Дәрігер салған даңғыл жол

240

0

Өткен апта соңында медицина саласының майталманы Исмаил Кәрімбаевтың 100 жылдығына орай Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының хирургия бөліміне оның есімі беріліп, арнайы тақтайша мен бюст қойылды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде көзкөрген жандардың қатысуымен еске алу шарасы өтті.

Жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, 31 жыл бойы Шиелі ауданы медицина саласының тізгінін ұстап, бүгінгі биігіне көтерілуі үшін бел жазбай еңбек еткен Исмаил Кәрімбаевтың есімі ұлықталғаны өнегелі іс екенін атап айтты.

Мәдениет үйіндегі еске алу шарасында Исмаил Сейітназарұлының күреске толы еңбек жолы, жарқын бейнесі туралы естеліктер сөз болды. Жиынды медицина ардагері, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов жүргізіп, аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта баяндама жасады.

Исмаил Сейітназарұлының мектеп бітірген шағы Ұлы Отан соғысының басталуына тура келіп, әскер қатарына алынған. Отан қорғауда өзінің батылдығымен танылған жауынгер Украина, Молдова жерлерін жаудан азат етуге қатысты. Майданның алдыңғы шебінде жүрген қазақ солдатының әскери барлау құрамында жау шебінен мол мағлұматтар жинап, «тіл» алып келген ерлігі де аз емес.

Соғыстың аты – соғыс, Отан қорғауда жан аямаған ол ауыр жарақат алады. Тез бойын жинап, онан әрі ұрыс қимылдарына қатысып отыруы да өзіндік бір ерлік. Соғыстан оралған соң Алматы медицина институтында оқып, хирург мамандығын алып шығады. Студент кезінен өзінің алғырлығымен танылған ол білікті мамандар назарында болды. Еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында қатардағы хирург болып бастап, ұйымдастыру қабілетімен танылып, аурухана бас дәрігері лауазымына өседі. Осы қызметін 1984 жылға дейін үзбей 31 жыл атқарды. Оның басшылығы кезінде 1974 жылы жаңа типтегі аурухана ғимараты салынады. Өз кәсібіне деген адалдығы сонша, алыс ауылдарда, науқан кезінде жұмыс басында білте шамның жарығымен ота жасап, адам өміріне арашашы болған.

Дәрігер-хирургтің 100 жылдығы құрметіне «Аңызға айналған адам» атты кітаптың тұсауы кесілді. Оны ардагер дәрігер Тұрғанбай Мақанов пен облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова орындады. Жерлестері дәрігерді осылайша еске алып, ұрпақтарына ізгі тілек білдірді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<