Дария табаны тазартылады

1656

0

Бір кездері арнасын керіп аққан  Сырдария өзенінің өн бойы  ну орман болған деседі. Қалың өскен қамысынан түйелі адамның өзі көрінбейді екен. Жидесі мен жыңғылы,  онан қалды тораңғылы тұтасып өскен тоғайға тұмсық батыруда оңай болмапты.

Алайда, кешегі өткен кеңестік кезеңде табиғат пайдалануда жіберілген қателіктер дарияның күйін кері кетірді дейді кейбір мамандар. Қазір Сырдарияның бойында бұрынғыдай  қарқын жоқ. Соның салдарынан дария табаны тез қайырланатын көрінеді.

«ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесі «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің бас­тығы  Жорабек Нұрымбетов­тің пікірінше  дария сағасы сонау таулардан бастау алғаннан кейін топырақ пен құмның сумен ағып келуі – бұл табиғи процесс. Алайда, су көлемінің азаюы және жолдан түрлі бөгеттердің болуы дария табанында құм жиналуын тездетеді. Сондай-ақ, ол  дарияның табиғи түрде арнасын тазартып тұратынын да алға тартып отыр. Бұрындары  қыс мезгілінде  мұздың қалыңдығы 1 метрге дейін жуықтады, әрі ол уақытта жолдағы су қоймалары болмады. Содан мұз астында қатты ағыс пайда болып, ол құмды алып кетіп тұрды. Ал қазір климаттың жылынуына байланысты оншалықты мұз да қатып жатқан жоқ. Судың көлемі де аз, айналып келгенде, табиғи тазару болып жатқан жоқ.

Осыған орай  Сырдария­ның арнасын кеңейтіп, қа­йыр басқан ұлтанын тазарту жұмыстары іске асырылып тұрды. Дегенмен, бұл жұмыс жүргізілмегелі де 30 жылдай уақыт өтіпті. Содан бері дарияны қайыр басып, ұлтаны әбден құмға толған. Сең жүргенде мұз кептеліп, судың тасуына қауіп төндіреді. Сондықтан, биыл облыс орталығы тұсында Сырдария өзенінің арнасын тазалау жұмыстары басталды. Жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын жоба 3 жылға арналған. Алдағы үш жылда өзеннің қала аумағындағы 9 шақырым аралығы түгел тазартылатын болады. Бұл жұмысты бастаған «Павлодарский речной порт» ЖШС үлкен өзендерді тазалау­да  тәжірибесі мол құрылым. Олар  құм басқан дарияның табанын жерснаряд қондыр­ғысымен тазалап жатыр.

Құны 5 млрд теңге болатын жоба толығымен іске асқанда, өзен арнасының 9 шақырымындай табаны 7 метрге жуық тереңдікте тазаланады. Бірақ,  дәл осы күндері басталған жұмыс тоқтап тұрған жайы бар. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, үзілістің себебі мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын анықтауға байланысты болып отыр. Бұл шаралар біткеннен кейін жұмыс жалғасын тауып, биылғы жылға бөлінген 350 млн теңге қаржы игеріледі. Биылға жоспарланған жұмыс түгелдей орындалатын болады.

Ал Ж.Нұрымбетовтің айтуынша, облыстың су шаруа­шылығында бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер Үкімет тарапынан қолдау тауып  отыр. Оған кейінгі кездері облыс әкімінің ықпалы ерекше зор болуда. Айталық, «Қызыл­орда» су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд, «Әйтек» су торабын күрделі жөндеуге сметалық жоба жасалу үшін 48 млн,  құрылысына 700 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, «Көкарал» бөгетін қалпына келтіруге сметалық жобаға 100,44 млн, Қараөзек көлдер жүйесін қалпына келтіруге жасалған сметалық жобаға 62,4 млн, «Күміскеткен» су қоймасының сметалық жобасына 65,6 млн, Тайпақкөл, Қандыарал көлдер жүйесінің техника-экономикалық негіздемесіне және сметалық жобасына 21,7 млн теңге бөлініп отыр.

Облыстық мәслихаттың кезекті 45-сессиясында облыста су шаруашылығының өзекті тұстары ескеріліп, «Нәнсай-Көксу» суландыру жүйесін, «Шиелі-Телікөл» су тастау қашыртқыларын және «Жаңадария-Қуаңдария» суландыру жүйесін қалпына келтіру мақсатында техника-экономикалық негіздеме жасауға облыстық бюджеттен 34 млн теңге қаржы бөлінді.

– Бұл – біздің облыс үшін жасалып жатқан үлкен қамқорлық. Мұндай ауқымды жұмыстардың нәтижесі өңірдің егін, балық және мал шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ, – дейді Ж.Нұрымбетов.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<