Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі

239

0

Құқық саласындағы білім мен ғылымның ұйытқысы болған әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің негізі 1955 жылы қаланды. Содан бері жетпіс жыл ішінде факультет көптеген өзгерістер мен жетістіктерді бастан өткеріп, Қазақстандағы жетекші құқықтану орталықтарының біріне айналды.

Факультет құқық саласындағы білікті мамандарды даярлап, еліміздің құқықтық жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Бүгінде «Құқықтану», «Кеден ісі» және «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламалары бойынша студенттерге жоғары сапалы білім беруді жалғастырып келеді. Оқу үдерісі орта және жоғары білім негізінде жүргізіліп, түлектерге магистратура мен PhD докторантураға түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Факультеттің академиялық әлеуеті – Қазақстандағы ең мықтылардың бірі. Мұнда 15 ҚР Ұлттық Заң академиясының академигі, 30-ға жуық доктор мен профессор, 70-тен астам ғылым кандидаты, 30 PhD доктор қызмет етеді. Сондай-ақ дәрістерді Парламент, Үкімет, Президент Әкімшілігі, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және құқық қорғау органдарының тәжірибелі мамандары жүргізеді. Бұл студенттерге құқықтың теориялық негіздерін меңгерумен қатар, оның практикалық қырларын үйренуге мүмкіндік береді.

Ғалымдар мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері бойынша маңызды зерттеулер жүргізіп, халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысады. Олардың көпшілігі АҚШ, Еуропа, Түркия және басқа да елдерде тағылымдамадан өтіп, заманауи құқықтық жүйелердің озық тәжірибелерін меңгерген.

Заң факультеті Қазақстанның ғана емес, әлемдік ғылыми қауымдастықтың ажырамас бөлігіне айналды. Ол жыл сайын құқық саласындағы республикалық және халықаралық конференцияларды ұйымдастырып, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдайды.

Сондай-ақ жыл сайын Қазақстан студенттері арасында республикалық құқықтық олимпиада өткізіп, талантты жастарды анықтап, олардың білімі мен дағдыларын дамытуға ерекше мән береді.

Жетпіс жылдық тарихы бар заң факультеті құқықтану саласының ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерін шешуге қабілетті білім ордасы ретінде дамуын жалғастыруда. Түлектері бүгінде елдің заңнамалық және құқықтық жүйесінің әртүрлі салаларында қызмет етіп, құқықтық мемлекет қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

Болашақта да өзінің даңқты дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа белестерді бағындыруға, құқықтық білім мен ғылымды одан әрі дамытуға күш салатыны сөзсіз. Қазақстанның заң ғылымындағы жетекші орталық ретінде факультет өз миссиясын абыроймен атқара береді.

Қарлығаш ҮСЕЙІНОВА,

кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының

кандидаты, доцент,

Дінмұхамед МЕЙІРХАНОВ,

Магистрант