Қызылорда медициналық жоғары колледжінің спорт алаңында денсаулық сақтау саласының ардагерлерi, облыстық денсаулық сақтау басқармасында ұзақ жыл бойы бас хирург қызметін атқарған Сағымбай Қарақұлұлы және бас терапевт қызметін атқарған Әділ Ізтілеуұлын еске алуға арналған облыстың медицина қызметкерлерінің 56-спартакиадасы ашылды. Дәстүрлі спартакиадада шағын футбол, арқан тарту, эстафета, ұзындыққа секіру, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ және үстел теннисі сынды спорттың сегіз түрі қамтылған.
Мемлекеттік Әнұраннан бастау алған ашылу салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту қажеттігін әрдайым айтып келеді. Соған сәйкес еліміздің барлық өңірінде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамуда.
Денсаулық сақтау саласы әрдайым мұндай тенденциялардың алдыңғы шебінде. Спорттық спартакиада дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып, оған мамандар белсенді қатысады. Ең мықтыларды анықтау үшін барлық мекемеден спортшылар жиналды. Оларға кәсіби қызмет пен салауатты өмір салтын қатар алып жүргені үшін алғысымды білдіремін. Дүбірлі доданың басталуымен құттықтай отырып, барша қатысушыға сәттілік тілеймін! – деді басқарма басшысы.
Содан кейін медицина саласының ардагерлері Раиса Көзденова мен Сағындық Шәмшиев әріптестеріне жылы лебіз арнап, дәстүрлі спартакиада денсаулық сақтау саласында тек өз ісінің кәсіби мамандары ғана емес, салауатты өмір салтын берік ұстанатын, спорттық додада жоғары шеберлік ойындарын көрсете алатын спортшылар бар екенін дәлелдей алғанын атап өтті.
Айта кетейік, биыл спартакиадаға көпбейінді облыстық аурухана, облыстық фтизиопульмонология орталығы, медициналық жедел жәрдем стансасы, жұқпалы аурулар ауруханасы, тері-венерологиялық диспансері, психикалық денсаулық орталығы, мамандандырылған «Сәби үйі», «Өркениет» медициналық колледжі, «MEDIUM – Андрология» командасы, көпбейінді қалалық аурухана, Қызылорда медициналық жоғары колледжі, Жаңақорған, Қазалы, Шиелі аудандық, Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханалары, «ALEXSEY SULTAN-AKHMED» клиникасы, №1, №3, №4, №5, №6 қалалық емханалары, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы, онкология орталығы мен қалалық орталық емхана командалары бақ сынасуда.
Жарысқа қатысқан 27 команда арасында үстел теннисiнен I орынды Жаңақорған ауданының командасы алса, II орын Қазалы ауданының командасына тиесілі. Ал III орын медициналық жоғары колледжі командасына бұйырды.
Шара одан әрі арқан тартыс жарысына жалғасты, I орынды Қазалы ауданы командасы иеленді. ІІ орын №5 емхана командасына бұйырса, ІІІ орынға жедел жәрдем станциясының командасы жайғасты. Алдағы уақытта командалар шағын футбол, арқан тартыс, эстафета, ұзындыққа секіру, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ секілді спорттың 8 түрінен жарысып, жеңімпаздар Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында арнайы Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
– Ақ халатты абзал жандар салауатты өмір салтын ұстануда да үлгі боларлық. Жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан спартакиаданы медицина мамандары да асыға күтеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, сан түрлі спорт түрінен бақ пен бабын сынайтын сайысқа қатысушыларға төрешілік етуге келдік. Алғашқы сайыстан-ақ қатысушылар қабілетін танытып, мекеменің намысы үшін барын салуда. Әсіресе, Байқоңыр қаласы, Қазалы, Жаңақорған аудандарының командалары ерекше белсенділік танытып келеді.
Елу алтыншы рет өткізіліп отырған спартакиада пандемия кезінде ғана екі жыл қатарынан тоқтап қалған болатын. Ел аман, жұрт тыныш болса, дәстүрлі түрде жалғаса беретіні анық. Бір ай бойы ұйымдастырылатын спартакиада сайыстарының нәтижесі кәсіби мерекеде жарияланады, – дейді бас төреші Жахан Манат.
Қатысушылар сайысқа сақадай сай, тыңғылықты дайындықпен келгені байқалады.
Дина Бөкебай,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<