«Дамудың» қолдауымен қанат жайған

59

0

Сыр елінде бизнесті жаңа бағытта жүргізген кәсіпкерлер бар. Әсіресе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» саланың өркендеуіне айтарлықтай оң ықпалын тигізуде. Осы орайда аталған қор ұйымдастырған баспасөз турында үш өндіріс орнының жұмысымен таныстық. Үшеуі де «Дамудың» қолдауымен қанат жайған кәсіпорын.

Айта кету керек, бизнес өкілдеріне жеңілдікпен кредит ұсыну арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды.

– «Даму»  субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері аталған қордың қолдауымен облыстың шағын және орта кәсіпорындарының жалпы сомасы 45,6 млрд теңге 1508 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде субсидиялау бағыты бойынша 852 жоба, кепілдік беру бағыты бойынша 582 жоба, жеңілдікпен несиелеу бойынша 74 жоба қолдау тапты, – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық филиалы директорының орынбасары Руслан Сламхан.

Сәтті әрі тәтті бизнес

Ең алдымен жас кәсіпкер Айнұр Баймаханованың кондитерлік дүкеніне барып, жұмыс барысымен таныстық. Кәсібін 2016 жылдан бастаған ол бұл салада айтарлықтай тәжірибе жинағанын айтты.

– Кәсібімді үйден торт пісіріп сатудан бастадым. Бала күтімімен отырып қосымша ақша табу жолын іздеп, туған-туыстарыма тәтті тоқаштар мен торт пісіріп беретінмін. Кейіннен тапсырыс көбейіп, цех ашу туралы шешім қабылдадым. Бүгінде «Ainur’s cakes» атауымен кондитерлік өнімдерді тұтынушыларға дайын күйінде жеткіземіз. Қала бойынша 2 кондитерлік цех және кофехана жұмыс жасайды. Қарамағымда 40 шақты адам бар, – деді Айнұр Мұратқызы.

Кәсіпкер 2022 жылы өнімдер ассортиментін кеңейтіп, айналымын арттыруды жоспарлап, кондитерлік цехты үлкейтуге шешім қабылдады. Қаржы қажет болғанда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкінен» несие, «Даму» қорының субсидия және кепілдік түріндегі қолдауын алды.

– Кәсібімді кеңейтуге «Даму» қорының көмегі ерекше. Аталған қордың қолдауының арқасында өнімдерді сақтау үшін оңтайлы температураны ұстап тұратын өнеркәсіптік тоңазытқыштар мен мұздатқыштарды, басқа да заманауи жабдықтарды алдым. Бүгінде ассортименттің сан алуандығы мен табиғи құрамының арқасында тұтынушылардың ықыласына бөленіп келеміз. Алдағы уақытта сұранысқа сай басқа да өнім түрлерін шығару жоспарда бар, – деді ол.

Брендке айналған «Dalatex»

«Dalatex»-тің атын естімеген жан жоқ шығар. Себебі, ерлер жейдесін шығарумен белгілі болған компания елімізден бөлек, сырт мемлекеттерге де өнім жібереді.

2016 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде брендке айналып үлгерді. Фабрика негізінен Қазақстан мен Ресейге арнап арнайы киімдер мен жейделер шығарады. Ал қажетті шикізатты Түркия мемелекетінен сатып алады.

–  «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының субсидияланған пайыздық мөлшерлемесімен «ForteBankтен» несие алдық. Бүгінде фабрикада 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Тігіншілердің көпшілігі арнайы білім алған. Өзіміз үйретіп, мамандандырып та жатырмыз. «Dalatex» халықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, үйде отырған жұмыссыз қыз-келіншектердің табыс табуына ықпал етті. Алдағы уақытта тігіншілерді оқытатын оқу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Оны бітірген тігіншілер жұмыспен қамтылатын болады, – деді кәсіпорынның атқарушы директоры Нұргүл Қосаева.

Қазір жеңіл өнеркәсіп өнімдері сұраныста. Көпшілік тұтынатын мұндай өнімдердің басым бөлігі шетелден келетіні жасырын емес әрі көп елдің басты табыс көзі. Сондықтан компания басшылығы «Даму» қорының қолдауымен қызметкер санын, өндірілетін өнім түрлерін әлі де арттырмақ ниетте.

Қуаты артқан кәсіпорын

Көпшілікке «Жан-Арай» ЖШС-ның да атауы жақсы таныс. Тәулігіне 80 тонна құрама жем, 150 тоннаға дейін күріш ақтайтын зауыты бар кәсіпорын бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

– «Жан-Арай» агрокешенінің құрылысы 2012 жылы бастау алды. 2015 жылы тәулігіне 80 тонна құрама жем шығаратын, сағатына 12 тонна күріш өңдейтін зауыттар жұмысын бастады. Барлық қажетті жабдықтар Германиядан жеткізілді. «Жан-Арай» кешенінің құрамына күріш өңдеу зауыты мен құрама жем шығаратын кәсіпорын, көтерме-тарату орталығы, қоймалар және басқа да нысандар кіреді. Сондай-ақ, компания жарма өндіру, майлы және жем-шөп дақылдарын өсіру, жүзім, анар, сүйекті жемістер өсірумен айналысады, – деді кәсіпорын директорының орынбасары Мұрат Айменов.

Кәсіпорында тамшылатып суару арқылы бақша өсіріп, оны бірнеше есе көбейту жоспарланған. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан көпсалалы агроиндустриялық кешені бар. Аумағы кең, оған қонақүй, 1500 тонналық көкөніс қоймасы, 300 орындық мейрамхана және алма бақ кіреді.

Сондай-ақ өткен жылдан бері 200 орындық «Жан-Арай» шипажайы жұмыс істей бастады. Мұнда демалушылардың ем алуы үшін жағдай жасалған. Компания басшылығы «Қазақстан Халық банкінен» несие алған. Ал пайыздық мөлшерлемені «Даму» қоры субсидиялайды. Аталған кәсіпорын алдағы уақытта да «Даму» қорымен бірлесіп, инвестиция және айналым қаражатын толықтыру үшін бірнеше жобаны жүзеге асырмақ.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<