Дәтке қуат берген дәрігерлер

495

0

Адамның басында әртүрлі жағдай болатыны белгілі. Жуырда ойламаған жерден інім қайтыс болып, соның қайғысы ауыр тиіп аяқ астынан жүрегім сыр берді. Бірден емханадан «Жедел жәрдем» шақыртып, дәрігердің көмегіне жүгіндім.

Дереу емханаға жеткізіп, скрининг-дәрігері Тазагүл Сағымбаева мен жанындағы көмекші аяжан Ұлмекен Омарова екеуі бірі сүйеп, бірі демеп, жүрегімді аппаратқа салып тексеріп, қан қысымым тым көтеріліп кеткенін, жүрегімнің есепсіз соғып тұрғанын анықтап, дәрі-дәрмегін сол жерде егіп, басылғанша жандарында ұстап, алғашқы көмек көрсетті.

Осыдан соң бірден аймақтық дәрігер Алтыншаш Өтепбергеноваға жіберді. Ол қан қысымы бойынша есепке алып, дәрі-дәрмек жазып берді. Қасындағы көмекші аяжан Роза Байжанова қандай анализ өткізуім керектігін жан-жақты түсіндіріп, кабинеттерден өтуіме тікелей көмек көрсетті. Алтыншаш Күнекеқызы жанға қуат беретін жақсы сөзін айтып рухани күш бере түсті. Ертеңіне де денсаулығымды өз бақылауында ұстап, жүрегімді УЗИ аппаратына түсіртіп, холтер тағуға «АРАД» клиникасына жіберіп, бағдарлап отырды.

 Осылайша Алмат Құрманғалиев басқарып отырған №4 емхананың дәрігер-мамандарының дерлігі өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтынын байқадым. Бұл басшының істі ұйымдастыра білудегі біліктілігінің нәтижесі екені анық. Ақ халатты, елгезек жандардың қатты қысылып барған мені аман алып қалғандарына шексіз рақметімді айтамын. Бұрын-соңды жүрегім ауырмаған маған дер кезінде көмек көрсеткен жандарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін! Көктемнің алғашқы күні Алғыс айтумен басталса, ілі-шала 8-наурыз әйелдер мерекесіне ұласуда. Ендеше денсаулық саласындағы барлық қыз-келіншектерге жасаған еңбектеріңіз еленіп, халық қошеметіне бөлене беріңіздер дегім келеді.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ардагер журналист,

Ақпарат саласының үздігі,

Тасбөгет қыстағының тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<