Дала төсін дүбірлеткен той

940

0

Босағасы  бақыттың, табалдырығы  табыстың, төрі  тектіліктің тұғырындай болған Шиелі ауданында береке мен молшылық тойы – «Алтын күз-2024»  мерекесі өтті. Бұл – ерте көктемнен сары ала күзге дейін тынбай еңбек етіп, ырзығын Жер-Ана төсінен терген диқан қауымның еңбегі еленген күн. Биылғы «алтын күз» мерекесі «Қызыл Ту», қазіргі Ыбырай Жақаев ауылының 95 жылдығы мен Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдығы және «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Еңбеккерлер тойы ақ күріштің атасы Ы.Жақаев ауылында  «Ыбырай Жақаевтың ізімен…» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасымен басталды. Одан соң Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мәдени-үгіт бригадалары арасындағы облыстық фестивальмен жалғасты. Іс-шараны аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ашып, жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.

Үздіктер құрметке бөленген күн

Орталық стадионда өткен мерекеде  сала үздіктері марапатталды. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері Сауытбек Абдрахманов, Ақайдар Ысымұлы, Алтыншаш Жағанова, Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов  шиеліліктерді молшылық мерекесімен және қатар тойланып жатқан мерейтойлармен құттықтап,  аймақ басшысының құттықтауын табыс етті.

Аудан әкімі  ауыл шаруашылығы саласындағы  жетістіктерге тоқталып, дала еңбеккерлерінің ерен еңбегіне алғысын білдірді.

Үздіктер түрлі номинациялармен марапатталды. Сондай-ақ  еңбек адамдарына автокөлік, пәтер кілттері табысталды.

Басылым мерейтойы

Шиелінің төрінде «Алтын күз» мерекесімен қатар «Өскен өңір» газетінің мерейтойы да аталып өтті.

Аудандық басылымның 85 жылдығына арналған салтанатты шара  мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Тарихтан сыр шертер бейнеролик пен  көрме келушілер назарын аударды.

Конференцияны мәдениет саласының үздігі Исабек Байкенжеев жүргізді. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тарихы тереңде жатқан басылымның өткені мен бүгіні туралы айтып өтті.

– «Алтын күз» мерекесімен тұспа-тұс келген «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойы қалың оқырманның ортақ мерекесі деп  білемін. Ендеше, ортақ мерекеміз құтты болсын! Газет ұжымына мерейлі мерекелеріңіз толымды тірлікке ұласып, шығармашылықтың шыңынан көрініп, оқырмандарыңызды қуантатын жағымды хабарларыңыз көбейе беруіне тілектестігімді білдіремін, – деді аудан әкімі.

Басылым мерейтойына арналған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Сауытбек Абдрахманов, Алтыншаш Жағанова,  журналист, Мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы, Қазақстанның құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлы, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, қоғам қайраткері, прозашы, баспагер Әлібек Асқаров, т.б  меймандар қатысты. Қонақтарға  «Өскен өңір» газетінің 85 жылдығы төсбелгісі табыс етілді.

Газет ардагері, тіл жанашыры, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Ақайдар Ысымұлы байыпты да құнды пікір айтты.

– Шиелі ауданы 1938 жылы қайта құрылып, 1939 жылы ақпан айында өткен алғашқы ұйымдастыру партия конференциясында аудандық газет шығару, оның жауапты редакторын бекіту мәселесі де қаралды, іле-шала ауданның өз газеті жарық көрді. Бұған дейін аудандық деңгейде газет шықпаған еді. Бұл кезде  латын әріп таңбалары қолданылатын. Бірінші саны 1939 жылғы 19 наурызда жарық көрген газет сол заманның рухына сәйкес «Стахановшы» деп аталыпты. Ол әуелгіде 800 дана таралыммен тараған. Газет аптасына екі рет әр сәрсенбі және жексенбі күндері шығып тұрды. 1940 жылдың соңында  осы күнгі кирилл әріп таңбалары қолданысқа енуіне байланысты газет те латын әрпінен кирилл қарпіне ауыстырылды. Жыл аяғында басылымының таралымы екі еседей өсіп, 1530 данаға жетті, – деді ол.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәрсенбек Бекмұратұлы  баяндамасында:

– Шиелі – күрiш өсiруден Куба мен Бирмаға, Вьетнам мен Кореяға белгiлi болған аудан. Осы ауданнан 41 Социалистік Еңбек Ерi, 1 Кеңес одағының батыры шықты. Ақ күрiштiң атасы, есiмi төрткүл дүниеге мәлiм Ыбырай Жақаевтың, аты аңызға айналған әншi-сазгер Нартай Бекежановтың, Сыр маржанын өсiруден және одан өнiм алудан әлемдiк рекорд жасаған Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаеваның,  Жадыра Таспамбетованың, тағы да басқа өнерпаздар мен еңбек өрендерiнiң мекенi.

 Аудандық «Өскен өңiр» газетi – Шиелiнiң тұнып тұрған шежiресi. Газет – өзінің 85 жылдан астам ғұмырында осы өңірде атқарылған игі істер мен ізгі тірліктердің, қызығы көп, қиындығы мол кезеңдердің куәгері.

Мәдениетті елдің бәрінде ақпарат құралдарына үлкен мән берілген. Бұрын газетті «үнқағаз» деп те атаған. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қағидасы өте нақты әрі дәл айтылған ақиқат тұжырым. Жазудың үлгісін «Өскен өңірді» 31 жыл басқарған Зәкім Жайлыбаевтың қарамағындағы қызметкерлерге көрсете білгенін айта кету керек, – деп атап өтті.

«Өскен өңір» газетінің бұрынғы редакторларының бірі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил да құттықтау лебізін білдіріп,  басылымға арнаған өлеңін оқыды.

Конференция соңында «Өскен өңір – 85» деп аталатын танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аламанның бас жүлдесін Лашын алды

Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдық  және «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай  бәйге өтті.

Бәйге десе делебесі қозатын жұрт алдымен  тай жарысты тамашалады. Мұнан соң құнан,  аламан бәйгеге жалғасты.

Жан-жақтан кіл мықты шабандоздар бас қосқан бәйгенің жалпы жүлде қоры – 10 млн теңге.

Аламан  бәйгеде «Лашын» атты сәйгүлік жеңімпаз атанды. Бапкеріне 3 млн теңгенің сертификаты табысталды.

«Алтын күздің»  гала-концерті

Пісімшілік тойына орай ұйымдастырылған шаралар орталық стадионда гала-концертпен түйінделді. Зиялы қауым өкілдеріне Құрмет грамотасы табысталып, бірқатар саланың қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттары және шипажайға жолдама берілді.

Мұнан соң, мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева және Мұхтар Ханзада өнер көрсетіп,  жүргізушілер Ғалымжан Кеңшілік, Әйкерім Есенәлі кештің көрігін қыздырды.

Соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылды.

180 тоннадан астам өнім ұсынылды«Алтын күз» мерекесіне орай  сапаржай аумағында жергілікті тауарөндірушілердің жәрмеңкесі өтті.

Айта кетейік, жәрмеңкеге 57 көлікпен барлығы 185,7 тонна өнімдер әкелініп, сатылды. Әсіресе картоп пен көкөніс, бал мен бақша өнімдеріне сұраныс жоғары болды.

Шырайлы Шиелідегі дала төсін дүбірлеткен  береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың тойы – «Алтын күз» мерекесі осылайша өз мәресіне жетті.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<