COVID-19 науқастары емханадан тегін дәрі ала алады

661

0

Коронавирус диагнозы қойылған науқастар өз емханаларынан қызуды төмендететін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін ала алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«COVID-19 емдеу үшін амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілді. Яғни, коронавирус диагнозы қойылған науқастар аурудың жеңіл формасы кезінде ПТР-тест нәтижесіне қарамастан, тіркелген жері бойынша өз емханаларында емдеуші дәрігердің тағайындауымен қызуды төмендететін дәрілер мен антикоагулянттарды (қан ұюға қарсы препарат) тегін ала алады», – деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 1,5 млрд теңгеге шамамен 1 млн адамды қамту жоспарланып отыр.

«Қазірдің өзінде медициналық ұйымдарға 1,5 млрд теңге сомасында дәрі жеткізілді. Бұл шара инфекциялық және провизорлық орталықтарда науқас санын азайтуға, COVID-19 жеңіл түрлерін амбулаториялық деңгейде емдеуге, халықтың дәрілік заттар алу шығындарын төмендетуге, стационарлық емдеу үшін мемлекет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. ҚР Үкіметінің қаулысымен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік заттарды кейін бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме сатып алу құзырына ие болды. 3,1 млрд теңгеге 33 дәрі атауына өтінімдер жазылды. Қор 2020 жылдың 30 қазанына дейін құрылады», – деді министр. Сонымен бірге, жеке қорғаныс құралдары да сатып алынып жатыр.

«2020 жылы 18 қыркүйекте 8 жеткізушіден 10 млн медициналық маска сатып алынды. Оларды жеткізу аяқталып қалды. Медициналық ұйымдарда жеке қорғану құралдарының 3 айлық қоры құрылды. Қосымша «Шеврон» компаниясы қосымша 400 000 жеке қорғаныс құралдары түрінде гуманитарлық көмек көрсетеді», – дейді А. Цой.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<