Дәрі-дәрмек нарығында не жаңалық?

1332

0

Кешкілік  жұмыстан соң дәріханаға соқтым. Кішігірім кезек екен, мен де тұра қалдым. Дәрі алып тұрған апаның ақшасы жетпей қалды-ау, «жан даусы» шықты. «Бұрын мың теңгеге осы дәрілерді алушы ем ғой, ақшаңыз жетпейді дегенің не? Алып тұрғаным өзімізден шығатын арзан дәрілер тағы», – деді әлгі апа. Сатушы да саспады, әсілі, мұндайға үйренген болуы кеерк, әрқайсының бағасын жеке-жеке айтып, санамалап берді. Сонда ғана санасына бірдеңе жетті-ау әлгі кісінің, бірақ таңғалысын бәрібір жасыра алмады.  «Не дейді? «Мукалтин» 235 теңге болған ба? Ойбуй, енді қайттым, үйдегі балалардың бәрі күркілдеп, жөтеліп жүр. «Антигриппинің» де осы бағаға жуықтапты. Бұл не масқара? Ай бірақ, қымбаттамаған не қалды қазір өзі?» деді өзін-өзі жұбатқан сыңайда. Кезекте тұрғандар да қосыла кетті.  «Қымбаттаса да,  табылғанына қуанайық. «Парацетамол» таппай қаңғалақтап қалған да кезіміз болды ғой кешегі індетте» деді тағы бір кісі.

Иә, басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда еріксіз дәрі-дәрмекке жүгінеміз. Қазіргідей қыстың көзі қырауда тұмау, суық тию секілді маусымдық аурулар да өршитіні белгілі. Мұндайда әрине,  дәріханалар саудасы қызады.  Жалпы, еліміздің дәрі-дәрмек нарығы импортқа тәуелді екені анық. Бұл ретте әсіресе, елімізге ТМД елдері арасында негізгі дәрі-дәрмек жеткізушілер – Ресей, Украина және Беларусь. Мәселен, былтыр Қазақстанға импортталған дәрі-дәрмек көлемінің үштен бірі Ресейдің үлесіне тиген.

Осы орайда жыл басында сарапшылар мен дәріхана желісінің иелері геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты дәрі-дәрмек нарығында да тапшылық пен қымбатшылық болады деген болжам айтқан еді. Ендеше, еліміздегі дәрі-дәрмек нарығындағы ахуал қандай?

Жалпы 2016 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде фармацевтикалық және дәрі-дәрмек құралдарының нарығы жұмыс істейді. Еуразиялық интеграция аясында құрылған бұл нарық еліміздегі дәрі-дәрмек нарығын Ресей және Беларусь елдерімен байланыстыру үшін қолға алынған бастама еді. Содан бастап үш ел арасындағы дәрі-дәрмек нарығында тығыз байланыс орнады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр елімізге 1,1 миллиард долларға 21,7 мың тонна дәрі әкелінген. Оның үштен бірінен астамы Ресейден, яғни 7,5 мың тонна 92,7 миллион долларға (ақшалай алғанда жалпы импорттың 8,3 пайызы) импортталған. Онан кейінгі кезекте Украина. Ол жақтан 22,4 миллион долларға 879 тонна дәрі-дәрмек жеткізілген.  Үштікті түйіндеген Беларусь бізге 13,3 миллион долларға 863,8 тонна дәрі-дәрмек импорттаған. Қалған 2 мыңға жуық тонна дәрі-дәрмек Үндістаннан, Германиядан,  Қытайдан жеткізіліпті. Жоғарыда айтқанымыздай, жыл басында геосаяси ахуал ушыққан тұста сарапшылар дәрі-дәрмек нарығында тапшылық пен қымбатшылық байқалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Дегенмен, тапшылық сезілген жоқ.  Бірақ бағаның өскені байқалып, жайлаған  қымбатшылық бұл саланы да шарпып жатқаны білінеді.

Елімізде фармацевтикалық препараттардың бағасы жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Биыл қаңтарда ресми деректерге сүйенсек, дәрі-дәрмек бағасы былтырғы жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға өскен.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтарында, әсіресе хилак форте препараты бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда 42,1 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, «Ацикловир» 12,3, «Эссенциале форте Н» 11,4, «Но-шпа» 10,1 пайызға қымбаттаған. Есесіне, «Парацетамол» 14,3, «Нурофен» 14,3, «Ацетилсалицил қышқылы» 9,5 пайыз арзандаған. Ал қазан айының қорытындысы бойынша, елімізде фармацевтикалық өнімдердің бағасы бір жылда 13,3 пайызға өскен. Айта кету керек, бірден 17,5 пайызға қымбаттаған баға өсімі, әсіресе, алматылықтарға қатты әсер еткен. Антилидерлердің бестігіне Маңғыстау (17,1 пайызға), Ақтөбе (16,7 пайызға), Жетісу (16,2 пайызға) және Жамбыл облыстары кірсе, ең төмен жылдық өсім небәрі 8,9 пайызға қымбаттаған Қызылорда, яғни, біздің  облыста байқалған.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл салада отандық өндіріс көлемі артып келеді, бірақ ішкі нарықта баға бәрібір қымбат. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, импортқа тәуелділік басым. Мәселен, жоғарыда айтқан деректерден бөлек, ел нарығына шыққан антибиотиктердің 85,2 пайызы, провитаминдер мен дәрумендердің 100 пайызға жуығы, яғни барлығы дерлік шетелдерден әкелінеді. Десек те, отандық фармацевтикалық өнім өндіру саласының жұмысын да  жоққа шығара алмаймыз. Биыл қаңтардағы ресми деректерде елімізде фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 11,1 миллиард теңге болғаны көрсетілген. Былтырғы қаңтардағы мәліметтермен салыстырғанда, бұл – 13 пайызға артық көрсеткіш. Жалпы, дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі ақшалай түрде 13,8 пайызға өсіп, 9,8 миллиард теңгеге жеткен.

Өзіміз өндірген дәрі-дәрмектің жартысынан көбі Шымкент қаласы (3,9 миллиард теңге) мен Алматы облысында (3,5 миллиард теңге) шығарылған.
Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (2 миллиард теңге), Қарағанды (794 миллион теңге) және Жамбыл облыстары (520 миллион теңге) тұр.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінде елімізде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен техника өндіретін 88 кәсіпорын бар деп көрсетілген. Оның 32-сі дәрі өндірсе, 56-сы медициналық бұйымдар мен техника түрін өндіреді.

Экспортта да әлеует жоқ емес. Мысалы, қазақстандық өндірушілер Қырғыз, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан нарықтарын табысты игеріп келе жатыр. Салаға салынған инвестициялардың өсуі фармацевтикалық өнімдер экспортының көрсеткіштерін жақсартуға серпін берген. Мәселен, былтырғы қаңтар-наурызда шетелге шығарылған өнімдер шамамен 18,7 миллион АҚШ долларына жеткен, бұл алдыңғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 48 пайызға артық. Әсіресе, Өзбекстанға қазақстандық фармацевтикалық өнімдер экспортының көлемі күрт өскен. Атап айтқанда, егер 2020 жылғы қаңтар-наурызда Өзбекстанға фармацевтикалық өнімдердің экспорты небәрі 273,7 мың АҚШ доллары болса, былтырғы осы айларда жеткізу көлемі 5,3 миллион АҚШ долларына дейін, яғни, 19,4 есе өскен. Одан соң Словенияға шығарылған экспорттардың екі есе өскені байқалады, яғни 0,76-дан 1,5 миллион АҚШ долларына дейін жеткен.

Байқағанымыздай, елдегі дәрі-дәрмек нарқында импорт пен экспорт қатар жүруде. Нақтырақ айтқанда, фармацевтика саласында импортқа тәуелдіміз  дегенімізбен, кейінгі жылдары экспорттық әлеуетіміз де көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Жалпы, медицинада дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуы мемлекет үшін қашан да маңызды. Осы орайда дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне Мемлекет басшысы да бей-жай қарамай, жіті бақылауда ұстап келеді. Отандық дәрі-дәрмек өндірісін өркендетуге  назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктегені белгілі. Осының негізінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Кешегі пандемия кезінде еліміз коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы елдердің қатарында болғанын білеміз.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<