Дәуірдің дара күйшісінің домбырасы

1338

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлы домбырасының көшірмесін музей қорына қабылдау рәсімі өтті. Іс-шараның мақсаты – музей қорын толықтыра отырып, ұлы тұлғаның ұлттық мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова қатысты.

– Сыр бойындағы күйшілік өнер өзінің орындаушылық мәнерімен ерекшеленеді. Кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған Қазанғап бабамыздың барша қазақ үшін орны ерекше. Бүгін күйшінің жанына серік болған қасиетті домбырасы Сыр өлкесіне жетіп, құнды жәдігерлер қатарына қосылмақ. Қасиетті аспапты жыр өлкесіне аманаттаған жандарға алғыс білдіремін. Ұлты қадірлейтін ұлы тұлғалардың мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жете берсін, – деді Н.Сақтағанов.

Қазанғап Тілепбергенұлы 1854 жылы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде дүниеге келген. Бүгінде оның шығармалары өскелең ұрпаққа рухани нәр беретін қазына ретінде құнды. Ал күйлері адамның көңіл-күйін дөп басатын сырлы сезімге толы. Өз заманының озық суреткері күй өнерін жаңа қырынан танытып, ой мен сезімді қатар қолдана білген. Күйшінің қай шығармасы болсын елдің жан күйзелісін, қайғы-қасіретін, бастан кешкен тарихын баяндайды.

Бабадан қалған жауһар жәдігерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденінің иегері, белгілі жыршы Ұлжан Байбосынова музей қорына салтанатты түрде табыстады.

 – Қазанғап Тілепбергенұлы – дәуірде бір туатын дара күйші. Күй арқылы адам жанының нәзік қылын шертетін талантты сазгер. Бүгінде 70-ке жуық күйі сақталған. Ал қасиетті домбырасы – екі ішекті, күйге арналған, көлемі шағын, қалақша пішіндес. Бұл домбыраның түпнұсқасын белгілі домбырашы С.Балмағанбетов талай жыл сақтаған. 2009 жылы аспаптың түпнұсқасы Ықылас атындағы халық аспаптар музейіне табысталып, жауһар жәдігерлер қатарында. Құдіретті аспаптың ұрпақтан ұрпаққа жетуіне атсалысып жүрген азаматтарға алғыс айтамын, – деді Ұ.Байбосынова.

Жиын соңында ұлы баба туралы бейнеролик көрсетіліп, Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы Жұмабек Жансұлтан «17 жасар Балжан қыз» күйін орындап берді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<