«Ақмая» алқабына дән себілді
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болды. Облыс әкімі алдымен Шиелі кентіндегі үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысын көрді. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыстың келісім-шарт құны 710 млн теңгеге жуық. Бас мердігер – «Жабдықтау» ЖШС. Үш қабатты, 72 пәтерлі тұрғын үй құрылысы 2020 жылы басталған. Алғашқы жылы 195 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, былтыр 515 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Құрылыс 8 айда аяқталуы керек еді, бірақ әлі күнге дейін жалғасуда. Оның себебін мердігер мекеме басшысы қымбатшылықтың белең алуымен түсіндірді.
– Қазіргі кезде ішкі жұмыстары, яғни, әрлеу жұмыстары қалды. Оған әлі 113 млн 245 мың теңге керек. Осыны тиісті орындардан сұрап отырмыз, – деді «Жабдықтау» мекемесінің директоры Руслан Серікбайұлы.
Мән-жайға қаныққан облыс әкімі екі жылда бөлінген қаржы әу баста белгіленген соманы құрағанын, енді бюджеттен бір тиын берілмейтінін ашық айтты.
– Мемлекеттік сатып алуға қатысып, жұмысты бастарда түрлі қиыншылықтардың кездесетінін ойлап, соған сай әрекет ету керек еді. Екі жылда қажетті қаржы беріліп, жұмсалған. Ендігі ретте бұған құрылысты уақытылы бітірмеген мердігер мекеме кінәлі. Жалпы, бұл – Шиелі ауданына ғана тән мәселе емес. Басқа аудандарда да осындай жағдайлар бар. Есепсіз қаражат жоқ. Бюджеттің әр тиынын тиімді пайдалануымыз керек. Нәтижесін халық көруі тиіс! Бұл – халықтың қаржысы. Қазір Президенттің, Үкімет басшысының тапсырмасы осындай. Сондықтан басталған құрылыстың барлығы бітуі керек, – деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте облыс әкімі жастар үйінің жұмысымен танысты. Жастар ресурстық орталығы бүгінде жастардың жиі бас қосатын орнына айналған. Жалпы орталық консультативтік орган ретінде кеңес берумен айналысады. Бұл орайда оларға 5 кеңесші қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған орталықтың жеткіншектерді өнер-білімге баулып, таным көкжиегін кеңейтуде, бос уақытын тиімді өткізуде маңызы зор.
Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Арман» мәдениет үйінде аудан активінің отырысына қатысты. Аудан тұрғындары қатысқан жиында аймақ басшысы алдағы міндеттер мен атқарылар жұмыстар туралы баяндады.
– Облыс аумағындағы жұмыс сапарым Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарында болып, бүгін өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Өңіріміздегі іргелі аудандардың бірі, тарихы кенен, азаматтары ерен Шиелі ауданының мен үшін орны бөлек. Еңбек жолымда алты алаштың ардақтысы, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай дүниеге келген өлкеде аудан басшысы ретінде бес жылдан аса қызмет жасап, өмірлік тәжірибе жинадым. Бүгінгідей дәрежеге жетуіме осы киелі ауданның, осындағы игі жақсылардың қосқан үлесі орасан зор деп білемін. Қай жерде жүрсем де, осы ауданда қызмет атқарған уақытымды, сіздермен бірге жүрген кездерімді мақтанышпен айтып жүремін. Шиелі халқының бірлігі мен берекесі, ақ батасы мен ақжарма тілектері менің де биік белес пен жетістіке жетуіме үлкен демеу болды, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы сөз болды.
– Қашанда халық бірлігі сарай салғызып, қамал алғызған. Бұл жолы да Президент ұсынған Жаңа Қазақстан бастамасын қолдай отырып, әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен орнықты түрде шешетін боламыз. Биыл ауданның елді мекендерін газдандыру жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Жақын арада Ақмая, Алғабас ауылдары «көгілдір отынға» қол жеткізеді. Жыл соңына дейін 117 баспана ел игілігіне беріледі. Жаңа құрылыс жұмысымен танысып шықтым. Мердігер мекемеге, аудан әкімі мен басқарма басшысына қатаң талаптар қойылды. Жыл басында басталған Телікөл және Бидайкөл ауылдарының кіре берісіндегі көпір құрылысын аяқтаймыз. Ауданда облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуын алға жетелейтін өнеркәсіп орындары қарқынды жұмыс істеуде. «Қазатомпром» ҰҚ еншілес кәсіпорындар мен Шиелі цемент зауыты аудан дамуына өз үлестерін қосуда. Әрине, өңір тіршілігі проблемасыз болмайды. Қазірдің өзінде түйткілді мәселелердің бірқатарымен таныстым. Шешу жолдарын алдағы уақытта саралайтын боламын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ, облыс экономикасының дамуында толық пайдаланылмаған резервтердің жеткілікті екені, индустриялдық жұмыстарда шағын және орта бизнесті дамытуда әлі де артта қалушылықтың бары ашық айтылды. Осы орайда өндіріс пен қызмет көрсетудің арасындағы жұмысты дұрыс үйлестіріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдаланып, еліміздің тауар өндірушілерін қолдау қажеттігіне де тоқталды.
– Дәстүрлі саламыз – ауыл шаруашылығында да негізгі өнім – күріш егуде кейінгі жылдары су тапшылығы қиындықтар тудыруда. Дегенмен, мүмкіндігіне қарай күріш алқаптарын қысқартпауға тырысамыз. Бабын тапқанға барын аямайтын, аналық құшағын айқара ашатын Сыр жерінде бақша дақылдарын өсірудің де мүмкіндігі мол. Осы әлеуетімізді барынша пайдалану мақсатында бұл мәселелерді де талқылайтын боламыз. Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының жобасы әзірленуде. Бұл құжатта облыс бойынша кезек күттірмейтін мәселелерді шешу бағытында нақты шаралар айқындалады. Өздеріңізге белгілі, қазір елде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылданып, экономикада, әлеуметтік және ауылшаруашылық салаларында бірнеше ауқымды бағдарламалар іске асырылуда, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жиында Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбековтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарламасы тыңдалды.
Аудан басшысы биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл аудан бюджеті 21,5 млрд теңге болып бекітілген. Кірістер көлемі 4 млрд 391 млн теңгеге жоспарланып, 4 млрд 949 млн теңгеге немесе 112,7%-ке орындалған. Жұмыссыздық деңгейі 5%-ке тұрақтады. Биыл 2098 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, есепті мерзімге 984 жаңа жұмыс орны ашылған.
– 1-тоқсанда 3 макрокөрсеткіш бойынша төмендеу динамикасы қалыптасты. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісі 4,8%-ке, өңдеу өнеркәсібі 11,1%-ке, құрылыс жұмыстары 89,7%-ке төмендеді. Орын алған кемшіліктерден нәтиже шығару үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде арнайы дағдарысқа қарсы іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілді. Өңдеу өнеркәсібі өнім көлемі 6 млрд 677 млн теңгеге жетіп, 88,9%-ті құрады. Өндіруші «Гежуба Шиелі Цемент Компанииясы» ЖШС өнім көлемін тасымалдау жұмыстарында теміржол вагондарының тапшылығы және өнімді экспорттауға сұраныстың азаюы және қаңтар айында зауыт ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасауы себебінен төмендеді. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 128 млн теңге болып, 10,3%-ті құрады. Кәсіпкерлік бойынша, биылғы 1 сәуірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5246-ны құрады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 4 917, белсенділік көрсеткіші 93,7 процент, – деп атап өтті аудан басшысы.
Инвестиция көлемін арттыру мақсатында былтыр 1 млрд 531 млн теңгені құрайтын 33 жоба іске қосылып, 193 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы жылға құны 8 млрд 934 млн теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 371 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде аталған жобалардың ішінен жобалық құны 174 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдары 2 млрд 421 млн теңгенің өнімін өндірген.
Тұрғынжайға мұқтаж 1565 азамат кезекте тұр.
– Биыл жүзеге асырылатын бірнеше жобалар бар. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Ақмая, Алғабас елді мекендеріндегі жеткізуші газ құбыры және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысына қосымша 244 млн 226 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Қаржы мәселесі шешілген жағдайда маусым айында екі ауылдың газ құрылыс жұмыстары аяқталады. Ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Былтыр «Ауыл – ел бесігі бағдарламасы» аясында 11 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудандық бюджет қаржысынан 25 көше ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан бойынша құны 916 млн 957 мың теңгені құрайтын 5 жоба іске асатын болады. Бидайкөл елді мекеніндегі №148 және Ы.Жақаев елді мекеніндегі №149 мектептің буқазандықтарын қайта жабдықтап, газға ауыстыру жұмыстарына 73,4 млн теңге қаржы бөлінді. Алда тұрған мақсат та, жұмыс та жетерлік. Уақыт ағымынан, заман көшінен кейін қалмас үшін осы міндеттерді тиянақты жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндіктер бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді Нариман Мақұлбеков.
Осы орайда облыс басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына әрбір тиынды тиімді пайдаланып, сапалы жұмыс істеу керектігін тағы да ескертті.
Жиында сондай-ақ, аудан ақсақалдары, атап айтқанда, Пердәлі Архабаев, Сұлтанбек Оразымбетов, Болат Күлімбетов сөз алып, Нұрлыбек Машбекұлына ұсыныс-пікірлерін жеткізді, жылы лебіздерін білдіріп, батасын берді.
Осы күні «Ақмая» шаруашылығының егін алқабында дәстүрлі «Дала күні» семинар-кеңесі өтті. Оған барлық аудан әкімдері мен басқарма басшылары, еңбекшілер қатысты. Шара аясында облыс әкімі мен қонақтар ауыл шаруашылығы техникалары көрмесімен және күріш тұқымын сауықтыруға байланысты арнайы дайындалған стендтермен танысты. Сондай-ақ, көктемгі егін егу жұмыстарының басталуына орай алғашқы дән себу рәсімін жасап, ауыл ақсақалдарымен бірге «биылғы егін бітік болып, ел ырысы тасысын, атақты дала академигі, ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын берсін» деген тілекпен дән септі.
Әрі қарай семинар-кеңесті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізіп отырды.
– Аймақ экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Сондықтан 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан, Ыбырай Жақаев атамыздың ізбасарлары Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Зағира Ержанова сынды батыр аналарымызбен танымал Шиелі жерінде сіздермен жүздесіп отырғаныма тағы да қуаныштымын. Президент қабылдауында қандай ойларың, мақсаттарың бар дегенде, «аймағымыз бірден-бір күрішке бейімделген, халқы осы кәсіпке маманданған ел, оның үстіне күріш егілмесе топырақ тұзданып, инженерлік жерлерден айырылып қаламыз, сондықтан мейлінше күрішті қысқартпауға тырысамыз» деген ұсыныс білдірдім. Міне, сондықтан да Сыр диқандарына ата кәсібін жалғастыруға мүмкіндік жасап, азық-түлік өндіру көлемін арттыру басты бағытымыз болмақ. Алдағы уақытта да көрші мемлекеттерден келетін су мөлшерін арттыруға жұмыс істейтін боламыз. Мемлекет басшысы биылғы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екенін атап өтті. Осыған сәйкес, аймақта биыл 185,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Биылғы жылы Сырдария өзені бассейніндегі судың тапшылығына қоса материалдық-техникалық ресурстар күрт қымбаттады. Қазіргі уақытта «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі өткен жылғы мөлшерден 1,2 млрд текше метрге кем. Су тапшылығынан қиналмай шығу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен каналдар тазалау, су сорғыларын алып орнату, ұңғымалар қазу жұмыстарына 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Осылайша, бүгін егін егу науқанына дайындық барысын және саладағы өзекті мәселелерді талқылауға жиналып отырмыз, – деді облыс әкімі.
Аймақта көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың баяндамасы тыңдалды.
Оның айтуынша, биыл облыс бойынша барлығы 185,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленген. Дәндi дақылдар 90,8 мың гектарды, майлы дақылдар 5,3 мың гектарды, малазықтық дақылдар 70 мың гектарды, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 19,4 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл – күрішті 78,3 мың гектарға егу жоспарланған. Судың тапшылығы болады деген болжамға байланысты, межеленген күріш егісі 5,3 мың гектарға қысқартылып отыр.
– Әртараптандыру бағытында малазықтық дақылдар мен қатар картоп, көкөніс, бақша өнімдерінің егіс көлемін өткен жылдан 2,7 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Осыған байланысты былтыр күз айларынан бастап биылғы егін үшін шаруашылық құрылымдары тұқым, егістік жерлерді дайындау, күздік дақылдарды егу жұмыстарын жүргізді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жоспарланған дақылдарды егуді қамтамасыз ету үшін қажетті тұқыммен, тыңайтқыштармен, техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күнге 5,4 мың гектар жаздық бидай, 375 гектар арпа, 4,7 мың гектар мақсары, 27 гектар күнбағыс, 22,9 мың гектар жаңа жоңышқа және 312 гектар қант құмайы егілді. Сонымен қатар 44,1 гектар ескі жоңышқа мен 5,6 мың гектар күздік бидай күтімге алынған, – деді басқарма басшысы.
Күріш егу және оны суға бастыру жұмыстары ауа райына байланысты облыс шаруашылықтарында ішінара басталса, бүгіннен бастап жаппай кіріскен. Агротехникалық талаптарды сақтай отырып, мамыр айының аяғына дейін бітіру жоспарланған. Сондай-ақ, картоп, көкөніс, бақша, жүгері және басқа дақылдарды егу жұмысы мамырдың үшінші онкүндігі мен маусым айының бірінші онкүндігінде аяқталады деп күтілуде.
Вегетация кезеңінде егінді сумен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «Қазсушар» облыстық филиалының басшысы Роллан Ахметов мәлімдеді.
«Шардара» қоймасынан жоғары орналасқан су қоймаларында жинақталған судың жобалық көлемнен едәуір төмендігіне байланысты Сырдария өзенінің төменгі ағысында жыл сайын су тапшылығы орын алып келеді. Бүгінде филиал ауыл шаруашылығы басқармасының осы жылға ұсынып отырған дақылдарды егу кестесін негізге ала отырып, қала және аудандар бойынша су пайдалану лимитін бөліп, жоспар әзірлеген.
– Филиал өз қаражаты есебінен вегетация кезеңіне дейін ұзындығы 50,1 шақырымды құрайтын 9 каналға механикалық тазарту жұмыстарын аяқтауды межелеп, бүгінде 7 канал толық тазартылды. Қалған 2 каналды тазарту жұмыстары 1 мамырға дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, су тапшылығы жағдайының алдын алу үшін облыс әкімдігімен бірлесе әзірленген, Үкіметтің резерві есебінен облыс бойынша республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 220,3 шақырымды құрайтын 17 каналға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу көзделді, – деді филиал басшысы.
Осы орайда ол биыл вегетациялық кезеңде су тапшылығы жағдайының алдын алу мақсатында егін алқаптарын су деңгейінен биік атыздарға, канал сағасынан қашық жерлерге және жабайы жерлерге орналастырмауды ескертті.
Кеңесте сонымен қатар аудан әкімдері мен шаруа қожалықтарының басшылары да сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев су тапшылығына және өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жер дауына қатысты ой-пікірін білдіріп, елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды.
Семинарды қорытындылаған облыс әкімі көтерілген мәселелерге байланысты тиісті сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<