Даналықтың қайнар көзі

254

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, қалалық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, мүшелері, ардагерлер қозғалысының белсенділері қатысты.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары ардагерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар жөнінде айтып берді.

– Ардагерлер – даналықтың қайнар көзі. Ел ағалары зейнет жасында болса да, қоғамдық іс-шараларға белсене аралысып келеді. Қазір облыста 84 мыңнан астам ардагер бар. Оларды әлеуметтік қолдау басты назарда. Жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы қаралады. Биыл Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс ардагерлері 2,5 млн теңге, тыл ардагерлері 184 мың теңге бір реттік әлеуметтік көмек алды. Ал облыс бойынша 2000-нан астам егде жастағы қария әлеуметтік көмекпен қамтылып, олар оңалту орталығына жатқызылып, медициналық қызмет көрсетілді.

 Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қария ыстық тамақпен қамтылды. Бұдан бөлек, 140 ардагерге «Мерке», «Сарыағаш», «Жаңақорған», «Манкент» шипажайларына жолдама берілді. Алдағы уақытта ардагерлерге арналған игі шаралар жалғасын таба береді, – деді А. Зебешов.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Қ.Әжібеков баяндама жасады. Онда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындаудағы ардагерлер ұйымының міндетіне кеңінен тоқталып өтті. Мәжілісте Қармақшы, Сырдария аудандық  және  Жаңақорған ауданы «Жаңарық» бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Ө.Шәменов ұйымның 9 айда атқарған жұмысы жайлы айтып берді.

– Бүгінде облыста 699 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Ұйымға 64629 ардагер мүше, 81924 зейнеткер болса, оның 2-еуі – Ұлы Отан соғысының, 2318-і – тыл ардагері. Облыстық ардагерлер кеңесі жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілікке тәрбиелеу, саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қосуда, –деді ол.

Жиында   ардагерлер өңір дамуы мен ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі үшін «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасы,  Алғыс хаттармен марапатталды.    

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<