Бүгінде облыстың сайлау жүйесі 1 облыстық аумақтық, 1 қалалық аумақтық, 7 аудандық аумақтық және 373 учаскелік сайлау комиссиясынан қалыптасып отыр. Сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны 2812, оның ішінде 7-і – облыстық, 7-і қалалық, 49-ы – аудандық аумақтық комиссия мүшелері, 2749-ы – учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері.
Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының 2005 жылғы қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен бас конференциясында азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына жұртшылықтың назарын аудару мақсатымен жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісі кәсіби мереке ретінде Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленген және бұл шешімді БҰҰ қолдаған.
Биылғы Дүниежүзілік сайлау күні 3 ақпанға сәйкес келіп отыр. Оны өткізудің басты міндеттері – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және демократиялық құндылықтарды насихаттау.
Атаулы күнге орай елімізде көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Біздің өңірде де барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, аумақтық сайлау комиссиялары «Ашық есік күні», сайлау тақырыбында ҮЕҰ өкілдерімен және жастармен кездесулер өткізуде.
Біздің қоғамдық-саяси өмірімізде сайлау жүйесінің рөлі ерекше. Олай дейтінім, біз өркениетті дамыған демократиялық қоғам құру жолын таңдадық. Ал, демократиялық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір жолы, әрі кепілі – сайлау.
Кейінгі үш жылдың өзінде біздің сайлау жүйемізге әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ, 2019 жылдан бастап аумақтық сайлау комиссияларының құрамына тұрақты, кәсіби негізде жұмыс жасайтын мүшелер енгізілді. 2020 жылдан бастап жергілікті мәслихаттардың қалыптасуы партиялық жүйеге көшіріліп, 2021 жылдың қаңтар айында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары алғаш рет партиялық тізім бойынша сайланды.
Өткен жылғы сайлау жүйесінің басты жаңалығы – ол аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің жанама сайлауы, сол аумақ халқының жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлауға көшірілуі. Бұл да – біздің сайлау жүйесінің демократиялық даму жолындағы үлкен маңызды қадам.
Алдағы уақытта да жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы сатылап енгізілмек. Президент Жолдауында 2024 жылдан бастап аудан әкімдерінің сайлауын өткізуді міндеттеді. Осының барлығы біздің сайлау жүйеміздің демократиялық даму жолындағы қоғамдық-саяси маңызы бар оң өзгерістер деп білеміз.
Б.НАКИПОВ,
облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары





