Далалық оқу-жаттығу жиыны

1048

0

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қызылорда  қаласындағы әскери-техникалық мектебінде оқушыларға әскери есепке тұру кітапшасын тапсыру және бес күндік оқу-жаттығу жиынының ашылу іс-шарасы өтті.

Негізгі мақсаты – Қарулы күштердің мәртебесін арттыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш  Әбілдаев  қатысты. Жас сарбаздарға сәттілік тілеп, құттықтау сөзін жеткізді.

– Оқу-жаттығу жиынының жастарға берер тағылымы мол. Жыл сайын ұйымдастырылатын  іс-шара  ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ел үшін аянбай қызмет етуге баулиды. Әскери есепке тұру кітапшасын алу  ̶  Отан алдындағы әскери борыштың алғашқы баспалдағы. Бұл – үлкен өмірге жолдама. Келешекте егемен еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығы жолында еңбек ететіндеріңізге сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!  – деді ол.

Бұл жиын жыл сайын сәуір айында «ҚР Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы» Заңына сәйкес, қалалық әскери-техникалық мектеп базасында өтеді. Биылғы далалық оқу-жаттығуға 10 мектеп пен 1 колледж оқушылары қатысты. Олар бұл жиыннан мол сабақ алып, мамандық таңдау маңызды іс екенін ұғынды. Іс-шара соңында қалалық қорғаныс істері басқармасы «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймахановқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік, іргесін берік, бірлігін бекем ету – ер азаматтардың борышы. Жалындаған жас қырандардың қалың легі тұрғанда елді дау, жерді жау алмайды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»