Дараланған дарындылар

686

0

Сыр өңірінің дарынды жастары сан алуан сайыстарда аймақ абыройын асқақтатып келеді. Олардың бірі әлемдік деңгейдегі спорт бәсекесінде жүлдегерлер қатарынан көрінсе, тағы бірі халықаралық білім байқауында зеректігімен көзге түсті. Ал, өнертапқыш жерлесіміз «Мәңгілік қозғалтқыш»  жарықтандыру қозғалтқышы арқылы арнайы патентке ие болды. Кеше өткен брифингте Сыр мақтаныштары өз ойларымен бөлісті.

Облыста тұңғыш мәрте «гроссмейстер» атағына ие болған Әсел Серікбай жақында Италияның Сардиния қаласында өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Шахмат спортында ерекше қабілетімен  көзге  түскен  жерлесіміз бұған дейін түрлі жас деңгейінде 3 дүркін Әлем, 7 дүркін Азия чемпионы атанды. Оған қоса жастар мен жасөспірімдер арасында елімізде 17 дүркін жеңіс тұғырынан көрінді. Ол республика бойынша 9-шы, ал облыста тұңғыш рет «гроссмейстер» атағын  иемденді. Енді Әсел қараша айында Азия чемпионатына қатыспақ.

– Мен алғаш рет 6 жасымда шахмат әліппесін аштым. Содан көптеген жарыстарда жүлде алдым. Мен үшін шахматтың орны ерекше. Ең бастысы,  елімнің, туған жерім  Қызылорданың атын барша әлемге таныту – мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта жеке үйірме ашып, шәкірт тәрбиелесем деймін. Бар  білімім мен тәжірибемді үйреткім келеді. Сондай-ақ әлемдік жарыстарда мұнан да биік белестерді бағындыру үшін үздіксіз дайындалатын боламын, – деді Әсел Серікбай.

Шахматта «гроссмейстер» атағы ХІХ ғасырдың бастапқы кезінен беріледі. Оған ірі халықаралық турнирде  жүлделі орын алған спортшылар лайықты деп танылған. Елімізде ол 1935 жылы алғаш рет М. Ботвиникке берілген. Қазіргі таңда елімізден мұндай атаққа қол жеткізген Ринат Жұмабаев, Дәрмен Сәдуақасов, Муртас Қажығалиев, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева сынды спортшылар бар.

Ал қызылордалық Марат Палмахов «Мәңгілік қозғалтқыш» деп аталатын өздігінен жарықтандыру құрылғысын ойлап тапқан. Өнертапқыштың айтуынша, бұл жоба ерекше шығынды қажет етпейді әрі экологиялық тұрғыда тиімді.

– Былтыр мен өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасадым. Бұл құрылғыны қолдану оңай және үлкен шығынды қажет етпейді. Сондықтан жобаны өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға болады. Генератор экологиялық материалдардан жиналғандықтан қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармайды. Сондай-ақ аталған генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға тікелей байланысты емес. Қуат көзі ретінде желді де, суды да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді. Тиімділігі де сол, бұл құрылғыны алыс елді мекендерде, фазендаларда, омарта және фермерлік шаруашылықтарда қолдануға өте ыңғайлы, – деді өнертапқыш Марат Палмахов.

Аталған жобаға еліміздегі беделді жоғары оқу орны – Nazarbaev университеті қызығушылық танытуда. Жақында ол ерекше туындысына патент алды.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Азамат Абимолда Оңтүстік Корея мемлекетінің «Кореин Кум» қорының 500 доллар көлеміндегі бір реттік стипендиясына лайықты деп танылды. Ол бұған дейін ҚР Президентінің шәкіртақысына қол жеткізген еді.

– Мен пандемия кезінде корей тілі мен мәдениетін үйренуге күш салдым. Бұл менің қабілет деңгейімді арттырды. Аталған қор жариялаған ережеге сәйкес оған қатысуға шешім қабылдадым. Нәтижесінде менің білім деңгейімді жоғары бағалаған қазылар алқасы стипендияға лайықты деп тауыпты, – дейді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<