Даму орталығы өңір дамуына қызмет етеді

614

0

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізу, салалық және кешенді даму бағдарламаларының жобаларын әзірлеу, инвестиция тарту, сондай-ақ басым инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жанында «Қызылорда облысының даму орталығын» құру шешімі қабылданды.

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың басшысы лауазымына тағайындалған Талғат Матаевты таныстырды.

– Талғат Мұстафаұлы – жергілікті және орталық атқарушы органдарда лауазымды қызметтерді атқарып, мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Алдағы уақытта облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, салалық және кешенді даму бағдарламаларының жобаларын әзірлеуде, инвестиция тарту, сондай-ақ басым инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында қызмет жасайды деп сенеміз.

Бұл ретте қала, аудан әкімдеріне және барлық басқарма басшылары мен ведомстволық мекемелерге Даму орталығымен атқаратын жобаларды бірлесіп іске асырып, әр жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуын тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ орталық арқылы негізгі салаларды дамытуға басымдық берілетінін жеткізді.

– Даму орталығының көмегімен облыстың атқарушы органдарының жұмысын бірнеше стратегиялық деп айқындалған бағытта күшейту жоспарлануда. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сауда-логистикалық әлеуетті пайдалану, инновацияларды қолдана отырып өнеркәсіпті дамыту, цифрландыруды енгізу, сондай-ақ адами капиталдың сапасын арттыру.

Даму орталығының қатысуымен облыс әкімдігінің жанында құрылған ситуациялық орталық пен жобалық кеңсенің жұмыстары күшейтіледі. Инвестициялар тартуды ұлғайту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің рөлі арттырылмақ. Нәтижесінде, өңірде кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті арттыруға ықпал ететін болады, – деді аймақ басшысы.

Даму орталығының жұмысын бақылау және үйлестіру  облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа жүктелді.

Матаев Талғат Мұстафаұлы 1972 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының, Йель университетінің бизнес мектебінің (АҚШ) түлегі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласының (ГЧП) маманы ретінде Дүниежүзілік банктің халықаралық сертификатына ие.

Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда облысының салық комитетінде салық испекторы болып бастап, 2005 жылға дейін аға салық инспекторы, бөлім басшысы, басқарма басшысы және облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2005-2008 жылдар аралығында облыс әкімінің кеңесшісі және облыста бірнеше басқармалардың басшысы қызметін абыроймен атқарып, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азамат.

2008-2022 жылдар аралығында Еуразиялық экономикалық комиссияда (Мәскеу қ.) жұмыс атқарған, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығында басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Тұрар ХЭЛСКЕЙР» (HEALTHCARE) ұлттық компаниясын басқарған, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрылымдық бөлімшелерін басқарған және «Қызылорда» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК Байқоңыр) басқарма мүшесі болған.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<