Кеше Қазалыда мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы халықаралық турнир басталды. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, өзге де өңірлерден 200-ге жуық балуан қатысуда.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақ үшін спорттық іс-шараның маңызы жоғары екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.
Мұнан соң Халықаралық жекпе-жек конфедерациясының вице-президенті Усман Дигаев сөз алды.
– Бауырлас қазақ халқына деген біздің шешен жұртының құрметі ерекше. Оны біздер әрдайым айтып келеміз. Жыл өткен сайын салмағы артып келе жатқан турнир жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялататыны сөзсіз. Сонымен қатар жас балуандардың талантын шыңдап, мұнан да үлкен байрақты бәсекелерде шыңдалуы үшін мықты тәжірибе болып келеді. Барша жарысқа қатысушы командаларға, тренерлер мен спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді ол. Сондай-ақ Елеу Көшербавтың отбасына бауырлас елдің арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
– Бүгін – біздің әулетіміз үшін ерекше күн. Осымен 16-шы рет өтіп отырған турнир жыл сайын көптеген спортшылардың намысын қайрап, жігерін жанып, үлкен додаларға жол ашып келеді. Бұл жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған шәкірттер еліміздің намысын талай жарыстарда абыройлы қорғап жүр. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ендігі кезекте Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев.
Облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен даңқты балуан, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың құттықтау жеделхатын табыстады.
Айта кетейік, байрақты бәсеке Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатыр.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<