Қоғам дамуының әр кезеңінде халықтың тарихи жауапкершілігі айқын көрінетін сәттер болады. Алда өткізілетін референдум – сондай тағдыршешті кезеңдердің бірі. Бұл жай ғана саяси науқан немесе ресми рәсім емес. Бұл –мемлекет болашағының құқықтық негізін халықтың өзі айқындайтын демократиялық таңдау.
Университет тек білім беретін орын емес. Ол – қоғамдық ой қалыптасатын, ел болашағының интеллектуалдық іргетасы қаланатын орта. Біз жастарды тек маман ретінде емес, саналы азамат ретінде тәрбиелеуге міндеттіміз. Сондықтан қоғамдағы ірі өзгерістерге бейжай қарау – білім ордасының табиғатына қайшы.
Референдум арқылы ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мәні – мемлекетті басқарудың ашықтығын күшейту, азаматтың құқықтық қорғалуын арттыру және қоғамдық жауапкершілікті бөлісу, яғни мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеру.
Бүгінгі әлем – тұрақсыз. Геосаяси шиеленістер, экономикалық сын-қатерлер, ақпараттық ықпалдың күшеюі, мұның бәрі мемлекеттің тек экономикамен емес, құқықтық тұрақтылықпен де қорғалатынын дәлелдеді. Мықты заң үстемдігі жоқ жерде тұрақты даму болмайды.
Референдум арқылы қабылданатын нормалар: билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтеді, қоғамдық бақылауды арттырады, адам құқығының қорғалуын нақтылай түседі, жергілікті басқарудың жауапкершілігін көтереді.
Бұл – мемлекеттің халыққа жақындай түсуі деген сөз. Біз студенттерге әрдайым бір қағиданы үйретеміз: нағыз білім тек ақпарат емес, жауапкершілік.
Ел тағдырына қатысты шешім қабылданғанда, белсенді позиция ұстану – азаматтық кемелдіктің белгісі. Жастар саясаттан қашпауы керек, керісінше, оны түсініп, бағалап, саналы таңдау жасауы қажет. Бүгінгі студент – ертеңгі заңгер, мұғалім, инженер, кәсіпкер, әкім, депутат. Олар ертең осы құқықтық жүйеде өмір сүріп қана қоймай, оны жүзеге асырады. Сондықтан Конституциялық өзгерістер – ең алдымен жастардың болашағына қатысты мәселе.
Кез келген реформа халықсыз жүзеге асса, ол қағаз жүзінде ғана қалады. Ал референдум – биліктің халыққа сенуі, халықтың мемлекетке жауап беруі.
Бұл – диалогтің ең жоғары формасы.
Мемлекет: «Шешімді бірге қабылдайық» дейді.
Халық: «Жауапкершілікті бөлісеміз» деп жауап береді.
Осындай өзара сенім бар жерде ғана тұрақты қоғам қалыптасады.
Қызылорда «Болашақ» университетінің ұжымы білім мен парасатқа негізделген қоғамды қолдайды. Біз үшін реформаның басты құндылығы – саяси ұпай емес, құқықтық мәдениеттің өсуі.
Референдумды қолдау – белгілі бір көзқарасты қолдау ғана емес, заң үстемдігін, әділеттілікті және азаматтық жауапкершілікті қолдау.
Референдум бір күндік оқиға емес. Ол – ондаған жылға созылатын құқықтық бағдар. Бүгін қабылданған шешім болашақ ұрпақтың өміріне әсер етеді.
Біз, білім саласының өкілдері, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтар ретінде, референдумды қолдай отырып, барша қауымды оған белсенді қатысуға шақырамыз! Өйткені, мемлекет болашағы кабинетте емес, халықтың таңдауы арқылы айқындалады.
Саналы таңдау – тұрақты дамитын Мемлекеттің кепілі.
Гүлжахан СНАСАПОВА,
Қызылорда «Болашақ» университетінің ректоры,
ф.ғ.к.





