Фольклор – халқымыздың есте жоқ ерте замандардан бері келе жатқан рухани қазынасы. Оның алуан түрлі жанрларында халықтың ұлттық рухы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, ұлттық болмысы, дүниетанымы, эстетикалық талғам ерекшеліктері көрініс береді.
Фольклор ағылшын тілінен аударғанда халық даналығы дегенді білдіреді. Кеңестік кезеңде халық әдебиетін фольклор туындылары ретінде қарастыру қалыптасты. Бұл дәстүр Ресейде ХІХ ғасырдың екінші жартысында, бізде ХХ ғасырда дамыды. Алайда әдебиетті ғана фольклор деп тану оның мазмұнын толық аша алмайды. Өйткені фольклор – синкретті өнер. Фольклор эстетикалық, идеологиялық, қажеттілігіне қарай тұрмыстық қызметті атқарады.
Осы орайда ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, фольклордың ежелгі дүниетаным, көне мәдениет, тұрмыстың бір бөлшегі мен сөз өнері екендігіне ерекше көңіл бөлу қажет деп білеміз. Тағы бір айта кететін жайт, біздің ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен мәдениеті бүгінге осы фольклорлық мұра арқылы жетіп отыр. Фольклорда көрініс табатын анимизм, тотемизм, магия, табу, шамандық түсініктер, әруаққа табыну секілді діни нанымдар әлі күнге дейін біздің тұрмысымызда кездеседі. Адам мен табиғат арасындағы тылсым сырға толы байланыс аңыз әңгімелер, ертегілер, қисса, дастандарда жан-жақты баяндалады. Жаратылыс құпиясын ашатын мұндай көркем шығармалар баланың көңіл көкжиегін кеңейтіп, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретеді.
Фольклорлық шығарма – ұлттық рухты оятатын бірден-бір мұра. Сондықтан да фольклорлық мұраны зерттеуге жаңа көзқарас қажет.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Дала фольклорының антологиясын», «Ұлы даланың көне сарындарын» цифрлық форматқа түсіруді тапсырды. Бұл – әдебиеттанушы, өнертанушы, тарихшы ғалымдар үшін таптырмас мүмкіндік. Әрине, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы, «Қазақтың 1000 күйі» жинағы бұған дейін де көпшілікке ұсынылған болатын. Өкінішке орай, аталған еңбектерді қалың оқырман мен тыңдарман кеңінен пайдаланып жатыр деп айта алмаймыз. Ертегілер жинағын оқитын оқырманның да қарасы аз. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде ұсынылып отырған нақты жобаларды тиімді жүзеге асырудың жолын тауып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі деп білемін. Қазір әлем елдері кітапты оқытудың түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Сондықтан біз де рухани мұраны насихаттаудың жаңа әдістеріне көшкеніміз абзал.
Елбасы мақаласына байланысты пікір білдіруші ғалымдардың көпшілігі фольклорлық туындыларды кеңінен насихаттауда жаңашылдыққа ұмтылу қажеттігін айтуда. Бұл игі істі «Qazaqstan» ұлттық арнасы бастап, әр аймақтан 200-ге жуық өнерпазды шақырып, 400-ден астам жыр-дастандарды, термені жазып алуды бастап кетті. Мемлекет басшысы тапсырған қазақ фольклоры мен әуендеріне жаңа тыныс беру телеарнадан басталғаны қуантады.
Мақалада «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», – деген нақты міндеттер қойылды. Әрине, алдағы уақытта әрбір өңір ғалымдары жергілікті фольклор туындыларын жинақтап, оларды сараптаудан өткізетін болады.
Сыр өңірі – ежелден астаналар ордасы, өркениет бастау алған киелі мекен. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарлама аясында өңірлік әдебиеттанушы ғалымдар да өз үлесін қосуға дайын. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алушылар жыл сайын фольклорлық тәжірибеден өтеді. Тәжірибе барысында әр елді мекеннен аңыз әңгімелер, ертегілер, жыр-дастандарды жинақтап, таспаға түсіреді. Ендігі міндет – сол жинақталған рухани қазынаны жіктеу.
Фольклорлық туындыларды Орталық Еуразия кеңістігіне дәріптеуде шетелдерде жүрген қандастарымыздың қосар үлесі мол. Алдымен қандастармен рухани-әдеби, ғылыми байланыстарды нығайта түсуіміз керек. Бұл орайда дүние жүзіндегі 40-тан астам қазақ диаспорасының алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда ынтымақтастық орнатқан түрлі мемлекетте қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытуға бағытталған 27 орталық жұмыс істейді. Осындай орталықтармен тығыз қарым-қатынаста түрлі жобалар, байқаулар ұйымдастырған жөн. Фольклорлық туындыларды насихаттау арқылы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бастауыш сыныптан бастап, фольклорлық туындыларды жатқа айтуды қолға алуымыз қажет. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыратын «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасына 300-ден астам мектеп оқушысы қатысады екен. Аталған жобаны әрі қарай Қазақстанның 50-ден астам елшіліктері арқылы жалғастырса, маңызы одан сайын арта түспек.
Сыр өңірі – мәдениет пен өнердің ошағы. Сүлейлер негізін қалаған мектептер бүгінгі күнге дейін жыраулар шығармаларын елге танытып келеді. Сыр өңіріндегі ақындық дәстүр, жыраулық мектептерге байланысты кешенді ғылыми зерттеулер жасалуда. Алдағы уақытта осы зерттеулерді жандандырып, жастарды жыр айтуға тәрбиелеудің маңызы зор.
Әсіресе, цифрлық форматта сақтап, мультфильм, деректі фильмдер, сериалдар түсіру қажет.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасы ұсынған нақты жобаларды жүзеге асыруда ұлттық мүддеге қызмет етуді естен шығармағанымыз абзал.
Гүлзира ОРАЛОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
аға оқытушысы, ф.ғ.к.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<