшым бола білген Әділет Тиканов ұстазымның орны ерекше. Ол мүмкіндігімді бағалау арқылы кәсіби жолымның ашылуына ықпал етті. Мені өнердің қыр-сырына баулып, үнемі рухани жанашыр бола білді. Тіпті, қиын сәтте ақыл-кеңесін аямаған ағаға да айналды. Сол азаматтың арқасында шаршамай еңбек етуді, арман-мақсатқа жету жолында табандылықты үйрендім. Өзі де «Сені шетелге шығарамын, болашағың зор» деп көп айтатын. Нәтижесінде Алматы циркінде Hello circus атты бағдарлама әзірлеп, алғашқы қойылымға қатыстым. Халықтың алдына шыққанда қобалжып, кейін көптің назарына бой үйрете бастадым. Венгрия елінде алғаш байқауға қатысқанда да сол сезімді бастан өткердім. Бірақ уақыт өткен сайын күш-жігер сенім қосып жетістіктің қақпасы ашылды. Мысалы, Испания елінде халықаралық фестивальге қатысқанда еш қорқыныш, алаң болмады. Бұл — кәсіби өркендеудің белгісі деп ойлаймын.

– Тарихта арнайы оқу, дипломсыз жетістікке жеткендер жетерлік. Цирк маманына кәсіби білім қаншалықты керек?
– Әдепкіде мен де солай ойлайтынмын. Бірақ оқуға түскеннен кейін пікірімнің қате екенін аңғардым. Кәсіби білімнің алғашқы көмегі – қауіпсіздік. Яғни, білікті мамандардан дәріс алу қойылым барысында орындалатын гимнастикалық әдістерді қауіпсіз жасауға мүмкіндік береді. Уақыт пен қимылды бақылау, әріптестерге кедергі келтірмеу, сахна мәдениеті де кәсіби білімді әртістің ғана қолынан келеді.


– Қауіпті жаттығу­лар жасау таңсық емесі анық. Қойылым барысында жарақат алу жағдайы көп кездесе ме?
– Иә, қауіпсіздік ережесін сақтамау, тәжірибенің аздығы, әріптес олқылығы жарақатқа әкеледі. Сондықтан бір әдісті 1 жыл қайталау арқылы қатесіз орындауға тырысамыз. Әбден жетіліп, бәрін ой елегінен өткізіп, ұжыммен байланыста қозғалыс жасасақ, жарақат аз болары анық. Дегенмен, жарақаттан қорқып циркке жақындамау – ерсі қадам. Цирк сонысымен құнды, қызықты.


– Бүгінде Еуропаны аралап, ондағы тәжірибе мен көрермен талғамына қанықтыңыз. Қазақстанға қарағанда қандай айырмашылық бар?
– Қазір қазақ тарихына негізделген және заманауи үлгідегі бірнеше қойылымды Еуропа төрінде сахналап жүрміз. Ондағы тұрғындардың өнерге ықыласы ерекше. Бізде танымал өнер түрлеріне ән, би, классикалық музыка жатса, ол жақта бәріне көңіл бірдей. Яғни, циркке де, биге де, спортқа да келетін көрермен саны жобалас. Бұл өнердің дамуына, саланың кенжелеп қалмауына ықпал жасайтыны сөзсіз. Алайда бұл қазақ көрермендері циркке келмейді деген сөз емес. Тек әлі де болса өнерге көзқарас бір жүйеге түспеді десек болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<