«Дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы өміршең

233

0

Экономика  инвестициясыз алға баспайды. Инвестор қолындағы капиталын ең алдымен пайда табу үшін белгілі бір жобаға құятыны белгілі.  Қыруар қаржыны қалтасынан шығармас бұрын жеті өлшеп, бір кесетіні де анық.

Инвестиция қандай елге келеді? Күшті экономикасы, халықаралық қоғамдастықта лайықты орны бар, уәдесіне берік, шетел инвесторларына тиісті жағдай жасайтын, қаржының қайтарымына кепілдік бере алатын, ең бастысы тұрақты, заң үстемдігі орнаған мемлекетке келеді. Тәуелсіздік жылдарында әлем, әсіресе Еуроодақ елдері, АҚШ Қазақстан экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция салды.

Катар Қызылордаға бу-газ станциясын салады

Әлемдегі геосаяси жағдай инвестициялық ахуалды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеуді талап етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» деді.

Мақсатты жолда атқарылған жұмыстардың Қызылорда облысының экономикасына тигізген оң ықпалы қандай?

Өткен бір аптаның бедеріндегі сапарлар мен ондағы қол жеткен келісімдер төңірегінде айтар болсақ, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Катарда «Power International Holding» компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаятпен кездесу барысында еліміздің энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысын қарастырды. Компания осы уақытта біздің облыста бу-газ қондырғыларын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобалары бойынша келіссөз жүргізілуде.

Жыл басында, дәлірек айтқанда, ақпанның 13-14-і күндері Мемлекет басшысының Катарға мемлекеттік сапары кезінде  «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Power International Holding» арасында энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды.

Қызылорда облысына қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу-газ қондырғыларын салу туралы бастама сол жолы келісімге енгізілді. Қазір «Самұрық Энерго» АҚ Катар инвесторларымен келіссөз жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Жаңа бу-газ қондырғылары Қызылорда қаласынан Ұлытау облысына шығаберіс аумақта салынады. Оған әкімдік 280 гектар жер бөлді. Осы жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» жоғары қуатты электр желілері жүргізіледі.

Қондырғылар арқылы облыс электр энергиясымен түгел қамтылып, орталық және оңтүстік өңірлерге де жіберіледі. Станцияны 2029 жылы толығымен іске қосу жоспарланған.

Салыстырмалы түрде айтсақ, өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – құны 42,1 млрд теңге тұратын шыны зауыты болса, бұл 800 млрд теңгеге жуық қаржыны қажет ететін өте ауқымды жоба екенін ерекше атап өтуіміз қажет.

Арнаны кеңейткен келісімдер

Өткен аптадағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар сапары, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Италия, Испания және Түркияға жұмыс сапары кезінде қол жеткен келісімдер, сөз жоқ, Сыр өңіріне инвестиция тарту бағытының арнасын кеңейтті.

Аймақ басшысы бастаған делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер болды. Агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту үшін Италияның ауыл шаруашылығы өнімдерін, машина жасау, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі  ескерілді. 

Рим қаласында «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесуде өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс істеу жайы талқыланды.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, италиялық өнеркәсіпшілер ассоциациясы өткен ғасырдың 20-жылдары құрылған. Құрамына 150 мыңдай кәсіпорын біріккен.

– Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Серіктес қажет болған жағдайда аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар, – деді.

Аймақ басшысы тұтынушыларына клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған жоғары сапалы өнімдер  ұсынатын «SGM Іtalia» компаниясының басшысымен іскерлік кездесуде инвестициялық бағытты айқындады.  Ол бағыт – Қызылорда облысында биохимиялық ерітінділер мен реагенттердің жергілікті өндірісін ашу.

Облыста биохимиялық ерітінділер және реагенттермен жұмыс істейтін бірнеше ірі зертхана, атап айтқанда, «Олимп» зертханасының 18, «Invivo» зертханасының 20 филиалы бар. Олар клиникалық диагностикамен белсенді айналысады және жоғары сапалы реагенттерді қажет етеді.

«Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен кездесуде ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды.

Бұдан бұрын, яғни 29 қазан күні Қазақстан мен Италияның ынтымақтастық жөніндегі 9- жұмыс тобының отырысында «Қазақстанның Даму банкі» АҚ мен «Cassa Depositi e Prestiti (CDP)» италиялық ұлттық даму институты 200 млн еуро сомасына кредиттік келісімге қол қойды. Қаржыландыру Италияның «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің кепілдігімен жүзеге асырылады.

Бұл – CDP-нің Қазақстандағы алғашқы мәмілесі. Қаражат елдің тұрақты дамуына ықпал ететін экономиканың негізгі секторларын дамытуға бағытталмақ. Жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігі, көлік, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау инфрақұрылымы сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылады.

Аталған келісім – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қаңтар айында Италияға ресми сапары барысында көтерілген экономикалық бастамалардың қисынды жалғасы.

 «Ansaldo Energe» компаниясының басшысы Фабрицио Фаббримен кездесуде де өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар талқыланды.

Делегацияның Италиядағы сапары  Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығында жалғасты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқкиім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды. Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқкиім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.

Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді. Елімізде де, өңірде де мал басының жыл сайын артуы тері және жүн өңдейтін кәсіпорындар желісін дамыту керектігін күн тәртібіне шығаруда. Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған.

Аймақ басшысы облыс тұрғындары атакәсіпті өркендету ісіне бейім болғандықтан, шикізатқа қажетті өнімдер жеткілікті екенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген. «Бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Серіктес қажет болған жағдайда, өз салаларында жетістікке жеткен кәсіпкерлер сіздермен келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді. Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды, – деді Н.Нәлібаев.

Кастеллани мырза екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.

Делегация құрамында болған қызылордалық «Абзал және К» толық серіктестігінің өкілі Сағидолла Сыздықов Милан қаласында жетекші агроөнеркәсіптік компания өкілдерімен маңызды кездесу өткізіп, «Poluzzi Track System Engineering» компаниясымен келісімге қол қойды. Серіктестік өкілінің айтуынша, бұл – аграрлық секторға жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Ал «Ravaro» компаниясымен жасалған ағынды астық кептіргішті жеткізу туралы келісім жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізбек. Астық кептіргіш өнім сапасын жақсартуға және сақтау кезіндегі шығындарды азайтуға көмектеседі. Осы жолы «Абзал және К» толық серіктестігі италиялық ірі күріш компанияларының бірі – «Omodei Zorini»-мен өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Бұл серіктестік өңірде күріш шаруашылығын дамытудың, инновациялық технологияларды енгізудің және өнім сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Испан компаниялары қызығушылық танытты

Сыр өңірі делегациясының жұмыс сапары Испанияда жалғасып, облыс әкімі жауапты сала басшылары, кәсіпкерлермен бірге инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Алдымен сәулет, құрылыс, интерьерге, жуынатын бөлмеге арналған өнімдерді өндіруге және сатуға маманданған компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Бетонды гидрооқшаулауға арналған қоспалар мен ерітінділер өндіру және сатумен айналысатын СЕО «Krystaline Technology S.A.» компаниясының директоры Хорхе Компани елімізде инновациялық қоспалар өндіруге қызығушылық танытты. Сонымен қатар, делегация «DLQ International Consulting, S.L.» компаниясының президенті Рафаэль де ла Куадро, «Groinn» компаниясының Испания бойынша директоры Хавьер Бланкомен де келіссөздер жүргізді.

«DLQ International Consulting, S.L.» компаниясы біздің елімізде былғары индустриясын зерттеудің техника-экономикалық негіздемесін дайындап, 1 қазанда Испанияның Сауда хатшылығына 1 млн еуро көлемінде грант алуға құжат тапсырды. Сол айда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевпен бейнебайланыс өткізілген. Қазақстандық тарап осы жобаға қызығушылық танытуда.

Ал «Groinn» компаниясы ауыл және орман шаруашылығын басқаруды оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен озық датчиктерді біріктіретін технологиялық құрылғыларды әзірлеуде. Компания өз жобасын елімізге инвестициялауға және серіктес іздеуге ниет білдірді.

Облыс әкімі әріптестікке, ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытқан кәсіпорын басшыларына алғысын жеткізіп, өңірдің басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, жоғары деңгейдегі инфрақұрылымы, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.

– Аймақта қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Сондай-ақ балық шаруашылығы – басым сала. Өңірде Арал теңізі және 200-ден астам көл бар.

Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Шикізат өңдейтін жобаларды іске асыруға қор жеткілікті. Өңірдің тәжірибелі кәсіпкерлері серіктес болу үшін келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді. Сіздерді де Қызылорда облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз!– деді Н.Нәлібаев.

Нұрлыбек Машбекұлы Барселона қаласында өткен «Glovo» компаниясының халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Вильям Бентхоллмен кездесуде курьерлік қызмет саласында бірлесіп жұмыс жасау ниетін білдірді.

Барселонада 2015 жылы  құрылған испандық стартап әлемнің 20-дан астам еліне қанат жайған. Бұл – мобильді қосымша арқылы тапсырыс берілген өнімді сатып алып, арнайы термосумкаға салып жеткізетін курер қызметі.

Бүгінде уақыт адамға ең жетіспейтін құндылықтар қатарына енді.  Сондықтан сұраныс курьерлік қызметтің қарқынды дамуына жол ашты.

– «Glovo» компаниясының қызмет сапасы біз үшін өте қолайлы. Қазақстан нарығында 5 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейтін бұл компания еліміздің 14 ірі қаласында шоғырланған. Қызылордада халықтың 50%-ы сіздің компанияны таңдайды.

Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан. Әріптестік пен инвестициялар үшін өте қолайлы, қарқынды даму сатысындағы өңір. Көлік-логистикалық әлеуеті, инфрақұрылым желілері дамыған. Минералдық-шикізат ресурстарының қоры бай, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері зор.

«Glovo» сияқты беделді серіктеспен жұмыс жасау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз Қызылорда облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз, – деді облыс әкімі кездесу кезінде.

Осы сапарда «Salinera Espanola» тұз өндіретін компания өкілімен онлайн кездесу өтті. Қазақстандық тұздың 90%-ы Қызылорда облысында өндірілетіні белгілі. Арал ауданындағы тұз өндірісінің тарихы бір ғасырға жуықтаған.  «Аралтұз» республикадағы тұз қазу мен оны өңдеу бойынша ең iрi кәсiпорын саналады. Оған қоса, өңірде «Алтын орда» тұз өндіруші серіктестігі бар. Испандық тұз өндіруші компания өкіліне осындай деректер ұсынылып, әріптестік орнатудың артықшылықтары түсіндірілді.

«Абзал және К» ТС үшін Испания сапары да жемісті болды. Бұл елде серіктестік өкілі «Gro in Desarrollos» ауыл шаруашылығын цифрландыру қондырғыларын шығаратын компаниямен меморандумға қол қойды.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы Түркияда «Arbel Group» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан мырзамен кездесті. Онда аймақтың күріш өндіру саласындағы мүмкіндіктері мен жаңа жобалар жайы талқыланды. Облыстың күріш өндіруші, халықаралық нарықта табысқа ие ірі компаниялары, олардың жетекшілерінің бірлесе жұмыс істеуге бейілдігі туралы айтты.

Бастаманың алғышарты

Мұнай қорының сарқылуы салдарынан он жыл бойы төмендеуден көз ашпаған өнеркәсіп өндірісінің кейінгі бір жылда оң динамикаға шыққаны инвестиция тарту  саласындағы жұмысқа соны серпін берді. Деректерге сүйенсек, 2022 жылы Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша 11-орында, яғни артта қалған өңірлердің бірі еді. Өткен жылдан бері қалыптасқан өсім өңірді алдыңғы қатарға шығарып, барлық бастамаға алғышарт болды. Оның ең басында, әрине, инвестиция тарту тұр, бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы әрі уақыттың да талабы.   

Кейінгі үш жылдың көрсеткіштеріне қарасақ, облыста 30 млрд теңгенің 35 инвестициялық жобасы іске қосылды. Негізі жыл басында жоспарланған 517,5 млрд теңге меженің 478,3 млрд теңгесіне 10 айда қол жеткен. Өңірге бекітілген индикатор екі жыл қатарынан артығымен орындалып келеді. Тарқатып айтсақ, 2022 жылы 373,5 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы белгіленген еді. Жоспар 10,6%-ға артығымен орындалып, 413,3 млрд теңгеге жетті. Ал өткен жылға бекітілген 424,2 млрд теңге индикатор 21%-ға асыра орындалып, 513,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Қызылорда көрсеткіштің өсу қарқыны, жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңірлер арасында І орынға шықты.

Өңірдің өнеркәсіп саласына  шыны зауыты арқылы 42 млрд теңге инвестиция келген. Зауыт іске қосылғаннан бері 37,1 млрд теңгенің 28,7 млн  шаршы  метр шынысын өндіріп, оның 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейге экспортқа жіберілді. Бүгінде онда 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Аймаққа инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа жобаларды іске асыру үшін шетелдік компания басшыларының, дипломатия өкілдерінің облысқа жұмыс сапарлары, кездесулер ұдайы ұйымдастырылады. Осы орайда биылғы сәуір айында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қызылордаға  жұмыс сапарымен келгенін атап өтейік. Облыс әкімдігінің шақыртуымен келген делегация сапарының негізгі мақсаты – өңірге инвестиция тарту мәселесін қарау.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Өткен айда  Қызылордада «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы қолданысқа берілді. Терминалға «Болат Өтемұратов қорының» 16 млрд 600 млн теңге инвестициясы салынған. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, жол салуға, аумағын абаттандыруға, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жаңа нысан аз уақытта еліміздегі ең сәулетті,  ұшып келушілер мен кетушілерге барлық жағдай жасалған, халықаралық талаптарға толық сай келетін әуежай деген баға алып үлгерді. Терминалдағы ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған, CIP залдары, жүкті автоматты беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетуде.

«Қорқыт Ата әуежайының» кейінгі 9 айда жолаушылар мен жүк тасымалында жақсы нәтижелерге қол жеткізуі,  жолаушылар, рейстер санының артуы тұрақты өсімге және әуе тасымалының жоғары белсенділігіне негіз қалады.

Өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдар үлесінің 92 пайыздан асуы,  газбен қамту көрсеткішінің 78 пайызға жуықтауы да инвесторларға қолайлы жағдай туғызары сөзсіз. «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жаңғыртылуы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру, Қызылорда қаласындағы жаңа автовокзалдан сапарға шығатын автобус маршруттары да өз кезегінде оң ықпал етеді.

Қылышын сүйретіп қыс келген сайын еліміздегі жылу-электр орталықтарының қандай жағдайда екені айқын көрінеді.  Қызылордадағы жылу-электр орталығы да 60 жылдан бері жыл сайын қыруар қаржы салынып, күрделі жөндеу жасағанның арқасында ғана қалыпты жұмыс істеп тұр. Енді ескіні жамап-жасқаудан біржола құтылатын уақыт та жақындап қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оңтүстік өңірлердегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу үшін түркиялық «Aksa Energy» компаниясы  Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысын қарқынды жүргізуде. Инвестор жылу орталығының құрылысына 127 млрд.теңге инвестиция салды. Орталық келер жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Құрылыс барысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына бой көтерген ең ауқымды, теңдессіз жоба.

«Жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жобаның, атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Uranus wind» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.

Сонымен қатар, осы жылдың қараша айында Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан қуаттылығы жылына 90 млн дана кірпіш шығаратын заманауи зауыт құрылысы басталды. Жоба бастамашысы – «Қызылорда Саз-М» ЖШС. Жобаға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 7 гектар жер телімі табысталды. Оның аясында 5 млрд теңге игеру және 70 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Сапардан соңғы серпін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайта түскені мәлім. Әсіресе, өмірінің соңғы жылдарын Қызылордада өткізген  генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы Сыр өңірі мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.

Ел Президентінің шетелден инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы өткен жылдың мамыр айында Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Өндіріс саласына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу,  озық технологиялар әкелу және тәжірибе алмасу бағыттарында өзара ынтымақтастық орнатуды көздеген сапарда Шинхан университетінің, Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің президентімен кездесу өтті.

Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасын орындауда  Кореяның білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларындағы жетістігі назарға алынды. Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында  Қызылордадағы Қорқыт ата университетінің базасында Қазақстандағы тұңғыш жасанды интеллект институты ашылды. Болашақ бағдарламашылар, киберқауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул ұлттық ғылым және технология университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылуда.

Сол сапарда Тэджон қаласының мэрімен, Чоллабук-до провинциясының губернаторымен кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпараттар ұсынылды, кореялықтар жобаларды қолдау ниетін білдірді.

Өткен жылы шілде айында Пекин қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулер өткізгені белгілі. Делегация құрамында Қытайға барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясының басқарма төрағасы Цзэн Бинь мырзамен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Облыс аумағындағы кеніштердің табиғи сарқылуына байланысты мұнай өңдіру көлемін арттыруда компанияның инновациялық технологиялары мен оң тәжірибесін ескеріп, жергілікті компаниялармен бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Келіссөз нәтижесінде өңірдегі мұнай кен орындарының тиімділігін ұлғайту және өнімділігін арттыру бағытында химиялық реагенттер өңдіру, арнайы мамандарды даярлайтын оқу бағдарламаларын құру және әлеуметтік жобалар бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мақұлданды.

«China Glass Holdings LTD» компаниясының президенті Лю Гуо мырзамен кездесуде шыны зауыты айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Қытайлық тараппен бірлесіп, қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын іске асыру бойынша екіжақты меморандумға қол қойылды.

Сол сапарда «Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы» президентімен, Нанкин қаласының бизнес қауымдастығы өкілдерімен, Цзянсу провинциясының губернаторымен кездесуде аймақ басшысы өңір экономикасының басым секторларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді айтты.

Кейін «Gepetto» корпорациясының басшысы Қызылордаға келіп, облыс әкімімен суланған және сарқылған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Компанияның аймақтағы қызметі, жоғары технологиялық әдістер арқылы «Оңтүстік Торғай» бассейнінің сарқылған кен орындарында мұнай өндіру көлемін ұлғайту мәселесі пысықталды.

Биыл шыны зауыты жанынан шетелдік инвестордың 15 млн. АҚШ доллары қаржысына жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасы іске қосылды. «Өндіріс» индустриялық аймағында шыны зауытының айналасынан ілеспе кәсіпорындар құру қолға алынды. Атап айтқанда, «Айна Гласс» серіктестігінің құны 1 млрд. 500 млн теңге, жылдық қуаттылығы 720 мың шаршы метр айна өндіру жобасының құрылысы басталды. Сонымен қатар «Horn glass» неміс технологиясымен жылына 220 млн бөтелке өндіру, жылдық қуаттылығы 22 мың 600 шаршы метр шыңдалған шыны (стеклопакет) өндірісін кеңейту жобаларына тиісті жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары басталды.

Қызылордада инвесторларға қандай қолдау көрсетіледі?

Инвестор шешім қабылдамас бұрын өз қаржысын салатын жобаға жергілікті жерден көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктерді, жоба орналасатын аймақтың экономикалық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жағдайын, инвестициялық ахуалын әбден зерделейтіні белгілі.

Қызылорда облысы инвесторларға қандай мүмкіндіктер ұсынады? Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін облыс әкімдігі атқаратын жұмыстар туралы аз-кем айтайық.

Шетелдік делегацияларды шақыру, күтіп алу, таныстыру, құжаттарды заңдастырып, рұқсат беру құжаттарын алу, бизнес-жоспарларды әзірлеу және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау шараларын 6 институт атқарады.

Олар – «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдігі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы, «Қызылорда облысын дамыту орталығы» ЖШС, «Бизнеске арналған үкімет» және «Қызылорда индустриялық аймағы» ЖШС. Бұл институттар инвестициялық жобаларға,  жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға өз құзыреті шегінде әртүрлі қолдау көрсетеді.

Мәселен, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ инвестициялық келісім-шарт жасасу кезінде қолдау білдіреді. Бұл құжат жер телімін заттай грант ретінде алуға, кедендік баждан босатуға, шикізат пен материалдарды импорттау кезінде 5 жылға дейін қосылған құн салығынан босатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер алуға жәрдемдеседі.

Ал «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ  жеңіл өнеркәсіпте жабдық лизингіне және құрылыс-монтаждау жұмыстарына 3-10 жылға 3 пайыздық (50 млн теңгеден бастап), өңдеу өнеркәсібіне бағытталған жобаларға 3-20 жылға 9 пайыздық (80 млн теңгеден бастап) қаржылай көмек көрсетеді.

«Kazakh Export» АҚ – шикізат емес экспортты дамыту жөніндегі ұлттық институт. Өз қызметі шеңберінде  өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындарын және екінші деңгейлі банктерді сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау қатерінен сақтандырады, қорғаныс ұсынады және экспорттық циклдің барлық кезеңінде қауіпсіздікке кепілдік береді.

«QazTrade» АҚ  экспорттаушылардың шетелдік көрмелерге қатысу, тауарды жарнамалау, филиалдар мен сауда қоймаларын ұстау, құжаттар рәсімдеу және өнімді жеткізу бойынша кеткен шығындарын өтейді.  Жол шығындарын өтеуге өтінімдер тауар экспортталған соң 12 айдан кейін қабылданады. Өтемақы алудың шекті мөлшері 75 мың айлық есептік көрсеткіш деңгейінде белгіленген. Шығындар ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сәйкесінше 30%, 50% және 60% мөлшерінде өтеледі. Оның мөлшері экспортталған тауарға қарай 80%, 50% және 30%.

Инвесторларға жер учаскелері мемлекеттік қолдау ретінде заттай грант, сауда-саттықсыз (аукционсыз) алу тәсілдері арқылы табысталады. Жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізіліп, сол арқылы өнеркәсіптік-инновациялық деп танылады. Индустриялық аймақтан жер алу үшін басқарушы компания өтініш берушінің құжаттар топтамасын Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынады.

Облыста жаңа инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған аумағы 300 гектардан асатын, инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген 6 индустриялық аймақ бар. Энергия ресурстары, облыстағы газ бағасы республикадағы ең төменгі тарифтің бірі екенін де атап өткен жөн.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыс экономикасының дамуына қолдау көрсету үшін инвестициялық жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды іске асырады. Инвестор жобасына үлестік қаржыландыру активтерімен қатысып, мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде қаржы алуға көмек көрсетеді. Жобаның жарғылық капиталына әлеуетті әріптестен берілген өтінімге сәйкес активтермен де, қаражатпен де ене алады.

Инвестор тарту, өңірдің оң инвестициялық имиджін қалыптастыру үшін талдаулар жасалып, аймақтың экономикалық әлеуеті мен мүмкіндіктері, минералды-шикізаттық базасы туралы бірнеше тілдегі таныстырылым кітапшалары, әлеуеті жоғары 60 жобаның тизерлері әзірленді. Аталған жобалар агроөнеркәсіп, құрылыс, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, көлік-логистика және тау-металлургиялық кешенді қамтиды.

Инвестицияның игілігі ең алдымен, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанынан, жұмыссыздық мәселесінің шешілгенінен, келешек ұрпақ қажетіне жарайтын ірі жобаның іске асқанынан көрінеді. Алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатудың мақсаты осы.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<