Ғаламның ортақ проблемасына айналған «COVID-19» пандемиясы қайта күшіне мінуде. Әлемнің 188 елінен 41 миллионнан астам адам індет ілмегіне іліксе, 12 миллионнан астамы аурудың белсенді фазасында болғандықтан бақылауға алынған. Ал қайтыс болғандардың ресми саны 1 млн 120 мыңнан асқан. Елімізде вирус жұқтырғандар саны 110 мыңға жуықтап, жағдай біршама тұрақты деп бағаланғанымен, қауіп басым. Әсіресе, соңғы кезде эпидахуалдың күрделене бастағаны байқалуда. Мысалы, 19 қазанда елімізде 115 адам ресми тіркелсе, соңғы тәулікте 143 адамнан анықталып отыр. Осы орайда індеттің болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарын пысықтау, қауіпті кеселмен күреске сақадай сай болу – басты міндет.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олжас Ысқақовтың қатысуымен өткен брифингте коронавирус инфекциясының болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстары жан-жақты баяндалып, қауіпті кеселдің белең алуына жол бермес үшін тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.
Өңірде бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 3249 адам тіркелген. Анықталған науқастардың эпидемиологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті саралануда.
– Аймақта эпидахуалдың тұрақты болуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар вирустың болжамды екінші толқынына да жан-жақты дайындық жасалуда. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры және 210 инфекциялық төсек-орын бар. Егер ахуал күрделенген жағдайда 3000 төсекке дейін жеткізуге мүмкіндік бар. 200 төсекке арналған модульдік аурухана құрылысы жүруде. Бұған қоса, 244 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қосымша тағы 7 құрылғы келеді. Бүгінде медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек-орын дайын. Жаздағы күрделі кезеңде маман тапшылығы орын алған болатын. Осыған байланысты бірқатар жұмыстар жүргізілді. 79 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқаруда. 161 мобильді бригада құрылды. Олар тұрғындардың үйлеріне барып медициналық көмек көрсетеді. Ондағы мақсат – адамдарды шоғырландырмай, мүмкіндігінше үйде болуды қамтамасыз ету, – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Маман тапшылығын болдырмау мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, басқа профильдегі мамандарға арнайы семинарлар өткізу жолға қойылған.
– Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймақтық дәрігерлер қауымы 84 жас маманмен толықты. Олар қажеттілігіне қарай қалалық, аудандық мекемелерге жолданды, – деді басқарма басшысының орынбасары Олжас Ысқақов.
– Коронавирус инфекциясы облыста ең алғаш 28 наурызда тіркелген болатын. Содан бері инфекцияның ең көп тіркелген кезеңі бұл – маусым, шілде айлары. Тамыз айында жағдай біршама тұрақталып, эпидахуал жақсарды. 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірде-бір ауру тіркелген жоқ. Бірақ қазан айында 6 жағдай тіркелді. Соңғы төрт жағдай 16 және 19 қазанда анықталып отыр. Осыған байланысты облыс репродуктивті сан жағынан республикада бірінші орынға шығып отыр. Бұл дегеніміз, аурудың тез таралу қаупі басым дегенді білдіреді. Осыған байланысты карантиндік шектеу шараларды күшейтуге жұмыс жасалады. Сондықтан карантин талаптарына бағынып, сақтық шараларын орындаудың маңызы зор. Карантин талаптарының сақталуын бақылау үшін құрылған 24 мониторингтік топ кәсіпкерлік нысандардың эпидемияға қарсы шараларды, санитарлық-дезинфекциялық режимнің сақталуына тексеріс жүргізіп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, – деді Ә.Әбдіқайымова.
Брифингте сондай-ақ, Наурызбай Сейтқалиұлы індетпен күресте өзін-өзі қорғау инстинкті қалыптаспай нәтиже болмайтынын айтты.
– Ауырған адамға дәрі де, ақша да, лауазым да, атақ та ара түспейтінін бастан өткердік. «Сақтансаң сақтармын» деген емес пе, олай болса әрқайсымыз өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді сезініп, сақтық шараларын қатаң ұстануымыз керек. Жағдай әлі де күрделі болғанымен біздің жүйелі бақылауымызда. Бұл бағыттағы жұмыс үзіліссіз жалғаса беретін болады. Күшейтілген карантин жеңілдетілгенімен қатаң талаптарды барынша ұстайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<