Биыл облыс бойынша 195,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Ал негізгі дақыл – күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Былтырғымен салыстырғанда егіс көлемі 7 мың, күріш 5,3 мың, малазықтық дақылдар 2,3 мың және картоп, көкөніс, бақша көлемін 222 гектарға ұлғайту жоспарланған. Вегетация кезеңінде cу лимиті белгіленгеннен соң бұл көрсеткіш қайта нақтыланбақ. Аймақта күріш егу сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады. Қазір көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде.
Қазалы ауданы биыл 17612 гектарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлаған. Оның ішінде негізгі дақыл – Сыр салысы 7 мың гектарға жуықтайды. Сондай-ақ дәнді дақылдардан бидай, арпа, тары, майлы дақылдардан күнбағыс пен мақсары бар. Ал 2250 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша өнімдері егіледі. Бұның ішінде ең көлемдісі – 8 мың гектар жерге егілетін мал азықтық дақыл, яғни, жоңышқа екені түсінікті. Қосымша сүрлемдік жүгері егу де шаруалардың жоспарында тұр.
Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қажетті тұқыммен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ шаруашылықтар тұқым сорттарын жаңарту үшін 967 тонна күріш пен 5 тонна жоңышқа және 15 тонна жүгері тұқымын алу үшін келісім-шартқа отырыпты.
– Аудан аумағында көктемгі егіс жұмыстары басталды. Қажетті жерді тазалау, жырту, тұқым себу, ылғал жабу, суару сынды тіршіліктер жүріп жатыр. Өткен егін жинау науқанында аудандағы шаруашылықтар өздеріне қажетті тұқымды дайындап қойған. Сондай-ақ шаруашылықтардан жиналған мәлімет бойынша биыл бізге 3766 тонна тыңайтқыш пен 4116 литр гербицид қажет. Қазір 2403 тонна тыңайтқыш, мың литрден астам гербицид жеткізілді. Қалғанын келісім-шарт негізінде жеткізушілер өз уақытында әкелуі тиіс. Сонымен қатар, егін егу, оны күтіп-баптау, жинау жұмыстарында шаруашылықтарда тракторлар мен өзге техника, жүк көліктері дайын. Барлығы да жөндеуден өткен. Қазір дала жұмыстарына 300-ге жуық техника жұмылдырылды. Ал ең қажетті нәрсе ол – жанар-жағармай. Мемлекет тарапынан жеңілдікпен 979 тонна дизель отыны бөлінген болатын. Қазір 346 тоннасы ауданға жеткізілді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов.
Былтыр Қазалыдағы шаруашылықтар өз техникаларын пайдалана отырып, 52 шақырым су жүйесін тазартты. Ал биыл «ҚазСушар» мекемесі аудандағы «Сақыбай», «Құмаша» және «Жайқонақ» каналдарын қайта аршуда. Сонымен қатар, мұндағы шаруашылықтар су жолдарын қамыстан тазалаған.
Айта кетейік, ауданда 4694 гектар ескі жоңышқа толық тырмаланып, суарылған. Межеленген 2717 гектар жаңа жоңышқаның 2500 гектардан астамы егілді. Бұдан бөлек, 281 гектар жаздық бидай және 130 гектар арпа тұқымы себілуде.
Облыста жылдағыдай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті тұрғындардың бақша егуіне жағдай жасалған. Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша 6485 адамға берілетін жер нақтыланыпты. Егін егуге ынталы азаматтардың тізімі жасалып, бақша суаруға қажетті насос қондырғыларын қою, тұқым алу және жерді қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<