Дала еңбеккерлері ерекше құрметке лайық

735

0

Кеше Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен дала еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2024» мерекесі өтті. Биылғы диқандар тойы аймақтың орман шаруашылығы саласының 90 жылдығымен және Қала күнімен тұспа-тұс келіп, молшылық маусымындағы дүбірлі мерекеге ұласты.

Салтанатты іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты Кеңесінің мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Өмірзақ Озғанбаев, Рашид Әкімов, Бірғаным Әйтімова, Динара Нөкетаева арнайы қатысты. Сонымен қатар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, сала ардагерлері, еңбек озаттары және шаруашылық өкілдері де келді.

Аймақ басшысы жиналған қауымды молшылық маусымының берекелі мерекесімен құттықтап, өңірдегі жетістіктерге тоқталды.

– Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болатын, бүгінде 744 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.

Осы жылы 8 млрд 800 млн теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды. Оған қоса 7 млрд теңгенің 11 инвестициялық жобасы жоспарланып, бүгінде 7 жоба жүзеге асты. Қалған 4 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Осылайша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артып, осы жылы 229 млрд теңгеге жетеді.

Ерте көктемнен қара күзге дейін еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесінде мол өнім алған диқандарымызды, аймақ табиғатының көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан орманшыларымызды құрметпен марапат төріне шығару – біз үшін үлкен мәртебе.

Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың  ізбасарлары биыл да ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сыр диқандары 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 85 мың 600 гектарды құрап (өткен жылдан 3,4 мың гектарға кем), әр гектардан 58 центнерден өнім алынып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды. «Мағжан және Компания», «Ер-Әлі», «Таң ЛТД» ірі шаруашылықтары күріштің әр гектарынан орташа 80 центнерге жуық өнім алғанын атап өтуге болады.

Адал еңбегімен төрден орын алған дала еңбеккерлерін, орман саласының қызметкерлерін марапаттап, сый-құрмет көрсету дәстүрін жалғастырамыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі ерте көктемнен егін даласында тер төгіп, жетістікке жеткен диқандарды құттықтады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына кеңінен сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – басты мақсатымыздың бірі! Алаштың анасы атанған Сыр елі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал да адал жандарға кенде емес. Аймақ диқандары қамбаны астыққа толтырып, құрмет төріне шығуда. Еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері жоғары марапат тұғырынан көрінді. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей. Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік іс-шарада еңбек жолын механик болып бастап, кеңшар директоры, аудан әкімі, басқарма басшысы қызметтерін атқарған Әбибуллаев Ибрагим Сражадинұлына «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Сала үздіктері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Премьер- министрінің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлері де құрмет төрінен көрінді. Атап айтсақ, «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағы, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

Жыл қорытындысымен өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен еңбек озаттары да марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Озат бақташы», «Озат шопан», «Озат жылқышы», «Озат түйекеш», «Озат ветеринар», «Озат асылтұқымды мал өсіретін үздік репродуктор-шаруашылық», «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат көкөніс өсіруші», «Озат мақсары өсіруші», «Озат агроном», «Озат картоп өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат гидротехник», «Озат күріш өсіруші», «Озат жатка машинисі», «Озат комбайншы», «Озат бригадир», «Озат өңдеу кәсіпорны», «Озат тұқым шаруашылығы», «Озат егін шаруашылығы», «Озат телеарна тілшісі», «Озат газет тілшісі» номинациялары берілді.

«Ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы бойынша аудандар марапатталды. «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан»  болып  Шиелі ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» болып Сырдария ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» болып Қазалы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Қармақшы ауданы танылды.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы  Жалағаш ауданына берілді.

Өндіріс озаттарына «Абзал и К» ТС 5, «Таң ЛТД» ЖШС 3, «Абай Дәулет» ЖШС 3, «Ақжар» шаруа қожалығы 2 автокөлік табыстады. 

Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілді. Биыл жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда.

Су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Соңғы жылдары диқандар 55 мың гектар күріш егістігін лазерлік тегістеуден өткізді. Нәтижесінде суды үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырды.

Мемлекет басшысының қолдауымен бастау алған «Кең дала-2» бағдарламасы диқан қауымына қолайлы болды. Бағдарлама аясында егін егу және жинау жұмыстарына жеңілдетілген пайызбен 10 млрд теңге несие алды.

Одан бөлек, саланы кешенді қолдау арқасында шаруашылық құрылымдары егіске қажетті минералды тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және арзандатылған дизель отынымен толық қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл жоба аясында өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба қолға алынған.

Агробизнес өкілдері ауылдарды дамытуда, халықтың тұрмысын жақсартуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауқымды жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды қайта жаңғыртуға ауыл шаруашылығы құрылымдары 7 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<