Дәрігерлер дайындау жүйесі жетілдіріледі

914

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің басты құндылығы – адам екенін айтып,  ұлт саулығын  қорғауда  денсаулық сақтау саласын жетілдіруге баса назар аударып,  нақты міндеттер жүктегені белгілі. «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындары жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп атап айтылды Жолдауда.

Қай кезде де істің тетігі білікті маманға байланысты екені анық. Әсіресе, медицина саласын білікті де білімді мамандармен қамтамасыз етудің  маңызы зор. Осы орайда кадр тапшылығын жою, саланы дәрігерлермен қамту бағытында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ.

Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында 2499 дәрігер, 9762  орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Мамандардың айтуынша, саланы медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша облыс алдыңғы қатарда.  Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысында 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамту  22,8 болса, республикалық көрсеткіш – 16, орта буын медицина қызметкерлерімен қамтылу көрсеткіші 108,6-ны құрайды, республикалық көрсеткіш –75,4.

Былтыр 84 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 24-і елді мекендерге жолданған,  бүгінде  64 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 16-сы ауылдық жерлерге жіберілген.

– Облыс әкімдігі мен басқарма тарапынан өңірде маман тапшылығын азайту, жас мамандарды елге тарту және тұрақтандыру  мақсатында жүйелі жұмыстар  атқарылуда. Мәселен, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлауға 127 облыс әкімінің гранты бөлінді.  Атап айтқанда, 2017 жылы  1, 2018-де  30, 2019-да 40, 2020 жылы 30, былтыр  26 грант тағайындалды. Бұл шаралар өз кезегінде 2024 жылдан бастап аймақтық саланы дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде жалпытәжірибелік дәрігерлерге  (ЖТД) қажеттілік 48-ді құрап отыр. Жыл сайынғы босану және бала күтіміне байланысты декреттік демалыс, зейнетке шығу, қоныс аудару секілді табиғи қозғалысты ескере отырып,  2022-2023 оқу жылына  30  ЖТД  даярлауға грант бөлінді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы персоналды басқару және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зәуреш Сарыбаева.

Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша 111 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалған. Оның 22-сі еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан болса, 89-ы денсаулық сақтау басқармасы арқылы бөлінген.   Қазіргі кезде 47 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. Ал биыл өңірге 33  резидент келеді деп күтілуде. Үрдіс жалғасын тауып, тағы 20 резидентті тапшы мамандықтар бойынша даярлауға қаржы қарастырылды. Бұл өз кезегінде, денсаулық сақтау саласын тар буынды дәрігерлермен  толық қамтамасыз  етуге  мүмкіндік  береді  деп  күтілуде.

Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті және  С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университеті арасында  өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында мамандарды өңірге тарту, жұмыспен қамту және тұрақтандыру  бағытында  да бірлескен  жұмыстар  атқарылуда.  Биылғы сәуір айында  Қызылорда медициналық жоғары колледжі базасында  ашылған М.Оспанов атындағы  Батыс Қазақстан  медицина университетінің филиалы өңірімізге келіп жұмыс атқаратын мамандардың білімін практикамен ұштастыру арқылы кәсіби дағдыларға машықтанып, біліктілік арттыруға  оң  септігін  тигізеді  деп  күтілуде. 

– Маман тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар жалғасын  табатын болады, біздің болжамымыз бойынша  2025 жылға дейін облысымыз   дәрігерлермен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл жұмыстардың барлығы – облыс деңгейінде, облыс әкімдігі мен басқарма тарапынан саланы мамандармен қамту мақсатында қолға алынған шаруалар. Ал Жолдауда айтылған мәселеге келсек, Мемлекет басшысы резидентураға бөлінетін грантты 70 пайызға дейін көбейту керектігін нақты айтты. Резидентура дегеніміз  – тар буынды мамандар даярлайтын дипломнан кейінгі оқу жүйесі. Резиденттерді жоғары медициналық білім беретін оқу орындары мен республикалық маңызы бар ірі қалаларда орналасқан ұлттық ғылыми-зерттеу институттары даярлайды. Оған республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Ол грант мемлекеттік оқу орындарына беріледі. Президент резидентураға бөлінетін гранттар көбейтіледі дегенде осыны айтып отыр, яғни, медициналық жоғары оқу орындарына берілетін мемлекеттік тапсырысты көбейту. Ал біздің гранттар ол аймақтағы маман тапшылығын жоюға арналған. Осының арқасында біздің аймақ өңірлер арасында саланы мамандармен қамту көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда келеді, – дейді Зәуреш Сағатқызы.

Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы, білікті мамандармен қамту, жас мамандарды елді мекендерге тарту мәселесі – қашаннан айтылып, талқыланып келе жатқан тақырып. Мемлекет басшысының Жолдауда  резидентураға бөлінетін гранттар санын арттыру жайлы айтқаны осы мәселенің түйінін тарқатады деп сенеміз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<